«Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен этно-мәдени бірлестіктер арасында волейболдан «Достық добы» қайырымдылық жарысы өтті.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өткен турнирдің ашылуында Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз сөзінде ол Бірлік күнінің мәніне тоқталып, спорттық доданың жастар тәрбиесі мен этносаралық келісімдегі рөлін жоғары бағалады. Сондай-ақ, Ақмола облыстық «Вайнах» шешен-ингуш қоғамының төрағасы Герихан Яндиев пен «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Қуаныш Шақшақов жарысқа қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді.
– Турнир мақсаты этносаралық бірлік пен өзара достықты насихаттау болып табылады. Бұл турнирімізге жалпы саны 10 команда, соның ішінде этно-мәдени бірлестіктер өкілдері қатысып отыр, – деді ол.
Турнир барысында алаңда нағыз тартысты ойын өрбіп, әрбір команда жеңіске деген жігерімен қатар, қарсыласына деген құрметін де көрсете білді. Сайыс қорытындысы бойынша «Ақмола облысының орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі бірінші орын алып, жеңімпаз атанды. «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігі екінші орынға ие болса, Ақмола облыстық «Вайнах» шешен-ингуш қоғамы үшінші орынды місе тұтты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

