Жүргізуші желігуінің соңы — төрт адамның қазасы

Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша жол қозғалысы ережелерін бұзып, төрт адамның өліміне себеп болған және үш адамның денсаулығына зиян келтірген  Ш.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотта келесі жағдай анықталды. 2025 жылдың тамызында «Астана-Петропавл» автожолында Ш. жолаушыларға қауіпсіздік белдіктерін тақтырмай және міндетті сақтандыру шартынсыз қалааралық тасымалдаумен айналысқан. Сонымен бірге, осы жол учаскесінде көлікті белгіленген 80 шақырымның орнына 100 шақырымнан жоғары жылдамдықпен басқарған және ұялы телефонмен сөйлескен. Соның салдарынан алдындағы автокөлікті басып озу мақсатында қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, апатты жағдай туғызған.

Қарсы келе жатқан автокөлікпен бетпе-бет соқтығысу қаупінің алдын алу үшін тоқтауға мүмкіндігі бола тұра, қажетті шараларды қабылдамай, осы апатты жағдайды жасап тынған. Сөйтіп, орын алған жол-көлік оқиғасы салдарынан екінші автокөліктегі ауыр дене жарақаттарын алған жүргізуші мен оның үш жолаушысы қаза тапты, ал, Ш.-ның өз көлігіндегі үш жолаушы әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алды.

Абайсызда төрт адамның өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасының себебі жүргізуші Ш.-ның жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуы болып табылады.

Сот үкімімен ол 5 жылға бас бостандығынан айырылып, 7 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан шеттетілді. Сонымен қатар, төрт жәбірленушінің пайдасына, әрқайсысына 5-8 миллион теңге моральдық зиян өтемақысы өндірілді, екі адамның пайдасына соттағы өкілдік шығындары мен келтірілген материалдық залал өндіріліп алынды. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар