Биылдың өзінде 5 бала терезеден құлап кеткен көрінеді

Биылғы жылдың басынан бері Ақмола облысында балалардың терезеден құлауының 5 дерегі тіркеліп, оның бірі қайғылы жағдаймен аяқталды.

Күн жылына салысымен өңірдегі жазатайым оқиғалардың жиілеуі қоғамды алаңдатып, ата-аналардың жауапкершілігі туралы мәселені қайта-қайта күн тәртібіне шығаруда.

Кезекті қаралы хабар 13 сәуір күні Степногорск қаласындатіркелді. Алынған мәлімет бойынша, 5 жасар бүлдіршін көпқабатты үйдің алтыншы қабатының терезесінен абайсызда құлап кеткен. Ауыр жарақат алған кішкентай нәресте шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізілгенімен, алған жарақаттарынан көз жұмды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда. Тергеу қорытындысы бойынша түпкілікті процесуалдық шешім қабылданатын болады, алайда, бұл шаралар қайғылы қазаның орнын толтыра алмайтыны анық.

Тәртіп сақшылары мен мамандарбұл жағдайдың жүйелі сипат алып бара жатқанына алаңдаулы. Олардың сөзінше, жыл сайын күн жылына бастағанда терезелерді желдету үшін ашып қою қауіптің бастауына айналуда. Қайғылы оқиғалардың негізгі себептері өзгеріссіз қалып отыр: ересектердің балаларды қараусыз қалдыруы, ашық терезелер және және балалардың оған шықпауына тосқауыл қойылмауы. Көптеген ата-аналар терезедегі масадан қорғайтын тордың бекемдігіне сеніп, баланың оған сүйенуіне мүмкіндік беріп жатады, бірақ тордың бекіткіштері бала түгілі, қатты соққан желге де төтеп бермеуі мүмкін.

Осы орайда, полиция қызметкерлері ата-аналарды қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуге шақырады. Бұл тек ескерту емес, әрбір шаңырақтың басты қағидасына айналуы тиіс. Ең алдымен, баланы тіпті қысқа уақытқа болса да бөлмеде жалғыз қалдырмау қажет. Үйдегі жиһазды терезеден алыс жылжыту, орындықтарды жақын қоймау баланың терезе алдына өздігінен шығуына кедергі болатын басты шараның бірі.

Сондай-ақ, тәртіп сақшылары заманауи терезелерге арнайы блокаторларды, құлыптар мен ашуды шектейтін құрылғыларды орнату бүгінде сән емес, өмірлік қажеттілік екенін айтады. Өйткені, баланың қызығушылығы мен әлі жетілмеген танымдық қабілеті оған қауіп-қатерді сезіндірмейді, сондықтан, олардың ашық терезе маңында ойнауына мүлдем тыйым салу керек. Әрбір ересек адамның осы орайдағы немқұрайлылығы мен «ештеңе бола қоймас» деген сенімі бір сәтте үлкен қайғыға ұласуы мүмкін екенін есте ұстаған жөн.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

сурет orda.kz сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар