АЛАЯҚТАР АРБАУЫ
Ақмола облысында интернет-алаяқтықтың кезекті дерегі тіркелді. Бұл жолғы қылмыстық сұлбаның құрбаны Ақкөл ауданының 48 жастағы тұрғыны болды. Ол қысқа мерзім ішінде жалпы сомасы 6 миллион теңгеге үш бірдей несие рәсімдеп, барлық қаражатты қаскүнемдердің шотына аударып жіберген.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бәрі 2025 жылдың қазан айында басталған. Әйел адам мобильді қосымшалардың бірінде экология мен табиғи ресурстарды пайдалану үшін берілетін «мемлекеттік төлемдер» туралы жарнаманы көріп, қызығушылық танытқан. Сілтеме арқылы өтіп, өзінің телефон нөмірін қалдырғаннан кейін, оған көп ұзамай белгісіз біреу қоңырау шалған. Өзін инвестициялық компанияның қаржылық кеңесшісі ретінде таныстырған бөгде әйел жәбірленушіні оңай олжаға кенелтетініне сендірген. Кейінірек іске «менеджерлер» қосылып, оған тұрақты әрі жоғары кіріс уәде етіп, «инвестициялық қызметке» қатысуға үгіттеген.
Алаяқтардың арбауына түскен тұрғын олардың нұсқауларын мүлтіксіз орындай бастайды. Алғашқы 2 миллион теңге көлеміндегі бөліп төлеуді ол 30 қазанда рәсімдесе, араға бес күн салып тағы бір банктен дәл сондай сомаға несие алған. Ал, 6 қараша күні үшінші банк арқылы тағы 2 миллион теңгеге тауарлық несие шығарған. Осылайша, небәрі бір аптаның ішінде өтініш беруші 6 миллион теңгені белгісіз шоттарға аударып жіберген. Арада біраз уақыт өткен соң, нақтырақ айтқанда, 17 қаңтарда ғана әйел алаяқтардың құрбаны болғанын түсініп, полицияға арызданған. Қазіргі таңда аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.
Осы орайда, тәртіп сақшылары азаматтарды тағы да қырағы болуға және интернеттегі күмәнді ұсыныстарға, әсіресе, «оңай табыс» уәде ететін жарнамаларға сенбеуге шақырады. Күдікті қоңыраулар немесе хабарламалар түскен жағдайда сөйлесуді дереу тоқтатып, құқық қорғау органдарына жүгінуді немесе банк мамандарымен кеңесу қажеттігін ескертеді.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

