Отанды сүю әр адамның жүрегінен басталатын қасиет. Туған жерге деген құрмет, елдің тарихын білу, батырлардың ерлігін үлгі ету, мұның бәрі жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастырады. Бүгінгі таңда тәуелсіз елдің болашағы саналы, білімді әрі отансүйгіш ұрпақтың қолында.
Сондықтан, жастарды елжандылыққа тәрбиелеуқоғам алдындағы аса маңызды міндеттердің бірі.
Ұрпаққа өнеге болатын тарихи тұлғалардың ерлігі, ел басына күн туған сәттердегі бірлік пен батылдық қазіргі жастар үшін үлкен мектеп. Осындай рухани құндылықтар арқылы жас буын өз елінің қадірін түсініп, оның дамуына үлес қосуға ұмтылады. Патриотизмтек сөз емес, ол нақты іспен, жауапкершілікпен, тәртіппен көрінетін қасиет. Қазіргі заман жастары үшін әскер тек міндет қана емес, ол өмірлік тәжірибе жинақтайтын, шынығатын, өз мүмкіндігін танитын орта. Әскери қызмет адамды төзімділікке, тәртіпке, батылдыққа үйретеді. Сонымен қатар, олел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосылатын айырықша үлес. Жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастыру елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің кепілі. Отанын сүйетін, оның болашағына бейжай қарамайтын ұрпақ қана мемлекеттің берік тірегіне айналады. Сондықтан, әр жас азамат өз елінің тарихын құрметтеп, бүгінгі жетістіктерін бағалап, болашағына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Жастардың бойындағы жігерлі намыс пен Отаншылдық рухты тәрбиелеудің маңызы жайлы түйінді пікірі мен ойын білу мақсатында 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне орай, Ақмола облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Ерболат Өтеповты әңгімеге тартқан едік.
– Ерболат Еленұлы, Отан қорғаушы күні мерекесі қарсаңындағы әңгімемізді тарихи сабақтастықтан бастасақ…
– Өте орынды сұрақ. Ең алдымен, кешегі Ұлы Отан соғысында жанын аямай, болашақ ұрпақ үшін қан майданда от кешкен жауынгерлер рухына тағзым етемін. Сол бір зұлмат жылдары бүкіл елмен бірге Ақмола өңірінен де мыңдаған азамат майданға аттанды. Олардың 47-сі Кеңес Одағының Батыры атанды. Бұл теңдессіз ерлік мектебі. Сол ержүрек ерлеріміздің қатарында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған даңқты ұшқыш Талғат Бигелдинов, Рейхстагқа алғаш ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев, академик, ғалым, жазушы Мәлік Ғабдуллин, еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов секілді тарихи тұлғаларды ерекше атап өткен жөн. Осындай тұлғалардың ерлігі бүгінгі Қарулы Күштердің рухани негізіне айналған. Ал, еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан кейін 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстан Қарулы Күштері құрылып, бұл күн Отан қорғаушы күні ретінде бекітілді. Бұл дата ел қауіпсіздігі мен әскери дәстүрдің сабақтастығын айқындайтын ерекше күн.
– Бүгінгі әскеріміздің тыныс-тіршілігі мен осы Отан қорғауға шақыру науқанының барысы туралы кеңірек айтып өтсеңіз…
– Қазіргі таңда әскерге шақыру жұмыстары толықтай жоспарлы әрі ашық жүргізілуде. Облыс бойынша өткен жылы 1747 азамат әскерге шақыруға жатқызылып, 1899 жас алдын ала даярлықтан өтті. Соның ішінде 861-і нақты әскери қызметке іріктелді. Облыстық шақыру комиссиясының 22 отырысы өтіп, онда әрбір азамат бойынша нақты шешім қабылданды. Нәтижесінде 22 әскери команда жасақталып, Қарулы Күштер мен басқа да әскери құрылымдарға Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге жөнелтілді. Ал, биылдың өзінде көктемгі әскерге шақыру науқанында 900-ден астам азамат тиісті бөлімдерге аттанды. Жалпы, күзгі науқанды қоса есептегенде биыл барлығы екі мың азаматты әскерге жіберу жоспарланып отыр. Айта кетерлігі, бүгінде жастардың әскерге өз еркімен келуі жиілеуде. Бұл олардың саналы таңдауы мен патриоттық көзқарасының қалыптасқанын көрсетеді.
– Осы ретте, әскери қызметтің заңнамалық және ұйымдастырушылық негіздері қалай қамтамасыз етілуде?
– Бұл бағытта барлық жұмыс Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңына сәйкес жүргізіледі. Сонымен қатар, Қорғаныс министрінің 2017 жылғы №350 бұйрығына сәйкес әскери-техникалық мамандарды даярлау жүйесі толық реттелген. Әскери оқытылған резервті тегін негізде даярлау тұрақты түрде жүзеге асырылады. Мысалы, Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласындағы әскери-техникалық мектеп филиалында өткен жылы 105 сарбаз оқуға қабылданып, оның 81-і маусым айында оқуын аяқтады. Қараша айында тағы 54 адам даярлықтан өтті. Сонымен қатар, Қарағанды қаласында «В, С1, С» санаттары бойынша жүргізушілер даярланып, олар кейін әскери бөлімдерге жіберіліп отырады.
– Осы арада туындайтын бір сауал, әскери оқу орындарына түсу және жастарға кәсіби бағдар беру қалай жүзеге асырылады?
– Бұл бағытта да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өткен оқу жылында ғана 16909 жас кәсіби бағдарлау шараларымен қамтылды. Соның нәтижесінде 150 азамат әскери жоғары оқу орындарына қабылданды. Атап айтсақ, Алматыдағы құрлық әскерлері әскери институтына – 54, Талдықорғандағы әуе қорғаныс күштері әскери институтына – 27, радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына – 24, ал, Щучинск қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжге 45 азамат оқуға түсті. Бұл болашақ офицерлер және сержанттар корпусын қалыптастырудағы маңызды қадам. Өткен жылы облыс бойынша келісім-шарт негізінде 155 адам әскери қызметке қабылданды. Сонымен қатар, запастағы офицерлерді шақыру жоспары толық орындалып, 20 офицер әскер қатарына қосылды. Әскери қызметтің тағы бір артықшылығы, сарбаздар да алты айдан кейін келісім-шартқа отырып, кәсіби әскери қызметтерін жалғастыра алады.
– Әскердің жастарға беретін әлеуметтік мүмкіндіктері қандай?
– Қазіргі армия үлкен әлеуметтік мүмкіндік алаңы. Мысалы, қызмет барысында үздік нәтиже көрсеткен сарбаздарға жоғары оқу орындарында тегін білім алуға сертификат беріледі. Өткен жылы мұндай мүмкіндікті 20 жас пайдаланды. Сонымен қатар, міндетті әскер қатарынан босатылғаннан кейін бір жыл ішінде ҰБТ тапсырмай-ақ, ақылы бөлімге оқуға түсуге болады. Бұл жастарға үлкен жеңілдік. Әрине, денсаулығына байланысты жарамсыз немесе заңды түрде кейінге қалдыру құқығы бар азаматтар әскерге шақырылмайтынын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Бұл талаптар қатаң сақталады.
– Ақмола облысында Отан қорғаушы күніне басқа да атаулы оқиғаларға арналған мерекелік іс-шаралар туралы айтып өтсеңіз…
– Өткен жылы Отан қорғаушы күні жоғары деңгейде аталып өтті. Облыс әкімі Марат Ахметжанов әскери қызметшілерді құттықтап, марапаттар тапсырды. Әскери шеруге 99265 әскери бөлімі, құқық қорғау органдары, курсанттар мен әскери-патриоттық клуб мүшелері қатысты. Сонымен қатар, Тәуелсіздік алаңында елордадағы бас парадтың тікелей көрсетілімі ұйымдастырылды. Жиында жиырмадан астам азамат марапатталды. Олардың қатарында өрттен екі баланы құтқарған студент Иван Мизин де бар. Сондай-ақ, әскери-патриоттық және қауіпсіздік саласында еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтардың еңбегі еленді. Биылғы жылы да Отан қорғаушы күні мерекесіне дайындық қызу жүргізілуде. Орталық алаңда әскери шеру ұйымдастырылып, аймақтағы барлық әскери нысандарда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.
– Манадан бері ел қорғаны – әскерлеріміз бен әскери орта туралы біраз әңгімеге қанықтық. Енді жастарымыз арасында жүргізілетін және жүргізілуі тиіс әскери-патриоттық тәрбиенің маңызы туралы айтып өтсеңіз…
– Әскери-патриоттық тәрбие ел қауіпсіздігінің іргетасы десек, артық айтқандық емес. Өйткені, Отанды қорғау тек әскери міндет қана емес, ол әр азаматтың саналы таңдауы мен ішкі жауапкершілігінің көрінісі. Сондықтан, жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру біздің басты жұмыс бағыттарымыздың бірі. Бұл ретте, біз тек сөз жүзінде емес, нақты іс-шаралар арқылы нәтижеге қол жеткізіп келеміз. Облыс бойынша әскери-патриоттық клубтар, оқу орындарындағы әскери кафедралар, арнайы жарыстар мен жиындар жүйелі түрде ұйымдастырылады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жастардың әскери қызметке деген қызығушылығы артып отыр. Мәселен, Бурабай ауданындағы «Намыс», Степногорск қаласындағы «Батыр» әскери-патриоттық клубтары түрлі республикалық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Ал, Атбасар қаласындағы «Арлан» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері Шымкент қаласында өткен «Жас Ұлан» республикалық әскери-патриоттық ойындарында жүлделі екінші орынды иеленді. Бұл үлкен жетістік. Аталған жарыстар барысында қатысушылар пневматикалық винтовкадан ату, автоматты бөлшектеу және жинау, жеке қорғаныс құралдарын пайдалану, дене дайындығы бойынша түрлі сынақтардан өтеді. Мұның барлығы жастардың тек физикалық емес, психологиялық тұрғыдан да шыңдалуына ықпал етеді. Сонымен қатар, әскери-патриоттық тәрбие жастарды тәртіпке, жауапкершілікке, ұйымшылдыққа үйретеді. Олар қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдауға, ұжыммен жұмыс істеуге дағдыланады. Бұл қасиеттер тек әскерде ғана емес, бейбіт өмірде де аса қажет. Тағы бір маңызды жай, тарихи жадыны сақтау. Біз жастарға өткеннің өнегесін жеткізу арқылы олардың бойында ұлттық рух пен мақтаныш сезімін қалыптастырамыз. Батырларымыздың ерлігі – бүгінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Жалпы, әскери-патриоттық тәрбие елдің болашағына салынған инвестиция. Себебі, Отанын сүйетін, оны қорғауға дайын азамат қана мемлекеттің берік тірегіне айналады. Отанды қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы. Бүгінгі әскер тәртіп пен ерлік мектебі ғана емес, өмірлік тәжірибе мен болашаққа жол ашатын маңызды кезең. Осы ретте, барша ардагерлерді, әскери қызметшілерді және жастарды Отан қорғаушы күнімен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, айбынды Қарулы Күштеріміз бейбіт өмір, ашық аспанымыздың кепілі бола берсін!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбатты жүргізген Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

