Көгімізде алтын күн, жерімізде ынтымақ пен бірлік

Менің елім!

Көкшетауда биылғы жылы да 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған салтанатты шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілді. Жаңа жағалауда өткен мерекелік шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысып, өңір тұрғындары мен зиялы қауым өкілдерін, қала қонақтарын бірлік мерекесімен құттықтады.

Күн көтеріле, Қопа көлінің жағалауында ән шырқалып, күй тартылып,  қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкелері мен түрлі шеберлік сағаттары, спорттық шаралар ұйымдастырылды. Қатысушылар әр ұлт мәдениетінің сан қырынан сыр шертетін көрмелерді тамашалап, этномәдени бірлестіктердің тыныс-тіршілігімен танысты.

Әртүрлі этнос өкілдерінің  қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесін аралаған аймақ басшысы этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен емен-жарқын әңгімелесті. Әртүрлі этнос өкілдерінің ұлттық киімдері, дәстүрлі бұйымдары мен тағамдары көпшілік назарына ұсынылды.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Марат Ахметжанов жиналған қауымды мерекемен құттықтап, бүгінгі күннің ел тұрақтылығы мен өркендеуіндегі маңызына айрықша тоқталып өтті.

– Еліміздің бірлік идеясы Қазақстанның дамуын айқындайтын негізгі қағидат болып қала береді. Бір-бірімізге деген өзара құрметіміз бен ынтымағымыз және ортақ құндылықтарымыз біздің өміріміздің, жалпы, қоғамның алға ілгерілеуінің берік негізін қалайды. Мемлекетіміздегі жүргізіліп жатқан реформаларды жүзеге асыруға белсенді қатысып, жоғары азаматтық жауапкершілік танытып келе жатқан әрбір азаматқа алғысымды жеткіземін. Бүгінде Қазақстан әділеттілік, заңдылық және адал еңбек қағидаттарын нығайту кезеңіне қадам басты. Бұл мақсаттарға тек әр азаматтың ортақ жауапкершілігі мен адал еңбегі арқылы ғана қол жеткізуге болады. Қазақстан халқының бірлігі ауқымды бастамаларды жүзеге асыруға және заманның сын-қатерлерін еңсеруге мүмкіндік беріп, мемлекет ретіндегі беделімізді әрдайым арттырып келеді, – деді облыс әкімі салтанатты жиында сөйлеген сөзінде.

– Әрқайсымыз үшін 1 мамыр күнтізбедегі жай ғана күн емес. Қазақ даласы мыңдаған поляктарды ең ауыр жылдары құшағына алып, жылуын сыйлады. Бүгінде сол адамдардың ұрпақтары ретінде біз өзімізді мақтанышпен қазақстандықтармыз деп атаймыз. Себебі, түрлі этностардың алуан түрлілігі мемлекетіміздің басты күші болып табылады. Қазақстанда әртүрлі халықтардың тағдырлары тоғысып, достық пен өзара құрметтің ерекше үлгісін қалыптастырып отырғанын көріп отырмыз. Әр шаңырақта береке орнап, бірлігіміз жарқын болашақты құрудың берік негізі болып қала берсін, – деді Ақмола облысы поляктар қоғамының жетекшісі Наталья Нагачевская да өз кезегінде.

Сондай-ақ, салтанатты шара барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан бірқатар азаматтар Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың қатарында ардагерлер кеңесінің мүшесі Болат Закенов, мәдениет саласының өкілі Орынтай Жүсібалина, кәсіпкер Осман Яндиев, көпбалалы ана әрі меценат Шайза Әділбекова,  Ақылбек Чопабеков, Анатолий Казимирский сынды қоғам белсенділері бар.

Марапат иелері қатарында білім, медицина, ауыл шаруашылығы, бизнес және қоғамдық қызмет салаларында еңбек етіп жүрген азаматтар да болды. Олардың ішінде жастар бастамаларын қолдап жүрген еріктілер қозғалысының жетекшілері, этномәдени бірлестіктер өкілдері мен кәсіпкерлер ерекше атап өтілді.

Мерекелік көңіл-күйді одан әрі жандандыра түскен концерттік бағдарламада Астана қаласындағы Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Қазақ оркестрі өнер көрсетті. Өнер ұжымының өнеріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бас дирижер Айтқали Жайымов жетекшілік етті. Сондай-ақ, концерттік бағдарламада өңір өнерпаздары мен жергілікті этно ансамбльдер де сахна төрінен ән мен күйден шашу шашты.

Қазақстан халқының бірлігі күні еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың, өзара құрмет пен сенімнің символы екені даусыз. Көкше төрінде өткен мерекелік шаралардың барлығы дерлік осы құндылықтардың өміршеңдігін тағы бір мәрте айқындап, «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген нақылдың ақиқатын растай түсті.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар