Мемлекеттік тілді білгендер ұтады

Державинск қаласы – берекесі мен бірлігі жарасқан құтты мекен. Осы өңірдің ғана емес, тұтас еліміздің мақтанышына айналған жандардың бірі – кәсіпкер, қоғам белсендісі және мемлекеттік тілдің шын жанашыры Татьяна Гайдукова.

Татьяна 1987 жылы интернационалдық отбасында дүниеге келген. Оның қазақ тіліне деген алғашқы қадамы әкесінің берген тәрбиесінен басталды. Тіл үйренудегі оның ерекше әдісі бүгінгі жастарға үлкен сабақ. Ол үй ішіндегі айна, терезе, еден сияқты әрбір заттың атауын қағазға жазып, жапсырып қойып, біртіндеп жаттап өскен. Мектеп қабырғасында біліммен қатар, өнерді де біргеалып жүріп, домбыра мен фортепиано класын сәтті тәмамдаған.

Қостанай қаласында бакалавриат пен магистратураны үздік аяқтаған Татьяна тек мамандық иесі ғана емес, көптілді маман болып қалыптасты. Бүгінде ол қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді.

Еңбек жолын Гастелло ауылында география пәнінің мұғалімі болып бастайды, тұрмысқа шығып, шаңырақ көтереді. Кейін кәсіпкерлікке бет бұрған ол жолдасымен бірге Державинск қаласындағы танымал «Городок» дүкенін ашады. Биыл ашылғанына 6 жыл толып отырған бұл сауда нүктесі бүгінде қаланың ең берекелі орталықтарының біріне айналған.

–Тіл білу – тек қарым-қатынас құралы емес, бұл – өзге мәдениетке, өзге ұлтқа деген құрмет,  деп біледі Татьяна.

Татьяна Игоревнаның қоғамдық белсенділігі әркімді де сүйсінтеді. Ол  аудандағы мемлекеттік тілдің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Өзі де көркемсөз оқудың шебері. Ыбырай Алтынсарин оқулары мен Абай шығармаларын насихаттаудың тұрақты қатысушысы. Биылғы Наурызнама онкүндігінің «Шаңырақ күніне» де, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған шараларға да белсенді қолдау көрсетті.

Жақында әлеуметтік желідегі «Қазақ тілінде сөйлеу – тренд» медиа-жоспарына ұлымен бірге қатысып, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Екі ұл тәрбиелеп отырған үлгілі ана, табысты кәсіпкер әрі нағыз патриот Татьяна Гайдукова ұлттар арасындағы достықтың жарқын үлгісі. Осындай жанашыр жандар барда мемлекеттік тіліміздің мәртебесі биік, еліміздің іргесі берік болмақ.

Ы.ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар