Өңірлерді дамыту
Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов Степногорск қаласына жұмыс сапары барысында басты әлеуметтік және өндірістік жобалармен танысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жұмыс сапары «Алтыналмас» АҚ алтын өндіру компаниясымен қол қойылған меморандумға сәйкес салынатын көпфункционалды дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысында болудан басталды. Кешенде 320 орындық трибунасы бар жаттығу және әмбебап ойын залдары, бассейн, сондай-ақ, бокс, күрес, гимнастика және үстел теннисі залдары қарастырылған. Нысанды жұмыс қарқынын сақтап, 2026 жылы уақытында пайдалануға беру жөнінде тапсырма берілді.
Бестөбе кентінде Елдос Рамазанов дене шынықтыру-сауықтыру және ашық спорт кешендерінің құрылыс алаңдарымен танысты. Мердігер ұйымдарға келісім-шарт пен тұрғындарға берілген әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемінде және мерзімінде орындау тапсырылды.
Сондай-ақ, облыс әкімінің бірінші орынбасары үш 45-пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысты. Қазіргі уақытта барлық үйлерде негізгі жұмыстар аяқталған. Пайдалануға беру келесі айларға жоспарланып отыр. Содан кейін үйлер кезек күтушілерге несие жолымен бөлу үшін «Отбасы банк» АҚ-ына беріледі.
Келесі жол түскен объектілердің бірі индустриалды аймақ болды. Аймақтың жалпы аумағы 125 гектар және 11 өндірістік учаскені орналастыру қарастырылған.
– Конкурс нәтижесі бойынша бас мердігер болып «АрхНана-Проект» ЖШС анықталды. Қазіргі таңда топографо-геодезиялық зерттеулер жүргізілуде, – деді бұл жөнінде сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Қайрат Жұмабаев.
Аудан басшыларына индустриалдық аймақты мамыр айының соңына дейін уақытша электр және су желілерімен қамтамасыз ету тапсырылды.
Елдос Рамазанов өңірдің ірі энергетикалық кәсіпорындарының бірі – Степногорск жылу электр станциясын (ТЭЦ) аралады. Кәсіпорында келесі жылу беру маусымына дайындық жұмыстары басталды. Мұнда да ТЭЦ басшылығына келесі жылу беру маусымы басталмай тұрып нысанды «қызыл аймақтан» шығару тапсырылды.
Елдос Рамазанов инфрақұрылымдық жобаларды уақытында іске асырудың және энергетикалық нысандарды келесі жылу беру маусымына сапалы дайындаудың маңыздылығын атап өтіп, мерзімдерді қатаң сақтау және өңірдегі өмірлік маңызы бар жүйелердің сенімділігін қамтамасыз ету, желілердің тозуын азайту қажеттігін айтты.
Жұмыс сапары азаматтарды жеке қабылдаумен аяқталды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Степногорск қаласы.
![]()

