Жылу беру
Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазановтың төрағалығымен Степногорск қаласында өткен көшпелі кеңес отырысында өңірдің қысқы жылыту маусымына дайындық мәселелері талқыланды. Кеңес жұмысына қатысушылар өнеркәсіптік қаладағы жылумен жабдықтау нысандарының жай-күйімен танысты.
Оның барысында жылу желілерін жөндеу, қазандық жабдықтарын жаңарту және электр қуатымен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Қалада жылу желілерін жаңарту жұмыстары әлі жалғасуда. Жоспарланған 8,5 шақырым желінің 7,4 шақырымы немесе 87 пайызы жөнделді. Бұл жұмысты қыркүйек айының ортасына дейін аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар, магистральдық жылу желісінде де көзделген жұмыс көлемінің жартысы атқарылды.
Бұл ретте, Степногорск жылу-электр станциясына қатысты жұмыстар ерекше назарда. Мұнда бүгінге дейін бір қазандық пен бір турбина жөнделіп, оған қоса, екі түтін мұржасы қалпына келтірілді. Сондай-ақ, ұзындығы 7,5 шақырым болатын жылу трассасы толық тартылды.
Енді Ақкөл қаласындағы жағдайға келсек, Абай және Орталық көшелерінде блоктық-модульдік қазандықтардың құрылысы жүргізілуде. Бірінші нысанның дайындық деңгейі 90 пайыз, ал, екіншісінде көзделген жұмыстар жартылай атқарылған.
Жалпы, облыста биыл 38,2 шақырым жылу желілерін жаңарту жоспарланған. Оның 27,6 шақырымы жөнделіп, жоспар 70 пайызға орындалды. Сонымен қатар, қазандықтарды ауыстыру жұмыстары да ерте бастан қолға алынып, бүгінгі күнге дейін көзделген 26 қазандықтың 20-сы орнатылды.
Щучинск қаласында да бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мұнда бірнеше қазандықтың жылу желілері жаңартылып, жоспардағы 6 шақырым жылу трассасының 5 шақырымы жөнделді.
Облыс орталығы Көкшетау қаласында да Саин және Потанин көшелеріндегі жылу желілерін жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар, бүкіл қаланы жылумен қамтамасыз етіп тұрған РК-2 аудандық қазандығында электр сүзгісін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.
Айта берсе, Атбасар қаласы мен Сандықтау ауданының орталығы Балкашино селосында да қысқы жылу беру маусымына дайындық өзінің шешуші кезеңіне ойысқан. Бұл ретте, атбасарлықтар орталық қазандықтың ертеңгі аяздарда сенімді жұмыс істелуіне көбірек мән берсе, Сандықтауда блокты-модульдік қазандық құрылысын тезірек аяқтап алуға күш салынуда.
Бұланды ауданы да бұл орайда, қарап отырған жоқ. Мұнда блокты-модульдік қазандықтың 8 қазанының ауыстырылуы соның дәлелі. Мұндай жаңа жабдықтар Жақсы, Жарқайың, Егіндікөл, Есіл және Шортанды аудандарында да орнатылуда. Қосшы қаласында қолда бар қазандық жабдықтарының қуатын арттыру көзделсе, Шаңтөбе кентінде де жылу желілеріне жөндеу жүргізілуде.
Ендігі бір үлкен мәселе – әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй қорының қысқа әзірлігі. Бүгінде денсаулық сақтау саласындағы 517 нысанның барлығы жылу беру маусымына дайын. 406 білім беру нысанының 376-сы туралы да осыны айтуға болады. Сол сияқты, облыс бойынша көп пәтерлі тұрғын үйлердің 87 пайызының жылу жүйелері жуылып, шайылып, қалған бөлігі де дайындыққа келтірілуде.
Коммуналдық қазандықтарға арналған отын қорын жасау да назардан тыс қалмай, аудандар мен қалаларда көмір жеткізу бойынша келісім-шарттар жасалып, ол көмірді орын-орнына жинақтау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қыста көмірмен бірге қазандықтарға мазут керек болғандықтан, ол мәселе де шешілуде.
Көшпелі кеңес отырысында электр желілерін дайындау да назардан тыс қалған жоқ. Электр қуатын таратушы ұйымдар желілер мен қосалқы станцияларды жөндеу жұмыстарын одан әрі жалғастырып, олардың тозу деңгейін төмендетуге бағытталған шараларды күн тәртібінен түсірмеуі тиіс.
Алдағы апталарда негізгі басымдық тұтастай жөндеу жұмыстарын аяқтауға, жылу жүйелерін шаю және қысыммен сынау жұмыстарын жүргізіп, отынның нормативтік қорын жинақтауға және дайындық паспорттарын алуға берілуі керек. Өйткені, қыс – қыр астында. Көшпелі кеңесте айтылғанындай, дайындығың дұрыс болса, қатты аяздар мен боран-бұрқасыннан абыржып, тайсақтаудың реті жоқ.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

