Конституция және жаңа саяси жағдай

Референдумда қабылданған жаңа Конституция еліміздегі саяси жағдайды өзгертетіні сөзсіз. Әрбір реформа өзгерістер үшін өткізілетіні анық қой. Меніңше бұл реформаға да, оның мақсаттарына да көзқарастар әртүрлі бола береді. Бірақ,  оның мән-маңызы мен нәтижелері бәрімізге ортақ.

Себебі, ол жаңа саяси жағдайды қалыптастырады және біз осы саяси ахуалда өмір сүретініміз анық. Бұл өмірде болатын осындай өзгерістер мен құбылыстардың, әрине, қолайлы не қолайсыз нәтижелері болады. Бұл заңдылық деп ойлаймын. Жаңа Конституцияға сараптама жасауды қолға алған адамдар көбінесе енгізілген өзгерістер орталық билікті күшейтуге, тіпті авторитарлық жүйені орнатуға бағытталған деген пікірлерді келтіріп жатады.

Бұндай көзқарастың негізі бар деп санасақ, авторитарлық билікті қолданып отырған елдер аз емес. Олардың арасында «Азия жолбарыстары» атанған Оңтүстік Корея мен Сингапур елдері де бар. Олар өз жетістіктеріне авторитарлық жүйені қолдана отырып жеткен. Оны жақсы нәтиже берсе, неге қолданбасқа?

Сонымен қатар, шоғырландырланған, күшейген билік жүйесі өз күшін асыра сілтеп, халықтың құқығын бұзуы да мүмкін. Бұл авторитарлық жүйенің кемшіліктері. Сонда қалай? Авторитарлық жүйені қолдануға бола ма, әлде болмай ма?  Еліміздің сыртқы жағдайын алсақ, қазіргі кезде алдыңғы қатарлы мықты мемлекеттер өздерінің мақсаттарын халықаралық құқықтардан жоғары қойып жатқан жоқ па, ішкі жағдайда тұрақтылығымызға қауіп жоқ деп айта аламыз ба? Бұрын болған билік өкілдерінің ойында не бар екенін білеміз деуге бола ма? Осындай жағдайда орталық билік мықты болғаны артық емес шығар. Ал, мықты орталық биліктің кемшіліктеріне қарсы не қоюға болады?

Адамзат тәжірибесінде бұл сұраққа жауап бар. Тым күшейген билікті тек азаматтық қоғам тізгіндей алған. Бізде азаматтық қоғам бар ма? Әрине, бар, бірақ, оны мықты, дамыған деп айта алмаймыз. Осы орайда, сіздердің назарларыңызды Конституциялық реформаның тағы бір саласына аударғым келеді. Ол Құрылтай депутаттарын партиялық тізіммен сайлау тәртібі. Меніңше, бұл шешім партиялық құрылысты дамытуға тиіс. Әрине мықты партия құру тез арада шешіле қоятын шаруа емес. Бірақ, қалай болғанда да сайлау партиялар арасындағы бәсекелестікті күшейтеді, бара-бара партиялар билік үшін күресте шыңдалады. Депутаттық мандат үшін бәсекелестікте олар өз іс-әрекеттерін халықтың мұң-мұқтажына бұрып, халық пен билік арасындағы байланыс құралына айналады.

Әрине, өмірді өзгерту, жақсарту тек партиялардың күресімен байланысты емес шығар, бірақ, партиялық құрылыс саяси өмірдің дамуының маңызды жолы. Ол үшін еңбектену керек, қимылдап әрекеттену қажет. Партия мүшелерінің қатарына өтіп, партиялардың жұмыс белсенділігінің арта түсуіне ықпал еткен жөн. Қазіргі саяси ахуалдың мақсаты да, бір мүмкіншілігі де осы деп түсінемін.

Ғалым  САРБАСОВ,
 «Ауыл» партиясының мүшесі, зейнеткер.

сурет inbusiness.kz сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар