Аты дардай, қадірі қандай?!.

Ой салар

Көптен бері ойландырып жүрген бір жайды орталарыңызға салып, жазып отырмын. Ол қазіргі кездері көпшілікке, оның ішінде көбінесе үлкен кісілерге, тіпті, жастарға да туған күндерде, тойларда, құдалықтарда, отау құрып жатқанда бата бергенде иығына шапан жауып жататын салт.

Ол да бір дұрыс дәстүр шығар, дегенмен де сол шапанды қадірлеп, осы уақытқа дейін киіп жүрген бірде-бір адамды көрген емеспін. Егер үстіне қонымды, сапасы тәуір болса, бір сәрі. Әр нәрсенің өзінің уақытына, заманына қарай қадірі болады емес пе?! Ертеректе біздің ата-бабаларымыз қысы-жазы ат үстінде көп жүретін болғандықтан, суық күндері тоңбас үшін түлкінің, қасқырдың терісінен астарланған ішік, тон, басына тымақ, аяғына ішкі жағынан тізесіне дейін жауып тұратын киізден тігілген астары бар былғары ұйық етік, саптама етік киетін. Осы киімдерді менің әкем де киген еді. Адамның жас кезінде көргендері өмір бойы ұмытылмайды екен. Сондықтан, ол да уақытына қарай лайықты болған шығар.

Ал, қазір ше? Мен де біраз тойларда, туған күндерде болып, бата беріп дегендей, біраз шапан «жинадым». Иығымызға құрметтеп жауып жатқан соң, ішіміз қабылдап жатамыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын осы шапандар жайлы бірнеше облыстық газеттерде мақалам шығып жүрді. Онда осы ұзын шапандардың орнын қазіргі кездері кейбір әншілер қазақы нақышта тіктіретін қысқа костюмшелермен ауыстырса, көпшілігіміз көшеде де, бір жерге барғанда да киіп жүрер едік деген ой айтқан едім. Менің жазған мақаламды оқыған кейбір таныстарымнан «дұрыс жазыпсыз» дегендер де болды.

Осы жазғандарымның әсері ме, әлде мен сияқтылардың қолдауы болды ма, әйтеуір, кейбір сауда орындарында қазақы нақышта тігілген жеңі бар, жеңі жоқ бешпенттер сатылып жүр. Солардың біреуін мен де сатып алып, бір жерге қонаққа барғанда киіп жүрмін. Дегенмен де той-томалақта жиі көріп жатамыз,  әлі  сол  ұзын шапандарды иыққа жабу саябырлауын саябырласа да, тоқтайтын емес. Бір-екі жыл бұрын бір үлкен ауылда шамасы, бұрын бір лауазымды қызметте болса керек, сол кісінің марқұм болған жаназасында болып, сонда көргенімді айтайын. Сол кісінің туысқандарының біреуі марқұмның жиналып қалған біраз шапандарын алып шығып, сол жердегі үлкен кісілерге «әр рудан кімдер бар?» деп дауыстап, таратып жатты. Бірақ көбісінің алғылары келмей, қасындағыларға «сен ал да, сен алға» салды. Кейде көріп жүрміз, осындай марқұм болғандардың шапандарын тарату әлі де тоқтайтын түрі жоқ сияқты.

Менің бір таңғалатыным, біздерде небір академик, профессор, тарихшылар, депутат лауазымында қызметте жүргендер жетерлік. Неге солардың біреуі осы қадірі кетіп бара жатқан ұзын шапандарды сыйлауды не таратуды тоқтатып, қазіргі заманның ағымына сай басқа бір сыйлықтармен, мәселен, сол қысқаларымен ауыстырайық демейді. Осы шапанның бағасына сай қысқа костюмшелерді өзінің істеген қызметіне сай сағаттар, қабырға сағат, үстелге қоятын сағат, ноутбук, қалта телефоны, ұлттық дәстүрге сай домбыра, қобыз, қамшы немесе конфет, гүлімен қоса, ақшалай берсе болмай  ма?!

Салт-дәстүр деген бір орнында тұрып қалмай, заманның ағымына қарай өзгеріп отыруы керек емес пе? Ал, енді сіздер, оқырман қауым, бұған не дейсіздер?

Роман САХИҰЛЫ,
зейнеткер.

сурет: encrypted-tbn0.gstatic.com

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар