Қорғалжын қорығындағы музей жаңартуды қажет етіп тұр

Бізден де бір пікір

Қанша ұзақ өмір сүріп жатсам да, іргемізде тұрған жатты Қорғалжын Қорығын көрудің сәті түспепті. Жазушы, Қонаевтанушы Ораз Қауғабай мырза бірде маған Қорықта елімізді ұзақ жыл басқарған Д.А.Қонаевқа арналған саяжай бар деп естимін, соны көрсем деген ойым бар деп еді.

Осы екі ой қабысып, қорық пен саяжайды көруге бармақшы болып шештік. Cәті түсіп тамыз айының басындағы бір күні Орекең, мен, немерем Әлихан және көлік иесі Ержан баламыз төртеуміз жолға шықтық. Аудан орталығы Корғалжын елді мекені 130 шақырымдай, жол екі жолақты жаман емес.

Ауылда Корыққа арналған музей бар екен (суретте), соны аралап көрдік. Музей қызметкері бірінші қабаттағы қоқиқаз туралы біраз мәліметтер берді. Екінші қабатында сол өңірдегі көлдер, тағы басқалары туралы айтып, картадан көрсетіп жатты.

Содан қорыққа жолға шығатын болдық. Экскурсия құны 26 мың теңгедей, бізді таныстыруға Қорық қызметкері Степанды ертіп берді. Жолының біраз жері грейдер екен, онша жайлы емес, тегістеуді қажет eтіп тұр. Қазақтың Сарыарқасы кең жазық дала, қаладан барғандарға жақсы көңіл күй сыйлайды, жолда әр жерде орналасқан ауылдар, көлдер, бейіттерді жол көрсетушіміз таныстырып отырды. Жолда бір қорымда «Арғын, Тінәлі, Құттымбет Қарабасұлы Түгелбай би ХVIII ғасыр» деп биыл ескерткіш орнатыпты. Ол да тарихтың бір парағы.

Ең үлкен Есей көлінен аққулар мен қазандарды көріп тамашаладық. Фламинго біз аралаған жерлерде болмады. Степанның айтуынша бұл кұстарды көрудің әр уақытта бірдей реті келе бермейтін көрінеді. Бірде Мәскеудің орталығынан бір әйел өз машинасымен келіп, сол құстарды көріп, риза болып қайтыпты. Ал, таяуда Батыс Еуропаның бір елінен келгендер көре алмай кетіпті. Біз де көре алмасақ та, сайын даланы, жарқыраған көлдерді көріп, бір марқайып қайттық.

Бірақ, маған ой келді «Республикалық дәрежедегі қорық неге жудеу?» деген. Музей шамасы, кеңес дәуірінде салынып жабдықталған. Бәрі ескірген. Көрмеге қойылған жәдігерлердің бояуы кете бастаған, көз тартпайды. Жолдың жағдайын айттым. Бинокольдер де өте қажет саяхатшыға. Өкінішке орай, олар да дұрыс көрсетпейді. Қысқасын айтқанда, қорыққа қатыстылардың бәрі жаңартуды қажет етіп тұр.

Таяуда «Астана ақшамы» газетінен Айзат Серікбектің «Көшпелі өмір салты неге туризм нысанына айналмай тұр?» атты мақаласын оқып, неге Қорғалжын қорығының өңірінде көшпелі туризм саласын ашпасқа деген ойда қалдым. Меніңше, жер аумағы мен бедері келіп тұр.

Көшпелі туризм – бұл қазақ халқының дәстүрлі көшпелі өмір салтын, мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін бетпе-бет табиғи болмысында сезінуге мүмкіндік беретін этномәдени бағыттағы туризм түрі. Осы айтылған ұсыныстарға Экология және табиғи ресурстар министрлігі, әкімдіктер көңіл аударып, Қорықтан құстарды көріп қана қайтпай, халқымыздың көшпелі өмip салтын көріп, тaмашалап қайтар еді. Қанша айтқанмен, бізде туризмге көңіл бөлу өз дәрежесінде болмай тұрған сияқты. Туризм саласы дамыған елдердің экономикасына қаншама үлесін тигізіп жатыр. Оқығанда, не көргенде таң қалмай қоймайсың. Бізде әзір оның ауылы алыстау жатқанымен, келешекте солай болар деген үміттемін.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

сурет www.zakon.kz сайтынан

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар