Айтайын дегенім
Өткен ғасырларға көз жүгіртсек, ата-бабаларымыздың шаңырақтары берік болып, жарық дүниеге денсаулығы мықты ұрпақ әкелген. Ата-аналары балаларын құда түсіп үйлендіріп отырған. Себебі, өздері мың жылдық болашақ құдаларын жан-жақты білген. Ажырасу деген сөз естіле бермеген.
Себебі, отымызды өшірмейтін осы ұрпағымыз деп бала тәрбиесіне зор мән берген. Ал, қазір, жастар кездейсоқ танысып, бетінің жылтырағанын көріп, мәз болып күйдім-жандым деп, үйлене салады. Бір-біріне лайық па, жоқ па, оған бас қатыра қоймайды.
Дәрігерлердің айтуларына көңіл бөлсек, қосылар алдында екеуі де денсаулықтарын тексеруден өткендері шарт екен. Ертең үйленгеннен кейін бір-бірін кінәлап жатпас үшін. Үйлену деген оңай-ақ, ал,әрі қарай отбасы болып ұрпағын өрбітіп, ата-аналарын қуанту өте қиын. Ұл да, қыз да бір-бір үйдің еркесі, емін-еркін жүріп-тұрған. Бірін-бірі түсінісіп, алға қарай ұмтылу бола бермейтіндігі де баршылық. Әке-шешелерін шығынға батырып, ажыраса салады. Ақшаның оңайлықпен келмейтіндігін білсе ғой. Отбасы болған соң бұрынғы жүріс-тұрыс бола бермейді. Тіл табысып, бірге үй тірлігіне көңіл бөлу міндеті тұрады.
Бір ғана мысалды айта кетсем, «Қосылайық» бағдарламасындағы Аружан қазақ қызы, Арген қырғыз жігіті. Екеуі қосылды, бүкіл ел көрді. Аружан кетерінде анасына «сізді ұятқа қалдырмаймын» деген еді. Сол сөз үй болғалы жатқан әрбір ұл-қыздың көкейінде тұруы керек. Жапония елінде әр азамат өздерін үйленуге дайындайды екен. Тұратын үйі, көлігі, бәрін дайындап болғанда,жасы 40 жасқа да жетіп қалатын көрінеді. Бізде бәрі керісінше, әке-шешесі міндетті балаларының тойын жасап беруге.
Мен бір отбасын білемін, 4 ағайынды, төртеуі де өзінің тапқан табысына отыздың ортасына келіп үйленгенді. Балалары да сол әкелерін қайталауда. Солардың бірі осы Көкшетауда тұрады. Төрт ағайындылар кештеу отау құрса дағы, бір-ақ рет үйленгені. Кеңестер Одағы кезінде Қазақстан елі ажырасу жағынан үшінші орында болатын. Қазір жаңалықтардан естіп қалып жатсақ, бұл жағдай тіпті ушығып, әрбір үшінші жұп ажырасып кетеді екен. Қазір байқаймыз, қазақтың қыздары бұл жағынан ұятқа қарамайды, қит етсе ажыраса салады. Кейде неке сәтті болып жатады, кейде сәтсіз. Себеп екі жақтан да. Басты себеп, үй болуға жеңіл, жауапсыз қарау.
Үй болып кетудің бір-ақ жолы ол басқа өмір тіршілігіне өзіңді дұрыс қалыптастыру. Мінезсіз адам болмайды, ол кеудесінде жаны барлардың бәрінде де бар. Әр адам мінезін көрсете берсе, жер бетінде жөні түзу тіршілік болмайды ғой. Сол сияқты, ұлға да, қызға да мұндайда ақыл, сабыр керек.
Дұрыс тәрбиенің болмағандығынан бертін қоғамның тағы бір кесапаты – кәрілер үйі де пайда болды емес пе? Мұның да бір ұшы, бір ұшы емес-ау, бар кілтипаны кей жағдайда келін-баланың ата-анадан безуінде жатыр. Көбі ойлайды үйленген соң бәрі жақсы болып кетеді деп. Сол отбасын жақсы болдыру, болдырмау әркімнің өзіне байланысты. Көрші Өзбекстанда ажырасқанда балаларды әкесіне қалдырады екен. Франция елінде де баланы әкесіне қалдырады. Бізде бала анасымен болуы керек деп, анасына қалдырады ғой. Бір ескермейтіндігі, ол ана шын мәнісінде балаға ана бола ала ма, кінә шынтуайтында кім жағында, оған жете көңіл бөлмейді.
Бір қалыптасып бара жатқан жағдай, ажырасқан әйел затының балаларды әкесіне қарсы қойып тәрбиелеуі болып жатыр. Әрине, бұлай дегенде мен бір кезде өзі өліп-өшіп, отбасын құрған қалыңдығын енді керексіз қылған кей жігіттерді де ақтамаймын. Ең бастысы, ажырасқан күннің өзінде де екеуі бұлай балаларын бір-біріне қарсы қоймай, ортақ мәмілемен тіл табысуы керек. Онсыз да мұндайда, кішкентайынан жаны жаралы жеткіншектер өш алу нысанасына айналмауы керек.
Қазіргі кезде жастарымыздың, соның ішінде үйленген ұл-қыздардың да басқа елдің мәдениетіне еліте қарап, арақ-шарапқа, шылым шегуге, шет елдердің мағынасыз киноларын көруге, анда-мында саяхатқа үйірсек болып бара жатқаны жасырын емес. Алдағы отбасылық өмірге батыл қадам жасататын тәрбиелік мәні зор бағдарламалар мектеп партасынан бастап-ақ қарастырыла түссе. Мүмкін сонда ғана біз айтып жатқан мәселелерде көп қателіктер болмас па еді.
Құдайға шүкір, бұл жағынан үлгі алатын отбасылар елімізде баршылық. Елу, алпыс, жетпіс жыл отасып, бір-біріне сүйеу болып, бақытты ғұмыр кешкен отбасылардың тойы да, жастарға айтар ойы да керемет. Міне, осындай өнегелі жандардан жаңа қосылған әрбір жас үлгі алса екен. Өмір жолында артық-ауыс мінезін ақылға жеңдірсе екен деп тілеймін.
Бақытқали БІЛӘЛҰЛЫ,
зейнеткер ұстаз.
сурет egemen.kz сайтынан.
![]()

