Жастар жылы, сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында Біржан сал ауданы Макин орта мектебінде аудан тарихында алғаш рет қазақ күресінен «Мектеп Барысы» мектепішілік турнирі өтті.
Мектеп директорының міндетін атқарушы Толыбай Рахымжанов аталмыш турнирді өткізу туралы ұсыныс жасаған болатын. Бұл шара аудан көлемінде бірінші рет өткізілгелі жатқандықтан, оған педагогикалық ұжым да үлкен жауапкершілікпен қарады. Аудандық әкімдіктен, аудандық мәслихаттан меймандар қатысты. Ұлттық нақыштағы костюмдер киген ұл-қыздар қонақтарды қарсы алып, концерттік бағдарламаларын қойды, мектептегі «Жауынгерлік және еңбек даңқы» мұражайына экскурсия жасалды. Ауыл мешіті имамының көмекшісі Е.Төребеков құттықтау сөзімен бірге турнир қатысушыларына ақ батасын берді.
Ұлттық спорт түрлерін насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өткен турнирге Сәуле орта мектебінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Сәкен Мұхтарұлы, Невский орта мектебінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Нәби Берікұлы, Бұланды орта мектебінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Ершат Есенұлы төрелік етіп, қатысушылардың қазақ күресінің ережелерін ұстануын, техника түрлерін қаншалықты дұрыс қолданғандығын бағалады.
Айта кетейік, мектебімізде «Қазақ күресі» үйірмесіне үш жылдан бері денешынықтыру пәнінің мұғалімі, жас маман Қуаныш Асылмұрат жетекшілік етеді. Онда 26 оқушы тұрақты жаттығады. Барлығы да қазақ күресінің ережелерімен, техника түрлерімен толықтай таныс.
Жарыстың шарты бойынша, аталмыш турнирге 38, 51 және 64 келі салмақтағы ұлдар қатысты. Мектеп спортзалына жиналған жанкүйерлер әрбір қатысушыға демеу беріп, қол шапалақтап қолдап отырды. Күрес барысында оқушылардың шалып лақтыру, қағып лақтыру, арқадан асырып лақтыру секілді техника түрлерін қолданғандығын тамашаладық. Жарыс нәтижесінде 38 келі салмақта 5-сынып оқушысы Расул Ұланов «Мектеп барысы» атанды. Екінші және үшінші орындарды Рамазан Кенжебек пен Ерасыл Ержанұлы еншіледі.
51 келі салмақта 9-сынып оқушысы Олег Лазарев «Мектеп барысы» атағын жеңіп алса, Жетен Қадырбай, Вячеслав Батов, Стас Глинов қалған жүлделі орындарды қанжығаларына байлады.
64 келі салмақта «Мектеп барысы» атағына 10-сынып оқушысы Абылай Қасымов лайық деп танылды. Жүлделі 1-орынға ие болған оқушыларға мектеп мұғалімдерінің қолынан ойылып жасалған «Мектеп барысы» белдігі тағылды. Ауыл әкімінің міндетін атқарушы Д.А.Езов, депутат Е.М.Қазыбаев, басқа да қонақтар турнирдің өткізілу деңгейі туралы пікірлерімен бөлісіп, жақсы тілектерін білдірді. Мектеп директорының міндетін атқарушы Т.С. Рахымжанов ұлттық ойындарымыздың дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға, қазақ күресінің жанашырларына, келген қонақтарға алғыс білдіріп, болашақта мектебімізде қазақ күресін жандандыру, ұлттық ойындарды дамыту мақсатында осы жарыстар дәстүрлі түрде өткізіліп тұратынын жеткізді.
Мәнсия ӘБЖАНОВА,
Біржан сал ауданы Макин орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі.