Адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан жазылған, олар абсолюттi деп танылады, олардан ешкiм айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтiк-құқықтық актiлердiң мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады. ҚР Конституциясының бірінші бабында «мемлекет, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп тайға таңба басқандай анық жазылған.
Бірақ та, өкінішке орай, Ата Заңымызда жазылған осы қағидат өмірде нақты сақтала бермейді. Адам өміріне, денсаулығына, ар-ожданына үлкен залалын тигізетін кейбір ауыр қылмыстарға қатысты жазалау заңдары жұмсақтау. Мұның өзі осындай қылмыстардың белең алып кетуіне айтарлықтай әсерін тигізуде. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қылмыстың бірқатар түрлеріне қатысты жазаны қатайту қажет деген пікірі өте орынды деп білемін. Нақтылап атап өтетін болсақ, бұл ретте жыныстық зорлық-зомбылық әрекеттері, жалпы жыныстық қылмыстарды атап өтуге болады: зорлау (120-бап); нәпсіқұмарлық сипатындағы күш қолдану (121-бап); он алты жасқа жетпеген адаммен жыныстық қатынаста болу және нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де іс әрекеттер (122-бап); еркек пен еркектің жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де іс-әрекеттерге баруға мәжбүрлеу (123-бап) педофилия, жас балаларды азғындық жолға түсіру (124-бап); кәмелетке толмаған адамды қоғамға жат әрекеттер жасауға тарту (133-бап); кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту
(134- бап).
Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабында: «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы. Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті» деп жазылған. Бұл көрсетілген қағидалар халықаралық құқықтың осы мәселелер жөніндегі негізгі ережелеріне сәйкестендірілген. Адам құқығы жөніндегі 1948 жылғы Жалпыға бірдей Декларация-сында, Азаматтық және саяси құқықтар туралы 1966 жылғы халықаралық актіде «отбасы қоғамының табиғи негізгі ұясы және ол мемлекетпен қоғам тарапынан қорғау құқығына ие» деп көрсетілген. 1989 жылы 10-қарашада қабылданған Бала құқықтары жөніндегі конвенсияда да балалардың азаматтық және саяси-әлеуметтік құқықтарының қорғалуына ерекше мән берілген.
Соңғы жүз жылдық бізге есірткі пайдаланудың әлдеқайда өскендігін сезінуге әрі мойындауға мәжбүр етті. Ол жеке тұлғаның моральдық-физикалық денсаулығына қауіп төндіретін химиялық препараттан ендігі арада мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігіне қоғамдық-әлеуметтік тұрғыдан қатер төндірушіге айналды. Ең мол пайда әкелетін саланың бірі ретінде есірткі саудасы қазір мемлекеттік шекараны білмейтін, жеке адамдарға ғана емес, жалпы мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс болып отыр. Ауруды басатын медициналық дәрі-дәрмекпен бірге, химиялық жолмен жасанды түрде дайындалған есірткі заттарын адамдардың, оның ішінде жастардың кең қолдануы алаңдатады. БҰҰ-ның 1988 жылғы Конвенциясында есірткі заттарын дайындау әрі олардың заңсыз айналымы «адамдардың денсаулығы мен салауатты өміріне және қоғамның экономикалық, мәдени, саяси негізіне қатер төндіреді» делінген. Бүгінгі күні жас ерекшелігіне қарамастан, адамдардың барлық топтарының арасында есірткіге тәуелділер қатары өсіп барады. Қазақстан Республикасы есірткі тасымалдаушы мемлекеттен, есірткі қолданушы мемлекетке айналып отыр. Бұған халықтың әл-ауқатының жақсаруы да белгілі дәрежеде ықпалын тигізуде. Әсіресе, жасанды есірткіні тұтынатын жастар көбейіп барады. Осындай жағдайда, Мемлекет басшысының қылмыстың мұндай түріне қарсы заңды қатайту туралы талабының маңызы зор екендігі анық.
Сонымен бірге, балаларға қарсы қылмыстар бойынша жазалау шараларының қатаңдауы бүгінде белең алып бара жатқан осындай қылмыстарға тосқауыл қояды деген ойдамын. Таяуда ғана Түркістан облысында мектеп оқушысын зорлап кету оқиғасы бұндай қылмысқа қарсы жазалау заңдарын барынша қатаңдату қажеттігін анық көрсеткендей болды.
Еліміздің барлық заңдары жеке адамды, оның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға әр уақытта артықшылықтар береді. Осы орайда, Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындап, жоғарыда аталған санаттағы қылмыстарға қарсы күресте нәтижеге жету үшін баршамыз болып атсалысып, белсенділік танытуымыз қажет. Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады дейді халық даналығы. Еліміздің барлық билік тармақтары осы маңызды міндетті орындауда бірлесе жұмыс жүргізсе, сонда нәтижеге жетеміз деп сенемін.
Бауыржан Баймырзин,
Ақмола облысының қылмыстық
істер жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының төрағасы.