Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ауыз судың сапасы және қысқы жол талапқа сай болсын - АРҚА АЖАРЫ

Ауыз судың сапасы және қысқы жол талапқа сай болсын

Көкшетау. 26 желтоқсан. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен әкімдіктің мәжілісінде өңірдегі сумен жабдықтау және су беру жағдайының өзекті мәселелері, қыс айларындағы автокөлік жолдарының күтімі бойынша атқарылатын жұмыстардың жайы талқыланды. Мәжіліске қалалар мен аудандардың әкімдері, облыстық ведомстволардың басшылары қатысты.

Күн тәртібінде қаралған алғашқы мәселе бойынша Ақмола облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина хабарлама жасады. Департамент басшысының айтуынша, «Ақ бұлақ», «Өңірлерді дамыту – 2020» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру кезінде сумен жабдықтау және су ағызу объектілерін қайта жаңғырту, салу бойынша білгілі жұмыс көлемі атқарылған. Бүгінгі таңда облыста барлығы 48 жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде 39 жоба сумен жабдықтау, 9 жоба суды бұру құрылысына қатысты. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша бұл жобалардың 22-сін жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған.
Микробиологиялық және санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша бірқатар аудандарда халықтың ішіп отырған ауыз суының сапасы талапқа сай емес көрінеді. Бұған ашық су қоймаларынан алынатын су тазарту құрылыстарының, су құбырларының тиімсіз жұмысы себеп болып отыр. Күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша жарыссөзде облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Иван Юрченко сөз сөйлеп, атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Басқарма басшысы атап өткендей, облыс бойынша 616 елді мекеннің 372-і немесе 60 пайызы ғана орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесімен қамтылған. 20 елді мекен суды тасымалдап ішуде. Сумен жабдықтау саласында жалпы ұзындығы
5 727,5 шақырым болатын 357 су құбыры жұмыс істейді. Оның 3138,6 шақырымының тозығы жеткен болса, 1 177 шақырымы жаңғыртуды қажет етеді. Ал, орталықтандырылған су бұру жүйесімен 30 елді мекен қамтылған. Ұзындығы 1048,4 шақырым су бұру жүйесінің 60,6 пайызы тозған.
Қазіргі күні Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі тарапынан 53 қалада кәріздік тазалау нысандарын қалпына келтіру және салу жобасы жүзеге асыру бойынша Жол картасы бекітілді. Осыған орай, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге облысымыздың Көкшетау, Ақкөл, Макинск, Есіл, Атбасар, Степногорск қалалары еніп отыр. Ақмола облысында 2011-2018 жылдары аралығында сумен жабдықтау жүйесін дамыту бойынша жалпы құны 35 миллиард теңге болатын 170 жоба жүзеге асырылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Арсен Жаңғасқановтың баяндамасы тыңдалды. Оның мәліметінше, Ақмола облысында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 7886,5 шақырымды құрайды. Оның ішінде 2260,5 шақырымы республикалық, 2661 шақырымы облыстық және 2965 шақырымы аудандық мақсаттағы жолдар. Бүгінгі таңда, басқарма тарапынан көліктік коммуникация және елді мекендердегі көше-жолы желісінің жағдайы мен күтіп ұстау жұмыстары жүргізілуде. Қысқы қызмет көрсетумен 5626 шақырымдық жергілікті маңыздағы автожолдар қамтылған. Басқарма биылғы қыс айларындағы жұмысты үйлестіру үшін 12 мердігерлік ұйыммен ұзақ мерзімді келісім шарт жасасқан. Жол қауіпсіздігіне қажетті заттар, техника құрамы, жылыну нысандары алдын ала дайындалыпты. Диспетчерлік, ақпараттық қызметтер тәулік бойы кезекшілік атқарады.
Мәжілісте, сондай-ақ, бірқатар ұлттық компания филиалдары дирекциясы басшыларының қосымша баяндамалары тыңдалды. Өңір басшысы Ермек Маржықпаев аталған салалар бойынша жұмыстар талап деңгейінде атқарылып отырылғандығын айта келіп, маңызды істе олқы тұстардың да барлығын атап көрсетті.
Бұл орайда олқылықтар орын алған бірнеше аудан әкімі мен облыстық басқармалардың басшыларына нақтылы тапсырмалар мен міндеттер жүктелді. Атап айтсақ, Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы аудандар мен Көкшетау және Степногорск қалаларының әкімдіктерімен бірлесіп, 2020 жылдың 20-шы қаңтарына дейін су бұру жүйелерін салуға және қайта қалпына келтіруде жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу бойынша ұсыныстар енгізу, наурыздың 1-не дейін сумен жабдықтау және су бұру нысандарына қызмет көрсететін қолданыстағы кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасын нығайту, су құбылары мен резервуарларын тазарту, дизенфекциялау, зертханалық зерттеу жұмыстарын жүргізу талап етілді.
Бұған қоса, қысқы маусымда автокөлік құралдарының қауіпсіздігін және үзіліссіз жүруін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қолдану, қосымша жылу пункттерін керекті құралдармен және азық-түлікпен қамтамасыз ету, полиция департаменті мен төтенше жағдайлар департаментінің қызметін ширату, балаларды тасымалдау ісін тыңғылықты ұйымдастыру қажеттігі айрықша назарда ұсталуы тиіс.
Мәжіліс қарастырылған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар