Облыс әкімі Ермек Маржықпаев облыстық полиция департаментінің алқа жиналысына қатысып, өткен жылғы жедел-қызметтік жұмысының қортындысына өз бағасын берді, полиция қатарындағы мүлтіксіз қызметі және жұмыста қол жеткізген жоғары көрсеткіштері үшін Есіл, Ерейментау, Целиноград, Ақкөл аудандық полиция бөлімдерін құрмет грамотасымен марапаттады.
Құқық қорғау саласының басшылары мен жеке құрамы қатысқан жиында облыстық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймұрзин өз ұжымының өткен жылғы жедел-қызметтік жұмысының қорытындысы жөнінде баяндап берді. Оның айтуынша, қолданған шаралардың нәтижесінде бақылау күшейтіліп, жеңіл қылмыс саны азая түссе, Степногорск қаласында ауыр қылмыс саны өсіп отыр. 2020 жыл учаскелік полиция инспекторы жылы деп жарияланды. Бүгінгі күні сала бойынша «Жол картасы» бағдарламасы мен өңірдің кешенді жоспары жасалуда. Жергілікті билік тарапынан адамдар көп жиналатын орындарға бейнебақылау қондырғысы орнатылды, полицейлердің автокөлік паркі жаңартылды, цифрландыру жүйесі енгізілді,–деген департамент бастығы көше мен жол сақшыларының жұмысын сынға алды. Көкшетау қаласына 144 бейне камера орнатылыпты. Алты полиция бекеті жұмыс істейді. Бұл қылмыстық істі тез арада ашуға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары жол апаты оқиғаларының саны азаймай отыр. Бұл жол полициясы жұмысының сылбырлығын көрсетеді. Сондай-ақ, пәтер тонау, мал мен ұялы телефон ұрлау тәрізді қылмыстар өрши түскен. Тұрғындар құжатсыз мал тасымалдауды дағдыға айналдырған. Елді мекендер іргесінде бақташысыз жайылып жүрген мал арнайы шарбаққа қамалатын болады. Ақбөкенді заңсыз аулау, адам зорлау, нашақорлық тиылмай отыр. Өңірімізде заңсыз еңбек етіп жүрген шетелдіктер де бар екен.
Ішкі қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Әшімов өз сөзінде заң бұзушылық пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмысы жүргізілсе де, кейбір полицейлер заң бұзушылыққа жол беретінін айтты. Облыс прокуроры Тимур Тәшімбаев өз сөзінде хаттамалар мен құжаттардың уақытында толтырылмайтынын, цифрландыруға толық көңіл бөлінбейтінін баса айтты.
–Қазір мал ұрлығының қылмыстық ісі ашылмайтын жағдайға жетті. Жол-көлік оқиғасы көбіне жолдың сапасыздығынан болады. Оған көңіл аударып жатқан арнайы қызмет жоқ,–деді облыс прокуроры.
Алқа жиналысында облыс әкімі Ермек Маржықпаев сөз сөйлеп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды. Полиция қызметінің беделін көтеру қажеттігі айтылды. Биылғы жылы бұл саланың қажетті құрал-жабдықтарын сатып алуға 7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ, өңір басшысы тәртіп сақшыларының еңбекақысы көтерілетінін айта келе, алдағы күзде облыс орталығында өтетін саяси шараны ойдағыдай өткізуге шақырды. Есіл аудандық полиция бөліміне арнайы автокөліктің кілті тапсырылды.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.