Астрахан ауданының әкімі Нұрлан Сейілов өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен брифинг өткізіп, өңірдің өткен жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және алдағы жоспарлары жайында баяндап берді.
Аудан әкімі өз сөзін ауыл шаруашылығы саласынан бастады. Өңірде осы сала өндірілген өнім көлемі бойынша көш бастап тұр. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша салада 32 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Бұл одан арғы жылмен салыстырғанда 5,7 миллиард теңгеге артық. Оның дені егін шаруашылығына тиесілі. Аудан диқандары егістік алқаптың әр гектарынан 11,4 центнерден айналдырып, барлығы 385 мың тонна астық жинады. Бұл ауа райы қолайсыз жыл үшін тым жаман емес. Сонымен қатар, ауданда мал шаруашылығы саласында да ілгері басушылық бар. Қазірдің өзінде аудан Нұр-Сұлтан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін дамытуға үлес қосып отыр. Жыл ішінде 6 мың тонна ет пен 19 мың тонна сүт және 6,7 миллион дана жұмыртқа өндірілген.
Аудан әкімінің сөзінен ұққанымыздай өңірде етті мал шаруашылығын дамыту аясында қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларды орындау бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Мәселен, «Өрнек-2005» серіктестігі 100 бас асыл тұқымды ірі қара мал сатып алу үшін 50 миллион теңге несие алды. Биылғы жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының «Ак-Hilal» серіктестігіне және «Сүлейменов К» шаруа қожалығына асыл тұқымды ірі қара мал сатып алуға құжаттар берілді. Бұдан бөлек, «Камышенка» серіктестігінде 1200 бас ірі қараға арналған репродуктор ашу жобасы жүзеге асырылуда.
Аудан «Индустрияландыру картасы», «Бизнестің жол картасы –2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Дипломмен – ауылға!» және «Сыбаға» тәрізді мемлекеттік бағдарламаларға да белсенді қатысуда.
– Биылғы жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша орталық стадионда волейбол және баскетбол алаңдарын орнату, Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында ескерткіштерді жөндеу жұмыстары жоспарланған. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша кезең-кезеңмен жұмыс жалғастырылатын болады. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен Колутон ауылындағы су құбыры желілерін қайта жаңартуға, Камышенка, Первомайка және Лозовый ауылдарындағы су құбыры желілерінің құрылысына жобалық сметалық құжаттама дайындауға қаражат бөлінді, – деді Нұрлан Сейілов.
Сонымен қатар, аудан әкімі өңірде Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған әлеуметтік саланың дамуына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Әсіресе, денсаулық сақтау, білім, мәдениет және жұмыспен қамту бағытында біраз іс тындырылыпты.
Брифинг барысында журналистер аудан әкімінен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзге де сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.