Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Зеренді ауданында болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызы бар бірқатар нысандарды аралап көрді, жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың өзекті мәселелерінің қалай шешіліп жатқандығынан хабардар етті.
Өңір басшысы алдымен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында жаңғыртылған облыстық тарихи өлкетану музейін аралап көрді. Музей директоры Қуаныш Шақшақовтың айтуынша, биылғы жылы мекеме өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтпекші. Мұнда мамонт сүйегі, Ботай мәдениетінің жылқылары, жабы атқа міну мәдениеті, тас пен темір ғасыры, түрік мәдениеті, әр түрлі металдан жасалған зергерлік бұйымдар тәрізді Ақмола мен Көкшетау өңірінен табылған көптеген мұрағаттар мен экспозициялар қойылған екен. Сондай-ақ, экспозициялардан қазақ пен орыс халқының әр жылдардағы тұрмысы мен мәдениетін көруге болады. Мұндағы мұрағаттар Абылай ханның және оның ұрпақтарының өмірі мен қызметінен сыр шертеді. Мәселен, Шыңғысқа Ресей патшасы кигізген жібек шапаны сол күйінде сақталған. Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ ұстаған домбыралардың көшірмесі мен сол замандағы сазды аспаптар қойылған. Ұлы Отан соғысына қатысқан 71 батырдың, Еңбек Ерлерінің, ақындар мен жазушылардың, еңбек адамдарының, спортшылардың өмірімен және қызметімен таныса алады. Музейге жергілікті өнеркәсіп орындары өндірген өнімдер де қойылған. Жалпы, мұнда болған адам өңірмен жете танысады.
Облыс басшысы Заречный селосының іргесіндегі 1980 жылдары салынған Шағалалы өзенінің үстінен өтетін көпірдің басында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Хал-жағдайларын сұрап білді.
–Бүгінгі күні апатты жағдайда тұрған көпір тұрғындардың жүріп тұруына қиындық тудыруда. Оның темір бетоны мен құбырлары, тақтайлары әбден тозған. Әсіресе, қыс айларында сондай-ақ, жел тұрғанда бұл көпірден жаяу жүргіншілер жүре алмайды. Заречный және Березняковка селосында мыңға жуық адам тұрады. Олар автокөлікпен аудан орталығына бару үшін Көкшетау қаласы арқылы жүруге мәжбүр. Мұндағы жұрттың көбі облыс орталығы мен Зеренді селосында жұмыс істейді. Сондай-ақ, жайылым және шабындық жердің бір бөлігі өзен сыртында қалып, мал шаруашылығын дамытуға кедергі болып отыр,– деген аудан әкімі Бауыржан Ғайса 2018 жылы жаңа көпір құрылысының 368,3 миллион теңгеге бағаланған жобалық-сметалық құжаттамасы жасалғанын айтып берді. Бүгінгі күні жоба облыстық көлік және автомобиль жолдары басқармасына беріліп, оны толық жүзеге асыру үшін қаржы бөлінген екен.
Облыс әкімі 2019 жылы күрделі жөндеуден өткен Еленовка орта мектебінде болып, атқарылған жұмыстың сапасына назар аударды. Бұл жобаға 153,9 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмысын «Алатауинжстрой» серіктестігі жүргізіпті. Екі қабатты мектеп ғимаратының шатыры
ауыстырылып, іші-сырты, жылумен, сумен және электрмен қамтамасыз ету жүйелері жөнделген екен. Есік пен терезелері толық ауыстырылып, линолиум мен кафель төселіпті. Мектеп аумағы абаттандырылып, жаяу жүргінші жолға бедертастар төселген, қоршауы ауыстырылған. Өңір басшысы мұғалімдермен кездесіп, хал-жағдайларын сұрап білді, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде айтып берді. Басты назар оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуларына аударылуы қажеттігін айтты.
– Округ әкімі Оралбек Бекішев педагогтар ұжымымен бірлесіп, селоны абаттандыруға атсалысулары қажет. Бүгінгі күні село көркі көңіл көншітпейді,–деген облыс басшысы педагогтар беделі жөніндегі заң туралы айтып өтті.
Мұғалімдер мектепке күрделі жөндеу жүргізгені үшін облыс әкіміне алғысын білдіріп, өздерінің сапалы білім, саналы тәрбие беруге тырысатындарын жеткізді. Қазір бұл аралас тілде оқытылатын мектепте 254 оқушы білім алуда. Оның ішінде Қарлыкөл, Жаңауыл және Қарағай станциясының 42 оқушысы тасымалданып оқытылады. Көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары тегін тамақтанады.
Облыс басшысы «Elikti Park» шаңғы базасында болып, жұмысымен танысты. Нысан 2016 жылы пайдалануға берілген екен. Дем алушылар 120 орындық 40 бөлмеге жайғасады. База жыл бойы жұмыс істейді. Мұнда балалардың бөлмесі, 250 орындық мейрамхана қызмет көрсетеді. Шаңғылар мен өзге де құрал-жабдықтар жалға беріледі. Бес шаңғы жолында тауға шығаратын көтергіш жұмыс істейді. Балалардың шана мен сноутюбте сырғанауы үшін барлық жағдай жасалған. Базада алғашқы медициналық көмек көрсететін қызмет кезекшілігі ұйымдастырылған. Мұнда 2018 жылы 22 мың, өткен жылы 49,8 мың адам дем алған. Келешекте балалар мен ересектердің бассейні, 4 монша, дәмхана, екінші канаттық жол салынбақшы. Сөйтіп, шаңғы базасының ұжымы салауатты өмір салтын ұстанатын адамдардың санын көбейтуді мақсат етіп отыр.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.