Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Сандықтау ауданында болған жұмыс сапарында бірқатар әлеуметтік нысандарды, оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін мектептер мен мәдениет үйлерін аралап көрді. Ұзақ жылдар жөндеу көрмеген бірқатар білім және мәдениет нысандарына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, биылғы жылы жөндеу жұмыстары жүргізілмекші.
Өңір басшысының жұмыс сапары Сандықтау орта мектебінен басталды. Бұл мектептің іргетасы 1965 жылы қаланған. Еркеш Әбдуова басшылық ететін мектепте бүгінгі күні шағын балабақша жұмыс істейді. Мектеп іші жинақы, таза, ұқыпты қолдың ізі барлық жерден көрініп тұр. Дегенмен, тозығы жеткен ғимаратқа күрделі жөндеу қажет екені анық байқалады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2020 жылы мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 238,4 миллион теңге қаражат бөліну жоспарланыпты. Аудан орталығындағы №1 Балкашин орта мектебі де көптен жөндеу көрмеген екен. Мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 300,7 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Мектеп ішін аралап көрген өңір басшысы 9, 11 сынып оқушыларының сабақтарына қатысып, оқушылармен әңгімелесті, мектеп ұжымы алдындағы міндеттерді саралап, олардың болашақта жайлы жұмыс жасаулары үшін бар мүмкіншілікті туғызатынын айтты.
Бұдан кейін облыс басшысы Сандықтау селолық клубы мен аудандық мәдениет үйінде болып, тозығы жеткен жылу жүйесі мен шатырды жөндеуге бюджеттен 31,8 миллион теңге қаражат бөлінгенін айтып, болашақта мәдениет үйі тұрғындардың бос уақыттарын көңілді өткізулеріне, жергілікті өнерпаздардың шығармашылығына кең жол ашатын мәдениет ошағына айналуына тілектестігін білдірді.
Өткен жылдың желтоқсан айында 39 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттығу залында жас спортшылармен кездескен облыс әкімі ескерткіш суретке түсті. Облыс әкімінің жұмыс сапары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2020 жылға жоспарланған 53,2 миллион теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отырған «Мирас» балабақшасында жалғасты. Оған 2007 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Содан бері өткен он жылдан астам уақытта ғимарат біраз тозған. Бала бақшаның 1975 жылы салынғанын ескерсек, заман талабына сай қайта жаңғырту қажеттігі анық байқалады. Облыс басшысы сондай-ақ, аудандағы халыққа қызмет көрсетіп тұрған нысандардың бірі – жаңа моншаның қызметімен танысты.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Сандықтау ауданы.