Ауыз судың сапасы алаңдатады

2020 жылы Көкшетау қаласында Құсайынов, Қанай би, Тәшенов, Никитин көшелерінің бойымен өтетін су құбырлары жаңартылады. Тапсырыс беруші қалалық құрылыс бөлімі. «Көкшетау Су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас директоры Ермек Өмірғалиевтің айтуынша, жұмысты атқаратын мердігерлерге байқау жарияланып, тендерді ұтып алған ұйым аталған көшелерге су құбырларын тарту жұмыстарымен айналысатын болады.

Өткен жылдары қалада Вавилов, Наурызбай батыр, Алтынсарин көшелері арқылы өтетін су құбырлары қалыпқа келтіріліп, құбырлар төселген. Сондай-ақ, Мәлік Ғабдуллин көшесі бойындағы магистральді су құбырлары жөнделген.
Бүгінде Көкшетауда ауыз су мәселесі қиын. Себебі, үйдегі кран арқылы ағып тұрған тіршілік нәрінің сапасы сын көтермейді. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары төселген су құбырлары мен канализация жүйелерінің пайдалану мерзімі өтіп барады. Мамандар бұл мәселені шешудің жалғыз жолы қаланың су желілерін түгелдей жаңарту екендігін айтады. Ол үшін миллиардтаған теңге қажет. Сол себепті тұрғындар ақылы фильтрлі ауыз суды пайдалануға мәжбүр.
Қала бойынша 100-ден астам осындай су тасымалдайтын мекемелер жұмыс істейді. Сонымен қатар, бұндай компаниялар жеке пәтерлерге сүзгі қондырғысын орнату және ауыстыру жұмыстарымен айналысады.
Көкшетауға ауыз су Шағалалы және Сергеевка су қоймаларынан тазартылған күйінде жеткізіледі. Су сапасының төмендеуінің негізгі себебі су құбырларының тым ескіруінде және соған орай тат басып, ластануында болып отыр.
– Ауыз судың сапасы мүлде сын көтермейді. Краннан аққан су ішуге жарамайды. Мен өзімше тәжірибе жасап, екі стақанның біреуіне кранның, екіншісіне фильтрдің суын құйдым. Нәтижесі таң қалдырды. Кран суының сапасы фильтр суынан әлдеқайда төмен екені байқалды, – дейді Анатолий Левшин есімді қала тұрғыны.
Ал, «Көкшетау су арнасы» басшылығының өз уәжі бар. Олар су сапасы үнемі бақылауда деп санайды.
– Жыл сайын су құбырлары жөнделіп, дизенфекция жұмыстары жүргізіліп отырады. Зертхана қызметкерлері су сапасын үнемі бақылауда ұстайды. Егер суды сапасыз деп есептеп, кімде-кім фильтрлі суды пайдалануға көшсе, ол әркімнің өз еркіндегі мәселе,–дейді кәсіпорынның бас директоры.
Қала тұрғындарының біразы қала шетіндегі «Бармашка» деп аталатын аумақтан бұлақтың суын тасып ішеді. Бұлақ басындағы судың кезегі күні бойы бір босамайды. Көлігі барлар көлігімен, болмаса автобуспен тасымалдайтындар жетіп артылады.
– Мен Көкшетау-Краснояр бағытындағы трасса бойында тұрамын. Ауыз судың зардабын әбден тартқан адамдардың бірімін. Жеке ұңғымалы құдық қазу өте қымбат. Оған қаражатым жетпейді. Сондықтан, осылай күнделікті суды қоғамдық көлікпен тасып әкелуге мәжбүрмін. Кішкентай балаларым бар. Басқа мақсаттарға еріткен қар суын пайдаланып отырмыз. Басқа амал болмай тұр,–дейді бізбен әңгімесінде Думан Берікболов есімді тағы бір қала тұрғыны.
Қазір Көкшетауда ауыз су құбырлары барлығы 299 шақырымды құрайды. 390-ға жуық су колонкалары бар. Бірақ, тұрғындар колонкалардағы судың сапасыз екенін айтып дабыл қағуда. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі мамандары да мұны растап отыр. Алайда, мәселе шешімін табар емес. Қалада ауыз су сапасы қашан жақсарар екен? Бұл бүкіл көкшетаулық тұрғындарды алаңдатқан жай. Әйтсе де, облысымыздың орталығында орталықтандырылған су құбырынан мөлдір де таза, сапалы су ішетін күннің ауылы әлі алыс сияқты. Шіркін, осыған қашан қол жеткізер екенбіз?!
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар