Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, Көкшетау қалалық үлгілі балалар мен жасөспірімдер кітапханасы «Ұлы халықтың ұлы Абайы» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.
Көрме Абайдың өмір жолы мен шығармалары, дүниетанымы мен баға жетпес мұрасымен таныстыратын төрт бөлімнен тұрады. «Абайдың дүниетанымы», «Абай шығармалары туралы», «Мерзімді басылымдар Абай туралы сыр шертеді», «Абайдың бейнесі суреткерлер көзімен» деп аталатын бөлімдер Абайды тек қазақ халқына ғана емес, әлемдік әдебиетке ортақ тұлға ретінде көрсетеді. Сонымен қатар, көрмеде Абайдың еңбектері мен танымал тұлғалардың ол туралы жазған мақалалары ұсынылған.
Кітап көрмесі Абай әлемін оқырмандарға жан-жақты таныстыру мақсатында ұйымдастырылды деді балалар мен жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Динара Қамайқызы.
–Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында қазақтың рухани және мәдени әлемін жаһанға Абай арқылы таныту туралы өзекті мәселе көтерілген. Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады, – деген кітапхана меңгерушісі Абай арқылы қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін әлемге танытуға болады деген Мемлекет басшысының ойымен толық келісетінін жеткізді.
Айта кетейік, «Ұлы халықтың ұлы Абайы» атты кітап көрмесін жыл бойы тамашалауға мүмкіндік бар.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.