Пушкин әлемін, Пушкин шығармашылығын әртүрлі елдердің ақындары әртүрлі тілде сөйлетіп, әртүрлі таныммен қабылдап, түйсінді. Оған әлем тілдеріндегі Пушкин шығармаларының нұсқалары куә. Біздің ұлы Абай да Пушкинге өзіндік таныммен, ұлттық дүниетаным тұрғысынан келіп, ұлттық тілде нақышына келтіріп, төл тілдің дәл өзінде туғандай ғып сөйлете білді. Бұл – Абай әлемінің құдіреттілігі, Абай қаламының қуаттылығы еді.
Абай – шын мәніндегі тәржіме өнерінің ұлы шебері болды. Біздегі қазақ Пушкинанасының басында Абай тұрды. Біз бұл мақалада Абай таныған, Абай түйсінген сахарадағы Пушкин үнін, Пушкин сөзін әңгіме етпекпіз.
Пушкин есімі айтыла бастаса, біздің алаш жұртының аузына құдауанда хәкім Абайдың есімі оралады. Пушкин мен Абай. Абай мен Пушкин. Бұл есімдер біздің мәдени кеңістігімізде домбыраның қос ішегіндей бірін-бірі толықтырған, егіз үн қатқан, мұңдасқан, сырласқан, рухани үндескен алып қос бәйтеректердей. Бірі – сахарада қамырықты да мұңлы ғұмыр кешіп, «мыңмен жалғыз алысса да», «қыранша қарап Қырымға», «мұң мен зарды қолға алып», «улы сия мен ащы тілге» ерік берсе, екіншісі Ресей қоғамын «мың салса бір баспас», «етек басты ескі күйден» арылтқысы келмейтін кещелер мен топас тобырға зығырданы қайнап, буырқанған өршіл де арда, кекті жырларды төгілтумен болған.
Абайдың қазақ мәдениеті мен көркем өнерінің тарихындағы үлкен бір еңбегі – оның көркем аударма мұралары. Абай орыстың классикалық әдебиеті арқылы Батыс Еуропа әдебиеттерімен табысқан, жақындасқан. Ой бөліскен, сыр бөліскен. Рухани үндесуі арқылы ұлттық негізде өрелі ойлар айтқан. Осы әсерден болу керек, ол «Шығысым – Батыс, Батысым – Шығыс болды» деген. Шығыс мәдениетінің қуатты өрісіне арқа сүйейді. Абай туралы зерттеу еңбекте: «Қазақ әдебиетінің өркендеуі үшін Абайдың аудармашылық жұмысының зор маңызы болды, бірақ оның орыс әдебиетімен байланысы мұнымен ғана тәмәмдалмайды. Бұл мәдениет пен көркемдік дәстүрлердің аса күшті ықпалын Абайдың өз шағармашылығынан іздеу керек. Мысалы, Пушкинді Абай басқа орыс классиктерінен гөрі сиректеу аударған. Солай бола тұрса да, оның орыс ақынымен байланысы өз шағармашылығында әрі терең, әрі айқын көрінеді. Оның лирикалық ойға шомылуында, табиғат суретін реалистікпен беруінде, махаббат иесі әйелдің жүрегін терең түсінуінде, әлеуметтік сарындарының адамгершілік үнінде Пушкиннің көптеген сыйпат белгілері бар», – деп атап көрсетіледі.
Пушкиннің үнін, Пушкиннің жырын алаш жұртшылығы, кешегі қыр баласы жалпақ сахараға кең жайылған «Татьяна әндері» арқылы естіп, білді. Абайдың бұл үлгісі Еуропалық классиканы қыр тұрмысының көзге қанық, көңілге таныс сыр-сезімдерімен орайластыра жеткізген тамаша үлгі болатын. Қазақтың қыз-бозбаласының жүрек сырын, көңілдегі дерті мен мұңлы қуаныш сезімін ғажап шертетін сырлы дүние еді бұл.
Сонымен бірге, орыс данышпанының жүрек сырын Абайдай қазақ данышпанының жүрек толғағы арқылы сезіп, біліп еді қыр баласы. Пушкиннің ғажайып туындысы қазақ арасына ғашықтық сырын қозғайтын сыршыл ән болып тарады. Талай жүректерге жол тауып, ғашықтық мұңын бөлісті. Қыр баласының мұңлы да сырлы көңіл-күйін қозғайтын жүрек сырының таңғажайып ескерткіші еді бұл Абай сомдаған.
Қазақ ақынын ұлылық биігіне көтеруші, айдынын асырып, аруағын асқақтатқан, орыстың ұлы ақынымен терезесін тең етіп, егіздің сыңарындай үндестірген – осы А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романы.
Өлеңмен жазылған орыстың ұлы ақынының бұл романына Абай өзіндік тың шешім, көзқарас, дүниетаным, ұлттық тәжірибе тұрғысынан келді. Пушкин шығармасынан өзіндік төл дүние жасау қазақ ақынының басты мұраты болды. Және осы мұратты іске асырып қана қойған жоқ, кейінгі ұрпаққа мәңгілік ескерткіш етіп қалдырып кетті.
Пушкиннің бұл туындысы кезінде Ресей қоғамындағы дворян жастарының сыр-мұңын, арман-мақсатын, бағдар-болмысын дәл бейнелейтін шынайы туынды болатын. Орыстың ұлы сыншысы В.Белинский «Евгений Онегинді» тегіннен тегін халықтық роман деп бағаламаған болатын. Негізінен Абай Пушкиннің «Евгений Онегин» романын еркін аударма және жартылай еркін аударма жасап аударған.
«Онегиннің өлердегі сөзі» – Абайдың мүлде тың дүниесі. Абай бұл аудармаларға үнемі ұлттық төл дәстүрдің биігінен келіп отырды.
Абайдың Пушкиннің ұлы шығармасынан аударғаны – сегіз өлең. Олар: «Онегиннің сыйпаты», «Татьянаның Онегинге жазған хаты», «Онегиннің Татьянаға жауабы», «Онегин сөзі», «Онегиннің Татьянаға жазған хаты», «Татьяна сөзі», «Ленский сөзі», «Онегиннің өлердегі сөзі».
Зерттеушілер осы өлеңдердің аудармалық сипатын таразылай, зерделей келіп, екі өлеңді – еркін аударма, үш өлеңді – жартылай аударма, жартылай өзінше жырлаған, екі өлеңді – еркін мазмұндау арқылы барған таза интерпретация, ал бір өлеңді таза Абайдың төл туындысы дегенді айтады.
Абайдың Пушкин шығармасына өзіндік тұрғыдан келуін М.Әуезов өзінің «Қазақ халқының ұлы ақыны» деген мақаласында былайша тұжырымдайды: «Абайдың Пушкинге көзқарасында бүтіндей бір өзгешелік бар. «Евгений Онегин» үзінділері аудармадан гөрі, Пушкин романын шабыттана әңгімелеуге ұқсайды. Бұл ретте Абай шығыс поэзиясында ертеден қалыптасқан «Нәзира» үлгісін қолданып, өзінен бұрынғы ақындардың тақырыбы мен сюжетін жаңаша баяндайды… Ұлы мұраны еркін баяндаудың осы мәнерін Абай «Евгений Онегинге» де қолданған. Татьяна мен Онегин образдарының биік поэтикалығына, шынайылығына ғажап қалған Абай олардың тарихын баяндайды. Олардың ұлы қастерлі сүйіспеншілігінің бағалылығын баса көрсетеді және оны қазақ жастарының ұғымына жақындатады. Абай версиясында «Евгений Онегин» эпистолярлық роман түріне ие болған».
Бұл – шығыстың «Нәзирагөйлік» дәстүрін Абайдың ұлы Пушкиннің әйгілі туындысына творчестволықпен қолдануы еді. Қазақ ақынының орыс ақынымен ой жарыстыруы, сөз жарыстыруы тек данышпандардың ғана еншісіне бұйырар ізгілік бәсекесі еді бұл.
Сегіз тарау, 389 шумақ, 5446 өлең жолынан тұратын Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан Абай 376 жолдық қана шығарма тудырған. Қазақ ақыны бүкіл романды бастан-аяқ аударып шығаруды мақсат тұтпаған. Абай романның ең сүйікті де, ең сүйекті деген ұрымтал, тұстарын ғана тәржімалаған.
Пушкин романында хат жазу бір-ақ жерде, Татьянаның Онегинге жазған хаты ғана. Қалған жерде хат жазысу оқиғасы жоқ. Ал, Абай өз шығармасын бастан-аяқ жастардың бір-бірімен хат жазысуы түрінде, яғни, эпистолярлық үлгідегі, мүлде тың жанрлық формадағы туынды еткен. Бұл – Абайдың өз ұлылығынан туындаған жаңалық. Пушкиннің «Евгений Онегин» романында ақын үнемі Онегинді келекелеп, сынамай қазақ жас-
тарына үлгі-өнеге ретінде ұсынады. Таза махаббаттың құрбандығы етіп көрсетеді. Романның соңғы шешімінде Пушкинде Онегин тағдыры күйкі тірлікпен берілсе, Абайдағы Онегині өз басын құрбандыққа шалып, тапаншаны маңдайына кезеп тұрып:
Атам, анам – қара жер,
Сен аша бер қойныңды.
Сенен басқа еш жерден,
Таба алмадым орнымды, –
деген өкініш, соңғы қоштасуын айтады.
Бұл – Абайдың Пушкиннен бөлек тың шешімі, өзіндік үлгісі болатын. Пушкинді терең түсіне отырып, Абайдың өз тұрғысынан орыстың ұлы ақынымен ой жарыстыруы, идея жарыстыруы еді. Әрине Пушкиннің идеялық-көркемдік шешімі – өз ортасы, оның қоғамдық-әлеуметтік табиғатынан туындаған, сол кезеңдегі орыс қоғамының кенеулі-түйінді мәселелерімен өзектес жағдаяттардан туындаған шешім. Қазақ ақыны мұны білмей қалған жоқ, білді, түсінді. Пушкинді терең түйсіне отырып, өзіндік шешім жасады. Бұл шешім Пушкиннен мүлде бөлек, қоғамдық, нәсілдік ортада жасаған Абайдың қазақ ортасын, соның өзіндік сыр-сыйпатын ескере отырып, соған сәйкес ұлттық ұғым-түсінікке жуық келетін мәселелерді ескере отырып жасаған көркемдік ұйғарымы еді. Абай шығармасындағы жастардың хат жазысуы да қазақтың қыз-бозбалаларына тонның ішкі бауындай таныс, ыстық құбылыс. Онегиннің махаббат шалуы да қазақ қыз-бозбалаларының жүрек, көңіл түкпірінен шығатын, шығыстық, қазақтық қанымен астасқан үлгі болатын. Абайдың ғажаптығы – қырдан орыстың, Еуропаның мәдени көрмесіндегі асыл бұйымдарды тамашалауға келіп, құр тамсанып ғажаптанып қоймай, көрмеге қырдың бұйымдарын да шебер қоя білуінде. Сол бұйымдардың арасына нәзік кіріктіре білуінде. Еуропалық, орыстық асыл бұйымға қазақы тон, шекпен, бөрік кигізуінде. Орыстық, Еуропалық асыл дүниелердің дәмін ала, толғай тұшына отырып, өз ауылының, өз ортасының дүниесін ұмытпауында. Бұл – Абайдан дара дарынның, ұлы ақынның пешенесіне бұйырған, тәңірі сыйлаған ұлылық еді. Пушкиннің «Евгений Онегині» арқылы Абай қазақ поэзиясына әсерлі теңеу оралымдар, сырлы сурет, көркем образдар әкелді.
Абай Пушкиннің бұл туындысын аударғанда ұлы ақынның жетегінде кете бермей, ұлттық дүниетанымға негізделген өзіндік көркемдік үлгі, түйін-байламдарды ұстанып отырады. Осыдан болу керек, Пушкиннің әйгілі шығармасы Абай аударуында шығыстық үлгі, қазақтық реңк, бояу нышандарға ие болып, қазақы үн қатады. Сондықтан да сонау Абай заманынан алаш баласына Пушкин – тонның ішкі бауындай ыстық, таныс аяулы есім. Абайдың Пушкинді қазақыландыруы оның ұлылығын ғана айғақтап қоймай, ұлы орыс ақынының рухын бәсеңдетпей, қайта оның қырда, сахарада айбынын асырып, ұлылығын шырқау биікке жеткізіп, аруақтандырып жіберді. Кейінгі ұрпақтың бұл ұлы екі ақынның Пушкин мен Абайдың, бірі бір толықтырған нәзік жүрек сырын, үндестігін одан әрмен терең түйсініп, олардың ұлы мұраларына әрдайым басын иіп, сусындай беретініне кәміл сенеміз. Екі ұлы жүректің рухани мұрат-мүддесі кейінгілерге ғибрат болып, барша жүректердің рухани қажетін әманда өтей бермекші.
Сәбит Жәмбек,
Көкшетау қаласы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты,
Өміргүл Жұмағұлова,
Көкшетау қаласы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты.