Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында К.Күмісбеков атындағы халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, күйші, композитор, дирижер Нұрлан Бекеновтың «Шаттан, елім!» атты шығармашылық концерті болып өтті.
Концерттік бағдарлама табиғи дарын иесі Нұрлан Бекеновтің композитор, дирижер, күйші ретіндегі қырларын ашып көрсетті. Айтулы кеште «Орақты батыр», «Толғам», «Жайлауда», «Шаттан, елім» және «Қызғыш құс», «Мұқағали» сынды Нұрлан Бекеновтың өзінің туындылары орындалды. Әсем әуезді саз адамның ішкі жан дүниесіне ерекше әсер етіп, қиялыңды ұштап, өзге әлемге сапар шеккендей күйге түсіреді.
Сонымен қатар, бұл кеште Құрманғазының «Төремұрат» және «Сарыарқа» туындылары, қазақтың белгілі композиторлары Н.Тілендиевтің «Алатау», М.Өскенбаевтың «Жеңіс» атты шығармалары да филармония ішін керней ойналып жатты. Шетелдік композиторлар И.Кальман, Дж. Россинидің және тағы басқа танымал композиторлардың белгілі туындылары орындалды.
Шығармашылық кеш барысында Аягөз Қалмағанбетова, Серікболсын Бекмолдин, Фархат Сағымбай, Мерғали Хамит, Шыңғыс Сәрсенбай сынды филармония әншілері де өнер көрсетті.
Залдағы көрермен оркестрдің сүйемелдеуіндегі бірде баяу, бірде жылдам әуенмен қоса қошемет көрсетіп, орындаушылардың шеберлігіне сүйсініп отырды.
Айтолқын АМАНГЕЛДІ.