Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Абайдың «толық адам» концепциясының М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында көрініс табуы - АРҚА АЖАРЫ

Абайдың «толық адам» концепциясының М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында көрініс табуы

Абай мен М.Әуезов мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын, маңызын жоймайтын зерттеудің қайнар көзі.

Хакім Абайдың қазақ халқының рухани ұстазы ретінде танылып, әлемдік көркем ойдың алтын қазынасына айналуы – оның өз мұрасы ғана емес, сонымен бірге М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы жүзеге асты. Бұл ретте ең бірінші тілге тиек етеріміз – Мұхтар әлемінің Абай әлемімен рухани сабақтастық мәселесі.

Әдебиетіміздің қос алыбы Абай мен М.Әуезовтің шығармашылық әлеміндегі көркемдік тұтастық, рухани тамырластық, дәстүр сабақтастығының сан сала арналарын кеңінен сөз ету, екі заңғардың ойшылдық, қоғамдық, гуманистік, суреткерлік ортақ қырларын жан-жақты ашып, дүниетанымының өзектерін, эстетикалық танымдарын талдау барысында Абай дәстүрін анықтап, ұлы ақын мұрасындағы «толық адам» танымының М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында көрініс тапқан қырларын жете зерттеу мен зерделеу мақаланың негізгі мақсаты болып табылады.
Абай өз шығармаларында адам болудың талап-тілектерін атап, өзінің гуманистік танымы тұрғысынан өскелең ұрпақтың адамшылық негіздері, бойға ұялатар қасиеттері қандай болмақ деген ойға ерекше көңіл бөледі. Ақын шығармаларында өзекті желідей созылып, ғұмыр бойы танытуға ұмтылған, өмір бойы шарқ ұрып іздегені – толық адам. Абайдағы толық адам – рухани жетілген, кемеліне келген адам. Абайдың толық адам жайындағы танымын ғылыми тілмен оқырманға тереңінен түсіндіріп берген ғалым М.Мырзахметұлының 1982 жылы жарық көрген «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» атты монографиясында алғаш Абайдың исламиятқа қатысы мен мораль философиясына қатысы зерттеліп, бір ізге түсіріледі. Ғалым сөзіне ден қойсақ: «Адамзат қоғамы тарихында адамгершілік идеясы ғасырлар бойы күн тәртібінен түспей келе жатқан ең басты мәселелердің бірі – жеке адамның ақыл, мінез жағынан пісіп жетіліп, яғни толық адам болуы жайлы ойлар пікір күресін тудырып келуде. Гуманист атаулының бәрі де дүниедегі ең асыл, бағалы нәрсе – адам болса, сол адам бойындағы ең басты сипаттары неден тұрмақ дегенге әр заман ойшылдары өз ұғым-нанымы, заман талабы тұрғысынан жауап беріп келді. Бұл іспеттес тарихи сұрау Абай өмір сүрген ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамы жағдайында ұлы ойшыл алдына да қойылды».
«Жалпы, діни-философиялық ойдың даму тарихында «адам» ұғымының алатын орны орасан десек те, оны белгілі бір жүйеге түсіріп, тиянақты түсіндіруге көш басы болған философ – Сократ. Абайдың толық адам туралы танымы сол Сократтан басталатын Платон, Плотиндердегі сүюші сүйеніш, тірек еткен адам, қытайлардың дао іліміндегі әбден жетілген адам (совершенно мудрый человек), шығыс ойшылдары мен суфизмдегі камили инсани мен бенделіктің кәмалаттығына ұмтылған адам және Ирандағы жәуанмәртілікпен сабақтасып, туыстасып жатады. Абайдың адамгершілікті жырлаудағы ең басты жаңалығы да осы». Абай адамның рухани жағынан кемелденіп жетілу жолында толық адам ұғымын адамшылық сатысының ең жоғарғы басқышына қояды.
Толық адам – Абайдың армандаған, аңсаған мұрат-мақсаттарының ең биік қол жетпес асқар шыңы. Толық адам ғана нұрлы ақылдың иесі бола алмақ. «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Абай адам баласына осы қажетті үш нәрсе ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек екенін тереңнен толғап, толық адамға тән қасиетті көрсетеді. Хакім іздеген толық адам осы қасиеттерден туындайтын талапты, еңбекқор, ізгілікті, мейірімді, қанағатшыл, рахымды, тұла бойы толған ар, ұят, пенделіктен қол үзген имандылық жолындағы абзал азамат. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», – дегенде Абай толық адам хақында ұстанған көзқарасына сай сипаттарды атайды. Осы үш ұғымнан туындайтын әділет, рахым, мейірім, ар-ұят, талап, еңбек, өнер сияқты қасиеттерге ерекше мән береді. Абай адамгершілікті, әділеттілікті ең негізгі моральдық принцип ретінде поэзиялық туындыларында да, қарасөздерінде үнемі атап көрсетіп отырады. Ғылым-білімді уағыздаған ағартушы ақын ақылды, білімді аса жоғары бағалайды. Не нәрсеге болсын ақыл – таразы, дүниенің сырын танып білуде ақылдың мүмкіндігі шексіз мол деп санайды.
«М.Әуезов Абайдың мораль философиясына қарым-қатысы жайлы мәселеге ертедегі әрі соңғы жылдардағы зерттеулерінде ерекше мән бере қараған. Абай шығармаларындағы мораль философиясы туралы ойларының желісін сөз еткенде, Әуезов оларды өзі атап көрсеткен «нравственная личность» мәселесімен тікелей бірлікте, байланыста қарастырған». Абайтану саласындағы зерттеулерінде Әуезов «нравственная личность», «гармоническая личность» деген терминдік сөзді беріп отырады. Абайдың қарасөздерін зерттеген еңбегінде бұл ойын былай деп береді: «Он жетінші қара сөзінде Абайдың өз тұсындағы және Абайдан бұрынғы үлкен моралист, педагог ойшылдардың көп айтқан пікіріне жанасатын ой-толғау жүргізеді. Ол – толық сапалы адам болудың шарты, гармоничес-кая личность жайындағы ойлар». Бұл Абайдың 38-қарасөзінде қолданылатын «толық адам» деп аталатын сөздің тікелей баламасына келеді. Кемел адам мәселесі мұсылмандық әлемнің сопылық ағымында ХІ–ХІІ ғасырда-ақ қалыптасып, шырқау биігіне жетіп, сол негізде 1069 жылы Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу Білік» дас-танында толық баяндалып суреттелген болатын. Сопылық «хал ілімі» саласында негізі қаланып, даму жолына түскен сопылық адамшылық ілімді Абай өз заманы талабына орай дәстүрлік жалғастықпен дамыту арқылы қазақ даласында – адамшылықтың толық адам ілімі деп аталатын жаңа түрі дүниеге келді.
«Толық адам сопылық ілімнің адамгершілік негізінен туындайтын «камили инсани» деп аталатын ар ілімімен іштей сабақтасып жатқан қастерлі рухани құбылыс болатын-ды. Толық адам терминін М.Әуезов өзі жасаған алмағайып заманда бір тамыры жағынан, сопылық хал ілімінен туындайтын камили инсани (кемелденген адам) танымымен, Шәкәрім тілімен айтқанда ар ғылымымен ұштасатындықтан, өз қалпында, яғни, Абай қолданған нұсқасымен атай алмады. Толық адам термині абайтану саласында тек қана 1963 жылдан бастап ғылыми айналымға түсе бастады». М.Әуезовтің ғылыми шығармашылық зерттеулерінде Абайдың адамгершілік мұраттарының негізіне айналған өте күрделі ұғым мен танымнан тұратын толық адам мәселесі елеусіз қалыпта көркемдік тәсілмен беріліп отырады. Мұның сыры, жазушының өмір сүріп отырған қатал заманындағы таптық идеологиялық жағдайлар мен саяси ахуалдың өршіп, оны партияның қалт жібермей аңдып отыруынан туындаған автордың шарасыздық тәсілі еді. Яғни, Абай дүниетанымын терең танып біліп отырған М.Әуезов зерттеулерінде «нравственная личность», «гармоническая личность» деген терминдік сөздермен атап қана өтеді. Ал, бұл ойларын автор «Абай жолы» роман-эпопеясында көркемдік тәсілмен өткізіп, таратып келтіреді. Абайдың дүниетанымына бойлаған адам бұл жағдайды «Абай жолы» эпопеясын оқып отырғанда анық аңғарып отырады. Мысалы, «Абай жолындағы» Бөжей, Құнанбай тартысы, осы күрестің Қарқаралыдағы көрінісін еске алайықшы? Бала Абай от пен судай екі мінездің, яғни, қатыгездік пен рахым, шафағаттың ортасында қалыптасып өсіп келеді. Әке жолы суық ақылдың, рахымсыз қаталдықтың өрісін танытса, халық анасы Зере мен Ұлжан әрі Абай нәр алған парсы, түркі тіліндегі кітаптардағы гуманистік ойлар төркіні рахым, шафағатты аялайтын нұрлы ақылда жатыр.
«Жолда» тарауында бозбала Абайдың Қарқаралыда Бөжейдің батасын алғанда жан дүниесі тебіреніп тұрып мынадай ойға батады: «Бұл ой Абайға ең алғаш келген ой еді де… және тіпті өз ойы сияқты көрінді. Анығында: «ақыл, қайрат…», «ақыл мен бақыт, байлық» дегендердің өзара дауы, таласы деген «парсы, түрік» тіліндегі кітаптардан былтырлар бір оқыған нақыл әңгімесі бар-ды. Қазірде Абай соны өмірден тапқанына да дән ырза… Өз ақылымен тапты… Тапты да: «Осының бәрі бір жерде, бір кеудеде, бір адамның ішінде болмаққа лазым…» деп, өзгеше бір сенімді байлау жасады» деген ой толғаныстарындағы кемел адам туралы шығыстық кітаптардан түйген ойы кейіннен эпопея оқиғасының желісінде суреттелетін Абайдың өмір белестеріндегі адамгершілік мұраттары белгі беріп отырады. Абай санасын адамшылық сезімін қалыптастыруда өзі өскен ортасының қос қыртысты табиғаты, тәрбие жолы осы болса, оның адамгершілік ұғымын қанаттандыруда шығыс кітаптары да жәрдем еткенін М.Әуезов эпопеяға негізсіз ендірмеген. Абайдың дүниетанымында елеулі орын алған осы гуманистік ойлар желісін М.Әуезов «Абай» трагедиясында, «Абай жолы» роман-эпопеясында ақын образын сомдауда негізгі басшылыққа алған. Себебі, «Абай жолы» роман-эпопеясында М.Әуезов Абайды тек ақын, қоғам қайраткері ғана емес, сонымен қатар асқан ойшыл, гуманист ретінде танытады. М.Әуезов Абай шығармаларындағы ақыл, қайрат, жүрек жайлы түбірлі терең танымның ақын санасында сонау жігіттік шағында-ақ өзі таныған әлеуметтік орта мен шығыс кітаптарын оқу арқылы өз бойына дарытып, өзіндік етіп қорытқан ой қазынасы екенін хабарлайды.
Абайдың күллі этикалық, гуманистік танымының негізгі желісін жазушы шығармада кейіпкерлер сөзі арқылы, ақынның ойы негізінде көркем тілмен таратып береді. Абайдың дүниетанымындағы өзекті ойларын М.Әуезов эпопея-да нақтылай түсіп әрі дамыта отырып, өзінің көзқарасын да білдіреді. «М.Әуезов қаншалықты ғылыми терең таным екенін білу үшін айрықша мән беріп отырған ойы Абайдағы толық адам жайлы шоғырланған түбірлі ойдың төркініне, ақын шығармасында уағыздалатын ой желістеріне назар салып көрейікші? Сонда ұлы жазушының не себепті ақын мұрасын таныту жолында осы танымға шешуші мән бере қарап, ғылыми-зерттеулері мен «Абай жолында» өз ойын қатар дамытып отыратын себебіне де көзіміз жете түседі».
«Абай жолы» эпопеясының «Қияда» тарауында Құнанбайдың жасы болса жетпіске тақап қалған. Енді ер жеткен балаларының ішінен өз орнына кісі қамдайтын да мезгіл жеткен. Ел арасы болса бүгін қиындап барады. Алыс пен тартыстың басы тағы шығып, Балағаздар сияқты тынышсыздық деген тағы шықты. Осының бәрін ойлап, таразыға салып келіп, жаңа болыстыққа Абайды лайық деп көрген. Құнанбай ел басқару ісіне лайық Абайдың бойынан биік қасиеттерді көретін. Мәселен, «Бірақ алыс жүрсе де, сол Абайда ақыл мен қайрат, тіл мен тәлімнің мол екенін әкесі танитын». Әкесінің Абайға іштей берген бағасы осы еді. Осы қасиеттерін бағалап Құнанбай Абайды ел басқару ісіне лайық деп табады. Жазушы Абайдың бойына толық адамның қасиеттерін әкесінің берген бағасы ретінде дарытады.
«Еңісте» тарауында Оспан Базаралы мен Нұрғаным арасындағы жақындықты Абайға білдіргенде, көңілі астан-кестеңге түсіп, ызалана қорланады. Ет-жүрегі тіліп түсетін аямас құбылыстарға қатты ашуланады. Бұл жайт эпопеяда былай берілген: «Көптен бері Абай бұндайлық: намыс пен ыза, алдану мен қиянат, қимастық пен арлану, ұялып алданудың неше қырлы қысымын көргендей. …Әділет тілеп, шыншыл жүрекке ар әмірін бергендей». Ақын өлеңдерінде жиі айтылатын намыс, ар, ұят, әділет сияқты қасиеттерді жазушы эпопеяның осы оқиға тұсында Абайдың арпалысқан сезімі арқылы қарасөзбен өрнектеп жеткізеді. Өзінің айналасындағы нәсіл қуған ызаны ойлағанда, Абай таңертең ғана оқып шыққан «Дубровский» тағдырын еске алады. Абайдың әуре-сарсаңға түсіп, іштей күйініп тұрған сәтіне жазушы тағы да ақынның өзінің оқыған кітаптарын еске алдырып, көмекке жаратады. Өмірдегі ақ пен қара, жақсылық пен жамандық атаулы қасиеттер қарама-қарсы келгенде, Абай айтқан жылы жүрек пен нұрлы ақыл қажет екенін білетін М.Әуезов эпопея оқиғасындағы кейіпкерінің ішкі сезім тартысына ақынның толық адам турасындағы танымын көркемдік тұрғыдан жеткізеді. Абайдың толық адам жайындағы танымы «Абай жолы» роман-эпопеясының өн бойынан табылып, шығармада ұзын арқаудай созылып таралып жатады. М.Әуезов Абай мұрасының гуманистік астарын ашу барысында, ақынды өз өлеңдерімен үлкен аренаға алып шығу сәтінде, Абаймен мейлінше үндес, рухани тұтастықта алып келді. Абай толық адам болу үшін адам бойындағы ең негізгі қасиеттер деп ақыл, қайрат, жүректі атаса, М.Әуезов те «Абай жолы» роман-эпопеясында осы үш қасиетке ерекше мән береді.
Адамгершілік жайындағы Абайдың ой байламдарын терең танып білген кемеңгер жазушы осы ой қазығын «Абай жолы» роман-эпопеясындағы кейіпкерлер тұлғасынан көреміз. Өйткені, Абай мен Әуезов арасындағы рухани сабақтастықтың өзекті буы-ны да дәл осы толық адам маңайында болғандықтан, Әуезовтің Абай «нравственная личность» мәселесін бар тартысының, талап арманының тетігі етеді деп жазған ой байламы да көрсетіп тұр.
«Абай аға» атты тарауда «Кең маңдай, қайратты жүзі көкшіл тартты. Реңіне ыза шыққандай. …Жүрегінің басынан удай боп төгілген шер болса, оның бәрі бұл отырғандар туралы ой емес», – деген үзіндіні оқуға болады.
Ұзақ жылғы айдаудан оралған Базаралы Семейге келгенде, оны қарсы алған көңілдес ағайын қонақ етеді. Жиренше пәтерінде жиылған топтың ортасында отырған Базаралы басынан өткен қапырық ойларды ойлайды. Жазушы эпопеяда Базаралы бейнесін арыстай сом тұлғалы, бұл өңірдегі ең қымбат жан деп басқа кейіпкерлерден даралап бейнелейді. М.Әуезов Базаралы тұлғасын сипаттағанда, Абайдың толық адам болудағы «үш қасиетін», әсіресе, қайрат сөзін көп қолданады, яғни, қайратты жүзі мен шерлі жүрегін атайды. Бұндай мысалды «Кек жолында» атты тараудан да кездестіреміз. Дәркембай Базаралыға: – Қайратың болса, қажырың жетсе, қамырығың бір халқыңмен болсаңшы… Базаралының қазіргі Дәркембайдан алған қуат сөзі оған қанат бітіргендей. Қайратты ер енді қалжың тәрізді бір ой тастап сөйледі: – Ақылың ақыл-ақ! Бірақ, маған тағы бір ой келеді».
Абай айналасындағы адамдардың бойында ақыл, қайраттың кем болғанын айтып, заманды бұзып отырған осы қасиеттің жоқтығы екенін байқайды. Адамдарды аздыратын қылықтарды «улы сия, ащы тілмен» ақын жырлайды. «Бойда қайрат, ойда сөз, Болмаған соң айтпа сөз», – Абай қайрат пен ақылдың тапшылығын баса айтқан болса, М.Әуезов бұл мәселені «Абай жолы» эпопея-сында реалистік тәсілмен көркемдеп суреттейді. «Абай жолы» эпопеясындағы тоңмойын, томырық Әзімбайға ыза болған Абай былай дейді: «…Онымен жағаласқан жан құрысын… қанша жыл жақсылық жолына түсіп, қажыған қайрат етіп ең? Бәле деп, жуандық деп, мал деп көз аштың. …Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол дейді Жақсылық, Аяныш, Әділет, адал жүрек керек дейді Жақсылық! Естіп көріп пе ең, сен мұндайды!».
Жазушы Абай айтқан жақсылық, аяныш, әділет, адал жүрек деген қасиеттерден Әзімбайдың жұрдай екенін аса жиіркенішпен айтады. Адамдық қасиеттерден ада болып өсіп келе жатқан Әзімбайдың азуы шыққан қатал, асау, зорлықшыл кейпін жазушы шынайылықпен бедерлейді. Абайдың осы сияқты айналасындағы адамдардың жиренішті қылықтарына ыза болып, оларға адамдық қасиеттер жайлы айтқан толғаулы уағыздары мен ақынның терең ойларын М.Әуезов эпопеяда жиі келтіреді. Шұбар жайындағы Абайдың ойын жазушы былай береді: «Мыналар болса, зорлығы мен көптігін, күші мен кәрін қолымен де батырып жібере алады. Абай жағынан азар болса, көретін жазасы «ар, ұят, адамгершілік» деген жөнде. Шұбардың өзіне жол еткен мінезі бойынша, ол «ар, ұят» дегендер кеңшілікте, тыныштықта, келіп кетері жоқ мәжілісте ғана және Абай қасында ғана сөйленетін ермек қана».
Абайдың Шұбарға беретін тағылымы ар, ұят, адамгершілік жөнінде екенін жазушы түсіндіреді. Шығармадағы бұл үзінді Абайдың мына өлең жолына үндес келеді: «Жаман тату қазады өзіңе ор, Оған сенсең, бір күні боларсың қор. Ары бар, ұяты бар үлкенге сен, Өзі зордың болады ығы да зор».
Абай адамгершілік, адалдық мінездерді жастарға үлгі етіп, ар мен ұят мәселесін қозғайды. Абайдың жастарға үлгі етіп, толық адам болудың талап-тілектеріне лайық болып келетін адамның өмірдегі көрінісі өзінің сүйікті ұлы Әбдірахман бейнесі еді. Абайдың толық адамға қойған талабы – қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің бірлігі Әбдірахманның бойынан табылады. Әбдірахман бейнесі гуманист ақынның өмір бойы аңсаған адамгершілік мұраттары хақындағы ойларының негізі, адамзат баласына ортақ асқақ үміті еді. Яғни, оны жүрегі жылы, бойы құрыш, туысы жаннан бөлек жан етіп суреттегенде, ақынның ең бірінші тілге тиек етері – өзі жұртқа бұрын да көп насихаттаған ғылымға берілгендігі. «Тұл бойың ұят-ар едің». Міне, осы бір ғана өлең тармағынан жас жігіттің бүкіл адамгершілік бітімі түгел жеткізіліп тұр. Одан арғы әр нәрсені ойлап істейтін байсалдылығы, нар мінезді тәуекелшілдігі, талапшылдығы. Әбдірахманның қысқа ғұмырында ол – жұртқа үлгі боларлық үлкен істер тындырғаны, өзінің басына біткен тәрбиелі мінез-құлқы өмірбаянымен байланыстырып жырланады. «Абай Әбдірахманға арналған жоқтау өлеңдерінің көбінде адам болам десеңіз деген шартқа қойылатын басты талаптың бар белгісін бойына ұялатқан қазақ қауымындағы жаңа буынның бейнесін суреттеуге бой ұрған. Сондықтан да: «Жаңа жылдың басшысы – ол, Мен ескінің арты едім», – деп Әбдірахманды толық адам болуға асық, соны қасиет атаулыны бойына дарытқан жаңа ұрпақтың өнегелі бейнесі ретінде тұлғалайды». Міне, Әбіштің осы адамдық биік қасиеттерін, оның іс-әрекеттерін М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында кең тұрғыдан ашады. Эпопеяда өзінің жастығына қарамастан, ол үлкен ойдың, кең талғамның адамы ретінде көрінеді. Жазушы Әбішті ел қамын жейтін, жауыздыққа қарсы алысатын адам етіп суреттеген. Бұл ретте роман кейіпкері Әбіш пен оның прототипінің, сол сияқты Абай өлеңдерінде бейнеленген Әбіштің арасындағы ұқсастық, жақындық мол екенін атап айту керек. Абайдың сүйікті ұлы Әбдірахманға арнап шығарған өлеңдері «Абай жолы» эпопеясында мол қамтылған. Бұл өлеңдері арқылы жазушы қайрат, ақыл, жүректің бірлігі бойынан табылған, Абай аңсаған толық адам болудың талабынан шыққан Әбдірахман бейнесін эпопеяда қазақ даласында ешкімге ұқсамайтын жаңа тұрпатты ерекше ғазиз жан ретінде бейнелейді.
Қорыта келгенде айтарымыз, Абай поэзиясында негізінен сөз болатын адамгершілік мәселесі мен талап қоятын адамдық қасиеттері «Абай жолы» роман-эпопеясында жалғасын табады. Абайдың аңсаған, армандаған толық адамын М.Әуезов оқырманға көркем образдар арқылы шебер тілмен жеткізеді. Абай поэзиясының алтын арқауы – толық адам жайлы ойшылдың танымын М.Әуезов дамыта отырып, оған өз көзқарасы тұрғысынан гуманистік мәселелерді өзек еткен прозалық туындыларында кеңінен толғайды.

Аян ҚАЖЫБАЙ,
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық колледжінің оқытушысы,
филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының
корреспондент мүшесі

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар