Журналистік-жазушылық зердесінің арқасында өз оқырманын ойлы әлемге қарай жетелеп, ғибрат берген, есімі республикаға танымал журналист-жазушы, ақын, аудармашы Смағұл Рахымбек те осы өңірдің тумасы, біздің мектептің түлегі болғанын көпшілік жұрт біле бермес.
«Жазушы мен ақын дүниеден өтсе де, артында сөзі қалады. Өмірден мезгілсіз көз жұмып кете барған Смағұл Рахымбек осы екі сөз дертін де тең ұстаған талантты қаламгер еді»,–дейді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа Смағұл ағамыз қайтыс болғаннан кейін жарық көрген «Жырларым менің сөйлесін» атты кітабына жазған алғысөзінде. Смағұл ағамыз «Ару мен арлан», «Көңіл шуағы», «Темір тордағы тіршілік», «Айдындағы ақ желкен» атты прозалық кітаптардың, бірнеше жыр жинақтарының авторы.
Ақынның отбасы жыр сүйер қауымға 2018 жылы жоғарыда аталған «Жырларым менің сөйлесін» атты жыр жинағын тарту етті. Жинақтың тұсаукесері Астана қаласында Ұлттық академиялық кітапхананың үлкен залында болып өтті. Бұл кітапқа қаламгердің түрлі тақырыптарда жазған таңдаулы өлеңдері енгізілген. Сонымен қатар, кітапта Смағұл ағамыздың жары Әлия Есләмқызының «Менің мақсатым – Смағұлдың арманын жүзеге асыру» деп бастаған естелігі берілген. Онда өмірлік серігінің елін, ұлтын, туған жерін қалай сүйгені, шығармашылық жұмысы, қаламгер әріптестерімен қарым-қатынасы жайында баяндалған.
Биыл ауылымыздың 90 жылдық торқалы тойында журналист, ақын ағамыздың отбасы қаламгердің білім алған ордасына Смағұл Рахымбек атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинетін сыйға тартты. 9 қазан күні ақынның туған күніне орай, мектеп директоры Қ.А.Асанованың бастамасымен «Қымбаттым, асыл – Қызылту орта мектебім» атты кеш өткізілді. Бұл шараға ақынның отбасы мүшелері, жақындары мен туған-туыстары, Қазақ радиосының ардагер дикторы Күләш Молдахметова, Смағұл ағамыздың сыныптастары, көзкөрген ауылдастары қатысты. Оқушылар ақынның шығармашылығынан бірнеше өлеңдерін оқып, әнін шырқады. Қонақтар естеліктерімен бөлісіп, туыстарына жылы лебіздерін білдірді.
Жантеке ауылы өзінің осындай талапты да дарынды, құрметті азаматын әрқашан мақтан тұтады, жас ұрпақ та танымал ағасын үлгі етеді деп сенеміз. Ал, бұл – өмірде қарымды қалам қуатымен өз орнын айқындап кеткен Смағұл Рахымбек ағамыздың есімі, елге сіңірген еңбегі ешқашан өшпейді деген сөз.
Толқын ЖАНАЙДАР,
Қызылту орта мектебінің
10 сынып оқушысы.
Жантеке ауылы,
Қорғалжын ауданы.