Әл-Фараби: Поэзия өнерінің канондары туралы

Соңында өлмес мол мұра қалдырған, екінші ұстаз атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің «Поэзия өнерінің канондары туралы трактатының» жалғасын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Ғылымның сан саласын зерттеген ғұламаның Аристотель еңбектерін басшылыққа ала отырып сөз өнеріне, оның ішінде поэзияға жан-жақты талдау жасап, анықтама беруі, мазмұны мен формасына қарап жіктеуі поэзияның жанр ретінде қалыптасуына ықпал еткені анық. Мың жылдан астам бұрын жазылған ғұлама бабамыздың еңбегі қазір де өз мәнін жойған жоқ.

Жоғарыда көрсетілгендерден кейін бізге поэтикалық пікірлерге және олар қалай жіктеледі деген мәселелерге тоқталу керек.
Поэтикалық пікірлер көлемі немесе фабулалар негізінде жіктелуі мүмкін. Көлемі негізінде жіктелу музыканттың немесе просодистің ізденіс саласына жатады және ол сол пікір құрастырылатын тілге және олар жатқызылатын музыка түріне байланысты болады. Фабул негізінде жүргізілетін ғылыми жіктеу символдарды тәпсірлейтіндердің, поэзияға түсініктеме берушілердің, поэтикалық идеяларды зерттеушілердің, әртүрлі халықтардың және әртүрлі мектептердің поэзиясын оқып үйренушілердің ізденісі саласына жатады. Мысалы, қазіргі кезде араб және парсы поэзиясын оқып үйренетін мамандар бар және олар осы пәндер бойынша кітаптар жазуда: олар поэзияны сатираға, пэанға, жарыстырма өлеңге, аллегориялық, комедиялық, сипаттамалық және т.б. поэзияларға бөледі. Осылардың бәрін олар кітаптарда сипаттайды, ол кітаптарды оңай табуға болады, ал, осының өзі бізді ол туралы жалпылама көрсету қажеттілігінен арылтады. Сондықтан енді басқа сұраққа назар аударайық.
Біз деп айтар едік, олар туралы қандайда бір мәлімет білетін, кешегі және бүгінгі ақындардың көпшілігі көлем мен фабуланың ара-жігін ажыратпайды және поэтикалық тақырыптардың әрқайсысы үшін арнайы көлем тағайындап жатпайды. Бұл қағидадан жалғыз ғана ежелгі гректерді алып тастауға болады. Олар поэзияның әрбір түріне көлем тағайындап отырды. Сөйтіп, олардың пэанға қоятын көлемі сатираға қарағанда басқаша болады, дәл сондай-ақ, сатира үшін белгіленетін көлем комедиялық өлеңдерге және т.б. қарағанда басқаша болады. Басқа халықтар және мектептер осындай көлемдердің барлығын немесе басым көпшілігін қолдана отырып және бұл салаға гректер істегендей қандайда бір шектеу қоймай-ақ, пэанды әртүрлі көлемде жасап отырады.
Қазір біз данагөй (Аристотель) өзінің поэзия өнері бойынша ой толғауларында қолданған жіктеу әдісіне сүйене отырып, грек поэзиясы түрлерін атаймыз және (оның) әрбір түрін қарастырамыз.
Біз грек поэзиясы төмендегідей жанрларға бөлінеді деп айтамыз, оны мен осы жерде атап көрсетемін: трагедия, дифирамба, комедия, ямб, драма, айной, диаграмма, сатира, поэма, эпос, риторика, амфигенезис және акустика.

Трагедия – ол өзінің арнайы көлемі бар поэтикалық жанр. Ол оны тыңдайтын немесе оны декламациялайтындардың бәріне ләззат әкеледі. Трагедияда басқалар үшін үлгі болатын жақсы әрекеттер мен құштарлық істер айтылады; онда, сонымен бірге, қала басқарушылары мадақталады. Музыканттар әдетте трагедияны монархтардың алдында айтады және монарх өлген кезде олар өлген монархқа жоқтау айту үшін трагедияға кейбір қосымша мелодияларды енгізеді.
Комедия – ол арнайы көлемі болатын поэтикалық жанр. Комедияда жағымсыз істер туралы әңгімеленеді, бетіне басуға тұрарлық адамдар, олардың әдебі және ұятқа қалдыратын мінезі туралы сатира. Кейде жекелеген мәселеде бетіне басуға тұрарлық әдеп, адамға да, хайуандарға да тән болатын теріс қасиеттер атап өтілетін лидер қосымша енгізіледі.

Дифирамб – ол трагедия көлемі екі еселенген поэзия жанры. Дифирамбада қандайда бір жекелеген монархты немесе адамды мадақтамайтын, бірақ тек жалпы жақсы әрекет қана атап өтілетін жалпы адамзатқа тән жақсы әрекет, жалпы құптарлық әдеп және ізгілік айтылады.

Ямб – ол арнайы көлемі болатын поэтикалық жанр. Ямбда жақсы да, жаман да істер туралы жалпыға мәлім нақылдар атап өтіледі, бірақ олар мәтелдер сияқты жалпыға мәлім болып келеді. Бұл жанр ыза-кек пен түршігу дәуірлерде наразылық және соғыс жағдайларында қолданылды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар