Ұлы ақын, ағартушы, философ, композитор, аудармашы, жазба әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін салушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай елімізде көптеген іс-шаралар өткізілуде. Біржан сал ауданындағы Макин орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері де осы мерейтойға өз үлестерін қосуда.
Жуырда мектебіміздің 5-11 сыныптары арасында «Адамзаттың Абайы» атты әдеби іс-шара ұйымдастырдым. Оқушылар Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты қосымша мәліметтермен бөлісіп, бейнефильмдер көрді. Абайдың табиғат лирикасына байланысты жазылған өлеңдері қазақша, орысша ағылшынша оқылса, «Татьянаның Онегинге хаты» аударма өлеңі сахналық көрініс ретінде қойылды. 5-сынып оқушылары «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Әсемпаз болма әрнеге», ақынның тағы басқа өлеңдерін мәнерлеп оқып берді.
Абай шығармашылығындағы елеулі орын алатын бір сала – оның поэмалары. Олар: «Ескендір», «Масғұт», «Әзімнің әңгімесі». Абай өзінің поэмаларында әлеуметтік-адамгершілік идеяларын көтереді. Соның бір мысалы ретінде оқушылар «Ескендір» поэмасынан үзінді оқыды. Өмірінің соңғы кездерінде Абайдың жазған туындысы «Қара сөздері». Қара сөздер – көркем әңгіме емес, алайда, оларды даналық сөздер, мақала, ғылымдық, философиялық шолулар деп қарастыруға болады.
Қарасөздерінің саны – 45. Оқушылар 16, 12, 31-қарасөздерді жатқа айтып, 17-қарасөзден көрініс көрсетті. Абай тек өлеңдер, қарасөздер жазып, аудармамен айналысып қоймаған. Ол әртүрлі тақырыпта әндер де жазған. Бір сөзбен айтқанда Абай – талантты композитор.
Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді,
Тыңдағанда көңілдің өсері бар, –
демекші, «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әндері мектебімізде өткен әдеби шарада да айтылды.
Артына өлмейтін мұра қалдырған ұлы Абайдың 175 жылдығына орай мектебімізде басқа да іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтсам, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері – Г.Д.Әубәкірова бастауыш сынып оқушыларымен «Абай оқуларын», Н.О.Еркебаева «Абайдың қарасөздерін жатқа оқу» сайыстарын өткізді және мектепішілік жоспар негізінде әлі біршама жұмыстар жүргізілмекші.
Барша қазақ баласы Абайды тануға, білуге, Абаймен мақтануға тиіс. Ұлы ақын өз халқын өркендеген, өскен, еркін халық ретінде көруді армандады. Міне, біз Абай аңсаған арманға жетіп отырмыз. Олай болса, жүрегі қазақ деп соққан әр азамат Абай өлеңдерін, әндерін, қарасөздерін бойтұмарындай сақтап жүрсе екен деген тілегіммен қоса, мақала соңында Абайға арнап жазған мына бір жыр шумақтарымды келтіре кетсем деймін.