Қаңтардың соңғы күндері, ауа райының қолайсыздығына байланысты, өңір құтқарушылары үшін қауырт жұмыстарға толы болды. Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, азаматтық қорғаныс подполковнигі Алексей Советов қаңтардың соңғы төрт күнінде автомобиль жолдарындағы қар құрсауынан 845 адам, оның ішінде 92 баланың құтқарылғанын тілге тиек етті.
– Департамент дауылды ескертпе туралы хабарды 24 қаңтарда алып, облыс аумағында тосын жағдайдың алдын алу шаралары қарастырылды. Осы аралықта басқармалар мен тіршілікті қамтамасыз етуші ұйымдарға, тұрғындарға 41 СМС хабарламасы және «Darmen» ұялы желісі арқылы 56 рет ескерту жіберілді. Арнайы жедел штаб құрылып, құтқару қызметі «Күшейтілген» тәртібінен «Төтенше жағдай» режіміне көшірілді. Айналасы жеті күннің ішінде облыс автожолдарында 29 рет шектеу қойылды,–деді Алексей Советов.
Бұдан кейін департамент басшысы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.
–Әсіресе, Ерейментау ауданының аумағындағы «Нұр-Сұлтан–Ерейментау–Шідерті» автомагистралында күрделі жағдай орын алды,–деді ол. Бұл жолда барлық көлік құралдары үшін 24 қаңтардан бастап шектеу қойылды. Кейбір жағдайларда көлік қозғалысы жол қызметі, төтенше жағдайлар департаменті және жергілікті полиция өкілдерінің бақылауымен, колонна түрінде жүргізілді. Дәл осындай жағдай Целиноград, Ақкөл, Шортанды аудандары аумағындағы «Нұр-Сұлтан – Көкшетау», «Нұр-Сұлтан – Атбасар», «Нұр-Сұлтан – Қарағанды» бағытындағы жолдарда орын алды. Тұрғындардың сапарға рұқсатсыз шығып кетуін болдырмау мақсатында 58 ұтқыр блок-посттар ұйымдастырылып, бұл іске 55 техника мен жергілікті полицияның жүзден астам қызметкері, сондай-ақ, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 30 арнайы техникасы және 60 қызметкері жұмылдырылды.
Журналистерге белгілі болғанындай, аталған мерзімде 2181 адам, мұның ішінде 129 бала жылыну бекеттеріне жеткізілген. Қар құрсауынан 587 көлік, 6 «жедел жәрдем» машинасы сүйреп шығарылды. Апатты–құтқару шаралары барысында облыстың медицина мекемелеріне 14 аяғы ауыр әйел, 14 жолаушы жеткізіліпті. Жалпы, 3654 автокөлік 16 колоннаға топтас-тырылып, қауіпсіз аймақтарға шығарылған. Жол бойындағы қарды тазалауға 141 техника жұмылдырылып, қар құрсауынан 572 көлік шығарылды. Қар астында қалған техникаларды аршып алу жұмыстарына ҚР ІІМ Көкшетау техникалық институтының 66 курсанты ТЖ департаменті құрамының 60 қызметкері, Қорғаныс министрлігінің өкілдері мен арнайы техникалар қатыстырылған. Жұмыла атқарылған жұмыстар нәтижесінде адам шығынына жол берілген жоқ.
Брифинг соңында департамент басшысы арнайы хабарлар жіберілгеніне қарамастан, өз бетінше сапарға шығу фактілері бар екендігін, мұндайға жол бермеу қажеттігін ескертті. Табиғи апат тәуекелшілікті көтермейді, мұның соңы өкінішті жағдайларға ұрындыратыны анық.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.