Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың халыққа есеп беру кездесуінің ақпараттық хабары - АРҚА АЖАРЫ

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың халыққа есеп беру кездесуінің ақпараттық хабары

«Көкшетау» мәдениет сарайында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың халыққа есеп беру кездесуі болып өтті. Кездесу барысында өңірдің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылып, 2020 жылға арналған міндеттер белгіленеді. Бұл кездесуде облыстың барлық аудандары мен қалаларының делегациялары, мәслихат депутаттары, қоғамдық және мемлекеттік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, департаменттер мен ведомстволардың басшылары қатысты. Кездесу жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Бақытжан Сәпиев қатысып отырды.

Облыс орталығындағы «Көкшетау» мәдениет сарайында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың «2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және 2020 жылдың негізгі міндеттері туралы» халық алдындағы есеп беру кездесуі болып өтті. Кездесуге Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Бақытжан Сәпиев, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихаттың төрағасы мен депутаттары, департамент пен басқармалардың, мемлекеттік органдардың, оқу орындарының басшылары, аудандар мен қалалардың делегациялары, зиялы қауым мен қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Өңір басшысының есебі «Call-орталық» арқылы «онлайн» режимінде және облыстық теледидар арқылы облыс аумағына тікелей көрсетілді. Кездесу барысында «Facebook», «You Tube», «Skype» әлеуметтік желілер арқылы және залдан қойылған сұрақтарға жауаптар берді. Осы ретте, тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін жинауға арналған жәшіктер барлық аудандар мен қалалар әкімдіктерінің және облыс әкімдігінің ғимараттарында алдын ала орнатылып, телефон байланысы мен әкімнің хештегі жұмыс істегенін атай кеткіміз келеді. Жалпы, қойылған сұрақтар мен жауаптар сараланып, алдағы уақытта баспасөз беттерінде жарияланатын болады.
Облыс әкімі Е.Маржықпаев 2019 жыл еліміз үшін тарихи жыл болды деп атап көрсетті. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық бағытының сабақтастығы қуатталып, Қ.К.Тоқаев президенттік қызметіне кірісті. Қазақстан өз дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Мемлекет басшысының Жолдауы жарияланып, елді одан әрі жаңғырту мен демократияландыруға бағытталған бірқатар шешімдер қабылданды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» Тұжырымдамасын іске асыру басталды. Бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын, зейнетақыларды, сондай-ақ студенттердің шәкіртақыларын өсіру туралы шешімдер қабылданды. Көп балалы аналарды, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды қолдаудың кең ауқымды шаралары жасалды. Елімізде 500 мыңнан астам мұқтаж адамдардың қарыз жүктемесі төмендеді. Шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі бағдарламалар жалғасын табуда.
Облыс экономикасының қарқынды дамуы Мемлекет басшысының азаматтарымыздың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған міндеттерін табысты әрі тиімді шешу үшін берік негіз және орасан зор әлеует құрғанын айғақтайды. Экономиканың барлық салаларында оң динамикаға қол жеткізу бойынша 2019 жылға қойылған міндеттер орындалды. Экономиканың негізгі салаларының өндіріс көлемінің өсуі есебінен қысқа мерзімді экономикалық индикатор 105,2 пайызды құрады. Өңірде 534 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру арқылы 4700 отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты. Нақты сектордағы көрсеткіштің өсуі орташа айлық жалақының (135065 теңге) өсуіне және халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге ықпал етті. Яғни, 16,7 мың жаңа жұмыс орны құрылды.
Өңір басшысы Мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығының басымдықтарына сәйкес, облыстың өнеркәсіп секторын дамыту жалғасуда екендігіне екпін түсірді. 2019 жылы өнеркәсіп кәсіпорындары 769 миллиард теңгенің тауарлы өнімін өндірді, бұл 2018 жылға қарағанда 109,3 миллиард теңгеге артық. Өңдеуші секторда машина жасау, тамақ және жеңіл өнеркәсібі, резеңке мен пластмасса бұйымдарын өндіру, жиҺаз жасау жетекші орынға шықты. Трендтің жалпы деңгейі 2015 жылғы 70 пайыздан 2019 жылы 81,5 пайызға өсуі қамтамасыз етілді. Тауарлық өнімдегі айтарлықтай өсім жылына 50 мың тонна ет өндіретін «Макинск құс фабрикасының, «Kazakhaltyn Technology» алтын шығару фабрикасының жобалық қуатына шығуы есебінен алынды. Былтыр «КамАЗ-Инжириниг» АҚ, «ЕПК-Степногорск» АҚ, «Қазақалтын» ТКМК» АҚ кәсіпорындары өндірістің қарқынын еселеп арттырды.
Ірі кәсіпорындар өндірісті цифрландыру және Индустрия 4.0 элементтерін енгізуге шамамен 2 миллиард теңге қаржы жұмсады. Мәселен, «Қазақалтын» ТКМК» АҚ тау-кен қазбаларын модельдеу, «Тыныс» АҚ конструкторлық-технологиялық құжаттаманы автоматтандыру, «Көкше-Цемент» ЖШС шикізатты автоматты түрде іріктеу және ауыстыру модульдері және басқа технологияларды енгізді.
Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы ойдағыдай аяқталды. Оны іске асыру кезінде 189 миллиард теңгенің 39 жобасы қатарға қосылып, 4 мың жұмыс орны құрылды. 2019 жылы жалпы құны 4 миллиард теңге болатын 5 жоба іске қосылды. Құрылыс индустриясы тұрақты даму әлеуетін жалғастыруда.
Ермек Боранбайұлы Қазақстан мен Ресей аймақаралық ынтымақтастығының ХІ форумы аясында облыс әкімдігі мен «ХЕВЕЛ» компаниялар тобы ресейлік инвесторлары арасында жасалған келісім бойынша ағымдағы жылы Целиноград ауданында қуаты 100 МВт болатын өңірдегі алғашқы күн электр станциясын іске қосу жоспарлануда екендігін айтты. Бұл облыстың жаңартылған энергия көздерінен өндірілетін энергия үлесін 40 пайызға дейін өсіруге мүмкіндік береді.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі барлық іс-шаралар еңбек өнімділігін арттыру және өңделген өнімді экспорттау жөніндегі міндеттерді іске асыруға бағытталған.
2019 жылы облыстың 4600 агроқұрылымдарына 42,1 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Осының арқасында ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық түрлері өндірісінің тұрақты өсуі қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығының жоғары өсу қарқыны ет өндірісінің – 35,1 пайызға, сүт – 2,7 пайызға, сары май – 11 пайызға, ет-сүйекті субөнімдері – 78,7 пайызға, өңделген сүт – 23 пайызға өсуіне байланысты болды.

Өткен жылдың қорытындысы бо-йынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 515,8 миллиард теңгені немесе 2018 жылдың деңгейіне 100,1 пайызды құрады.
Кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау біздің жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі болып табылады,–деді облыс әкімі.
«Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019 жылы 2,1 миллиард теңге бөлінді, 250 жобаға қолдау көрсетілді.
Өңірге инвестицияларды тарту, соның ішінде шетелдік инвестициялар бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілуде. 2019 жылы облыс экономикасына 14,4 пайыз өсіммен 329,7 миллиард теңге инвестициялар салынды. Сыртқы инвестициялардың көлемі 1,2 есе өсіп, 20,3 миллиард теңгені құрады.
Облыста 26 елге өз өнімдерін жеткізетін 50-ден астам экспорттау-шы компаниялар жұмыс істейді. 2019 жылдың 11 айында сыртқы сауда айналымының көлемі 852,8 миллион АҚШ долларын, экспорт 397,6 миллион АҚШ долларын құрады.
Жыл сайын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы қаржыландыру жоспарлы түрде ұлғаюда. 2019 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың қаржыландыруы 401,834 мың теңгені құрады. 2020 жылы қаржыландыру көлемі 500 миллион теңгені құрайды. 2019 жылы аймақтың азаматтық секторымен 50 мың адамды қамтыған 1 мыңнан астам іс-шара өткізілді. Негізгі қаражат қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы қоғамның рухани дамуы-
на күшті серпін берді. Бағдарламаны жүзеге асыру аясында 2019 жылы облыс бойынша 500 мыңнан астам адамды қамтитын 6 мыңға жуық түрлі форматтағы іс-шаралар өткізілді.
Бұдан кейін облыс әкімі Ермек Маржықпаев облыс тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Алғашқылардың бірі болып сұрақ қойған Аршалы ауданының тұрғынын өз өңірлерінен өтетін «Сарыарқа» газ құбырына қандай елді мекендер қосылатыны толғандыратынын айтты. Өңір басшысы өз жауабында бұл бағытта 13 жоба дайындалғанын атап өтті. Газ құбырына Аршалы ауданының 17, Целиноград ауданының 3 елді мекені қосылатын болады. Бірінші кезеңде 20 мыңға жуық тұрғын үй газбен қамтылмақшы. Екінші кезеңдегі жұмыс Целиноград ауданында, үшінші кезеңдегі жұмыс автобан бойындағы бірқатар аудандар мен Көкшетау қаласында жүргізіледі.
Атбасар ауданындағы Покровка селосының тұрғыны 2017 жылы ауылдарын су алғанын, осыған Жабай өзенінің арнасын тереңдету жөнінде ұсыныс айтты. Облыс басшысы су тасқынынан зардап шеккен 600 отбасыға баспана берілгенін, биылғы жылы тағы да 500 пәтерлік тұрғын үйлер салынатынын мәлім етті және су тасқынының алдын алу шаралары жүргізіліп жатқанын айтты. 20 шақты саманнан салынған тұрғын үйлердің мәселесі кейін шешілетін болды.
Көкшетау қаласының тұрғыны облыс орталығындағы «Тыныс» акционерлік қоғамында шығарылып отырған мүгедектер арбасының бағасы мен сапасы туралы сұрап білді. Облыс басшысы Ермек Маржықпаев мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық – ең маңызды ұлттық мәселелердің бірі екенін атап өтті.
– Бүгінгі таңда өңірде мүмкіндігі шектеулі жандардың толыққанды өмір сүруі мен бос уақытын тиімді пайдалануы үшін барлық мүмкіндіктер жасалып отыр. Мүгедектер арбасын өзімізде шығаруды қолға алып отырмыз. Бұл әрине, ақмолалық мүмкіндігі шектеулі жандар үшін өте тиімді, – деді облысы әкімі.
Осы ретте, залда отырған «Тыныс» акционерлік қоғамының директоры Қайрат Қалманбаев мүгедектер арбасының бағасы мен сапасы туралы түсіндіріп берді. Оның сөзінше, зауытта құрастырылатын мүгедектер арбасының ең арзаны 850 мың теңгеден аспайды екен. Осындай шетелдік арбалардың бағасы орташа 1,6 миллион теңгені құрайды. Зауытта арбаның сапасына да ерекше көңіл бөлінеді.
Ал, құқық қорғау саласының ардагері Асылбек Сапарғалиев облыс әкімінің жұмысына ризашылығын білдіре келе, өрт сөндірушілерді даярлайтын еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны – Көкшетау техникалық институына жерлес Кеңес Одағының Батыры, даңқты жерлесіміз Мәлік Ғабдуллиннің есімін беруге атсалысу туралы ұсыныс жасады. Облыс басшысы Ермек Маржықпаев ардагердің сөзін байыппен тыңдап, бұл мәселені шешу мүмкіндіктерін қарастыруға уәде етті.
Есеп беру кездесуі барысында Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы, драматург, қоғам және мемлекет қайраткері Жабал Ерғалиев облыс әкімінің жұмысына оң бағасын беріп, жылы лебізін білдірді.

Рамазан Тілеуов,
Бақберген Амалбек,
Аслан Оспанов.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар