Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Абайдың сөзінің мәнін ұғар қазақ бар ма?!. - АРҚА АЖАРЫ

Абайдың сөзінің мәнін ұғар қазақ бар ма?!.

Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде не көп, жалған мақтау, жасандылық көп. Біреулер беттерін баттастырып бояп, жасанды сұлулығымен, енді біреулер байлығымен мақтанады. Ана бір кезде бір топ эстрада әншілері Меккеде қажылықта жүрген фотоларын әлеуметтік желілерге салып, халықтың алдында бір мақтанған еді. «Бай баласы мақтанса – жылқыдан жорға міндім дер, би баласы мақтанса – парадан шапан кидім дер» деген халық нақылы осындайға қарап айтылса керек.

Қарап отырсаңыздар қазір адамдар жасаған әрбір әрекетін, қайда барғанын, үстіне киген киімін, жеген тамағын, бәрін көпшілікке жария етуді әдетке айналдырды. Сондағы көздейтіндері не деп ойлайсыздар? Бай-бақуатты тұрмыстарын көрсетіп, қарапайым халықтың алдында мақтанғылары келеді. Сондайлар Абайдың «Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден» деген дана сөздерінің мәнісін ұғынса ғой, шіркін. Баймын деп мақтанбай, барынша қарапайым болуға тырысу керек. Мақтаншақ адам айналасындағыларға рухани азған, мәдениетсіз, ақшақұмар адам болып көрінеді.
Қоғамда көмекке мұқтаж қаншама жандар бар. Ауқатты адамдар соларға қол ұшын беріп, көмектесіп жатса, қандай жақсы. Алайда, бақуатты адамдар біреуге көмектесіп, игілікті іс жасаудың орнына ақшаларын қымбат мейрамхана, ырду-дырду қыдырысқа жұмсағанды жөн көреді. Осы арада Абай атамыздың «Пейілі кедей байдан сақта» деген тағы бір дана сөзі еріксіз еске түседі.
Бұл арада біреудің байлығын қызғанып отырған ешкім жоқ. Тек, осы біз қайда бара жатырмыз, бойымызда адамгершілік, ар-ұят, ұлттық намыс деген қасиеттер ұмыт болып бара жатқан жоқ па деген ой мазалайды. Данышпан Абай үшінші қара сөзінде былай дейді: «Әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы  жоқ жандар  шығады». Абайдың қара сөзінде айтылатын мақтаншақтық, надандық, арсыздық, қанағатсыздық бүгінгі қоғамымыздың бет-бейнесіне айналып бара жатқандай. Ең қорқыныштысы, жоғарыда айтып өткен жағымсыз қасиеттерді 20-ғасырда өмір сүрген данышпан Абай қазақтың бойында сол кезде көріп, соған күйінсе, демек арсыздық пен надандық, мақтаншақтық бұрыннан қазаққа тән қасиеттер ме деп үрейленесің.
Солай ойлайсың да, ұлтың үшін жаның ашиды. Әлеуметтік желілерде ашық-шашық суретке түскен, ұятсыз би билеген ар-намыстан ада қарагөздерімізді көргенде мынау менің қазағым ба деп қапаланасың.
Осы уақытқа дейін батыстың мәдениеті, батыстың әні мен биі деп, ұрпағымызды содан алшақ ұстауға тырысып келдік. Америка десе, төбе шашымыз тік тұрып, ондағы мәдениет қазақтың мәдениетіне кереғар деген әңгімелер айтылды. Ал, қазір солардан қандай артықшылығымыз бар? Ұлт, қазақ деп кеуде соққанда сондаймыз. Ұлтымызды, тілімізді, ділімізді, мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді сақтап қалу үшін не істеп жатырмыз? Ал, жасалып жатса, соған ұйып жатқан қазақ бар ма қазір?
Қазіргі қазақты ұйытатын, ұйыта отырып түбіне жететін, өзіне де, ұрпағына да ар-ұят, ар-намыс дегендерді ұмыттыратын қас дұшпаны – әлеуметтік желілер. Уикипедия сайтында Қазақстанда 12 миллион қазақ тұрады, ал әлем бойынша қазақтардың саны 17 миллионға жетті деген деректер бар. 17 миллион деген немене? АҚШ, Еуропаның бір ғана қаласында халық саны отыз, елу миллиондап саналады. Қазақ көк тудың астына біріккенімен, көңілі мен ойы сан-сақта. Бір-бірімізге мақтанғаннан, бірімізді бай, бірімізді кедей етіп көрсеткеннен, бір-бірімізді кемсіткеннен ештеңе де ұтпаймыз. Мақтанғымыз келсе, елімізбен, тілімізбен, мәдениетімізбен мақтанайық. «Жер жүзінде екі мың миллионнан көп артық адам бар, екі миллиондай қазақ бар. Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз», – деп Абай жиырма төртінші қара сөзінде айтқан ұнамсыз қасиеттерден арылуға тырысайық.
Абай қазақты жақсы көрген, жақсы көргендіктен жаман қасиеттерін айтып, ашынған, болашағына алаңдаған. Ендеше, қадірімізді қашырмайықшы, ағайын!
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар