Өткен сейсенбі күні Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова Есіл ауданында жұмыс сапарымен болып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көрді.
Белгілі кәсіпкер, меценат Болат Өтемұратовтың қаржылай қолдауының арқасында Есіл аудандық орталық ауруханасының стационары заманауи құрылғымен, ал, медициналық қызмет автопаркі жаңа реанимациялық автокөлікпен толықты. Құны 73 миллион теңге тұратын медициналық құрал мен реанимациялық көлікті тапсыру шарасына қатысқан Айна Ермекқызы Болат Өтемұратов қорының директоры Марат Айтмағамбетовке облыс әкімінің алғысын жеткізіп, аудандағы медициналық мекеменің материалдық базасын нығайтуға қосқан өлшеусіз үлестері үшін өз атынан да ризашылығын білдірді.
Аудан әкімі Серік Балжанов пен аудандық аурухананың бас дәрігері Дастан Асанұлы, сонымен бірге, аурухана ұжымы Болат Өтемұратов қорына осынау қамқорлықтары үшін алғыстарын жаудырды. Алдағы уақытта осы медициналық жабдықтардың арқасында дәрігерлердің мүмкіншіліктері артып, тұрғындарға медициналық қызмет көрсету сапасы жоғарылай түсетініне сенім мол.
Mersedes Bens маркалы реанимациялық автокөлік түрлі тосын жағдайларда науқастарды аман алып қалу үшін қажетті барлық медициналық жабдықтармен жарақтандырылған.
– Енді шалғайдағы ауыр науқастарды, патологиялары бар, ауыр жарақат алған адамдарды облыс орталығының және Нұр-Сұлтан қаласының клиникаларына өзіміз жедел жеткізе алатын болдық, – дейді аурухананың бас дәрігері Дастан Асанұлы.
Медициналық мекемеге қор сыяпатын табыстау рәсімінен кейін облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандарды, атап айтсақ, «Энергетик» спорт кешені, №2 орта мектеп, «Болашақ» мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорны мен №7 агротехникалық колледжін аралап көріп, олардың жағдайларымен танысты. Кездесу барысында мекеме жетекшілері мен жастар өз жетістіктері жайлы баяндап, толғандырған мәселелерін айтты.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Есіл ауданы.