Облыс әкімі Ермек Маржықпаев «RG GOLD» компаниясының өкiлдерiмен кездесіп, өңірде тау-кен байыту комбинатын салу мәселесін талқылады.
Кездесуде айтылғанындай, бүгінгі күні тау-кен байыту комбинаты құрылысының жобалау-сметалық құжаттары әзір тұр. Қазір бiрқатар мемлекеттiк сараптама жүргiзiлуде. Бұдан бөлек, инженерлік коммуникациялар үшін жер телімі дайындалған. «RG GOLD» компания-сы «Оңтүстiк» және «Солтүстiк аудан қалашығы» кен орындарын игереді, онда жылына құрамында алтыны бар 5 миллион тонна руда өндірілетін тау-кен байыту комбинатының құрылысын салу жоспарланып отыр. Жаңа кәсіпорын Қазақстанда алтын өндiретiн үшiншi ірі кәсіпорын болмақшы.
Кездесуде «RG GOLD» компаниясының өкiлдерi облыс басшысына өз жобасын таныстырды, оның шеңберiнде 105 миллиард теңге инвестиция құю жоспарланып отыр.
– Бұл жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, салық базасын нығайтуды, кемiнде екi ауданның экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуді көздейді. Бизнес инвестициялардың жалпы көлемiнің 80 пайызын бiздiң экономикамызды дамытуға жұмсайтыны қуантады, – дедi Ермек Маржықпаев.
Айта кететін бір жай, қазiргi уақытта бұл жоба республикалық картаға енгiзуді және бекiтуді қажет етеді. Ақмола облысы өзара тиiмдi ынтымақтастыққа мүдделi инвесторлар үшiн агроөнеркәсiп секторында ғана емес, өндiрiстiң барлық бағыттары бойынша тартымды. Қаржы салымдары жылдан-жылға өсе түсуi соның бір айғағы.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.