Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шырай төккен шипажай - АРҚА АЖАРЫ

Шырай төккен шипажай

Бүгінгі күні ел арасында, әсіресе, ардагер қариялардың аузынан «курортқа бару қайда-а-а» деген сөздерді естіп қаламыз. Бұл жергілікті атқамінерлердің немқұрайдылығынан, жұмысты жүйелі ұйымдастыра білмегендігінен туындаған білместік. Қоғам өз азаматтарын, бірінші кезекте жасы еңкейген жампоздарын ешқашан назардан қалыс қалдырмайды. Солай десек те, әлеуметтік жеңілдіктермен, бала-шағасының шарапатымен шипажайларға келіп жатқан адамдар аз емес.

Жуырда Бурабайдың темір жол бекетінен жасы сексенді жағалатқан шырайлы бір шалды көрдім. Жүріс-тұрысы ширақ, ғимараттың ішінде жалғыз өзі жүргендей гүрілдеп сөйлейді. Қолымды қатты сілкілеп, сәлемімді ықыластана қабылдады да:
– Оу, осы сен журналист емеспісің?–деді.
Мені әдейі іздеп жүргендей қуанып қалды.
– Әп-бәрекелді. Сен, шырақ, «Зеленый бор» дейтін шипажайға бар. Сонда мынау қоғамымызды қолдарымен құрысқан қариялар жүр. Барлық облыстан, Ресейден келеді екен. Көңілдері көтеріңкі. Бастығы Көшербаев Радий Серікұлы деген жүзі жылы жігіт көрінді. Ісі мығымдығын байқадым.
Ойда-жоқта танысқан қызылордалық Әлішер Мәмбетниязов ағам маған қоғамның атынан тапсырма беріп тұр. Қария «Көкшетау-Қызылорда» пойызына мінгеннен соң да терезеден қол бұлғап жатты. Мұндай өтінішті жолда қалдыруға болмайтын еді…
Бурабайдың адам қиялындай ирелеңдеген жолдарымен «Зеленый борға» тез жеттік. Бұл қарағай, қайыңды орманымен, тұнық көлдерімен, көздің жауын алатын көрікті табиғатымен әйгілі өңірдің өзегінде орналасқан шырайлы шипажай. Толыққанды сауықтыру және демалуды жүзеге асыратын көпбағытты кешеннің бір мезетте 300 қонақты қабылдайтын екі жатын ғимараты, үлкен хауызы, емдеу корпусы, екі залдық асханасы, тегін автотұрағы бар. Шипажай халыққа 51 жыл бойы тынымсыз қызмет көрсетіп келе жатқанымен, әлгі ғимараттардың ине-жіптен жаңа шыққандай әсер қалдыратыны ғанибет. Жанында Шортан көлі мұз құрсанып жатыр. Жазғы жайдарман алдында азырақ мызғып алғысы келгендей, ақ көрпесін көсіле қымтаған қалпы еркін тыныстайды. «Ұйқыдағы батырымен» танымал Көкше тау да таяқ тастам жерде. Осынау табиғи тұтастық пен жарастық адам көңілін жадыратып, мың шипасын молынан шашып тұрғандай. Аталған нысан тыныс алу, жүрек-қан тамырлары, асқазан-ішек жолдары, буын-тірек қимылы, урологиялық кеселдерді емдеу мен оңалту шараларының ауқымды түрін қамтамасыз етеді.
Айтқандай-ақ, «Зеленый бор» шипажайының бас директоры кеңқолтық азамат болып шықты. Жарқырай амандасқанда бүкіл жан дүниесі ашылып қалғандай әсер алдық. Жүзінде істің көзін білетін сергектік байқалады. Ғажабы, бұрынғы қызметі ұшқыш екен. Бір жағынан, жанын шүберекке түйіп жүретін ұшқыштар адам тағдырына жақын тұратындығы да бар ғой. Осыдан шығар, жаңа жұмысына жан тәнімен кіріскен. Шипажайдың өзіне тән ерекшелігі мен мүмкіндігін пайдалана отырып, оның көпсалалы қызметіне әлеуметтік басымдық беру жолында көп еңбектенген.
Талапқа сай талғамдық сұраныстар да өсе түскен. Мұнда емделушілер мен тынығушыларға қызметтің отыздан астам түрі көрсетіледі. Кіреберістердің барлығына арнайы баспалдақтар (пантус) орнатылып, бесінші қабатқа лезде жеткізетін жедел сатылар істеп тұр.
–Ұжым уақыт талабындағы жауапкершілікті түсінеді. Соған орай қызмет ауқымы да өсе түсуі тиіс. Біз бұрынғыларға қоса отбасылық, коммерциялық және туристік демалысқа басымдық берудеміз. Медицина саласында климаттық терапияның, өз ұңғымамыздағы (89,5 метр тереңдіктегі) родон суларының, балшықпен емдеу, массаждың тоғыз, СПА емінің алты түрі, панта ем қабылдау мүмкіндіктерін барынша пайдаланамыз. Ал, туристік және өлкетану бағытындағы маршруттарымыз танымдық сипат алуда. Бұл үшін тиісті мамандар даярланып жатыр. Балалардың ойын алаңдарының қызықты ұсынымдары молайтылады. Мәдени және спорттық шараларды ұйымдастырушы Бақтияр ҚаҺармановтың жаңашыл ұсыныстары қолдау тапты. Қазіргі күні жаңа «СПА орталық» құрылысының жобасы мақұлданып отыр. Бұл нысан ашық және жабық бассейнді, хаммам мен фин моншасын, демалыс, көңіл көтеру орындарын, сұлулық салонын, сый-кәде бутигін қамтитын болады.
Сондай-ақ, алдағы күзде Көкшетауда Қазақстан мен Ресей аймақаралық ынтымақтастығының ХVІ форумы өткізілуетініне байланысты үлкен дайындық үстіндеміз. Мұның алдында шілде айында 400 адам қатысатын Халықаралық Бизнес-форумды өткізу мақсатында ірі бағдарламалар түзіліп отыр. Біз алдағы кезде де Мемлекет басшысының Бурабай курортты аймағын дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруда еселенген күш-қайрат жұмсайтын боламыз,–дейді бізбен әңгімесінде Радий Серікұлы.
Шипажай ұжымының бұл міндет үдесінен шығатынына сенімдіміз. Мұны «Зеленый бордың» жарты ғасырлық тәлімді тарихы, қол жеткен табыстары айғақтайды. Көп марапаттың ішінен әлемге танымал Халықаралық бизнес-рейтинг одағының «Сала көшбасшысы-2013», «Сала маманы- 2013» ұлттық сертификаттарын, «Қазақстан даңқы» белгісін бөлектеп айтқымыз келеді.
Әйткенмен, еңбектің бағасын тынығушылар беретіні белгілі. Сондықтан, еліміздің әр аймағынан келген кісілермен тілдесуді жөн көрдік.
Бурабайдың көшірмесіндей қолдан жасалған «тау» баурайында тынығып отырған апамызға сәлем бердік. Алматының Нарынқолынан келген «Батыр Ана» Ұлбике Мамырханова екен. Кезінде тракторшы, комбайншы болып жұмыс істепті. «Өкіметке ризамын, еңбегімді ескеріп жолдама берді,–дейді ол. Маған өз ісіне тиянақты қарайтын бас дәрігер Гүлима Ержанованың, медбике Жанар Баталованың, бөлмені тап-тұйнақтай тазалап қоятын Наталья Смирнованың ем-шипасы мен ізгі ілтипаты ұнады. Шипажайдың салтанат және спорт залдары әртүрлі шаралардан босамайды».
Петропавлдың Бескөл ауылының тұрғыны Әскербек Смағұлов ақсақал кезінде колхоз басқармасының төрағасы, Тимирязев аудандық атқару комитетінің төрағасы, Возвышен аупарткомының 2 хатшысы қызметін атқарған екен. «Қолда бардың қадірін білген жақсы,–дейді ол. Ертеректе біраз жердің дәмін татып көргенбіз. «Зеленый бордың» деңгейі олқы түсіп тұрған жоқ. Әлемдік стандарттарға бейімделіп жатқан ұмтылыстар да бар. Бәрінен Бурабайдың көркемдігін, осындағы қызметшілердің жан дүниемізге жақын табиғи пейілін айтсаңызшы. Мен ем-домын алып жүрген Көгаршын Жетпісбаева, Гүлнәр Тәшенова сияқты медбикелердің қолы жеңіл. Шипажай директорының бір тынбайтын орынбасары Нұрлан Омаров та осындағы үлкен істің ұйытқысы екендігі көрініп тұр».
Асхананың 4-ші столында Жамбыл облысының Шақпақ ата ауылынан келген Хадиша Аманбаева апаймен таныстық. Бұл кісі жесірліктің тауқыметін көрсе де 9 баланы тәрбиелеп өсірген. Осы сапарында Алматыдағы ұлы Жорабектің, Нұр-Сұлтан қаласындағы әскери қызметкер қызы Раушанның үйлеріндегі немерелерін қуанышқа бөлеп, күйеу баласы Аслан кеше «Зеленый борға» алып келген екен.
– Ой, қарағым-ай, жас кезімізде білінбейді екен, бас дәрігер ем-домның біраз түрін жазып берді. Таңертең кірісерміз, Алла жазса. Санитарка Зәуреш қызым бөлмемді жарқыратып қойыпты. Бүгін жұма ғой, кешкі тамаққа ет асыпты. Ниеттеріне ризамын. Аспаздар Сұлушаш Матайыпова мен Алена Панкратова, даяшы Олжас балам «әлі тамақтың неше түрінің дәмін татасыз» деп қояды. Бәрінен де армандап жүрген Бурабайға келгеніме қуаныштымын»,–дейді Хадиша апамыз.
Баталы сөзді Ұлы Отан соғысының 2 топтағы мүгедегі, тараздық Нәдір Асатовтың аузынан да естідік. Бурабайға бірінші рет келген ағамыз Көкшенің керемет қойнауын аралатқан, тіпті әсем елордамызға арнайы саяхат ұйымдастырған шипажай әкімшілігіне алғысын жаудыруда. «Осыларды ұмытпай жаз»,–деп қояды арасында.
Халқымыз «Жас күнімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дейді. Бүгінгі қарияларымыз уақыттың ағымында, тағдырдың тауқыметінде жүріп ерен еңбектің өнегесін танытты. Олар қашанда құрмет тұғырында болуы тиіс. Қоғамның қуаттылығы мен баяндылығы да осында. Шырай төккен шипажайдан осы бір тәлсімнің биік тұратындығын аңғардық.

Бақберген АМАЛБЕК,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар