Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Электрондық қызмет көлемі артып келеді - АРҚА АЖАРЫ

Электрондық қызмет көлемі артып келеді

Халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы «Халыққа қызмет көрсету орталығы» ҰАҚ-ның филиалы – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Ақмола облысы бойынша департаменті директорының орынбасары Нұрбек Қайыржановты әңгімеге тартқан едік.

Жалпы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету, мемлекеттік қызметтердің бірыңғай жеткізушісінің қызметін жүзеге асыру және мемлекеттік қызметтерді электронды түрде ұсыну үшін құрылған. Бүгінде мемлекеттік корпорация алдыңғы қатарлы цифрлық технологияларды қолдана отырып, мемлекеттік қызметтерді ұсынудың қолжетімділігі мен тиімділігін үнемі арттырып отырады.
– Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтер тізіліміне сәйкес халыққа 723 қызмет көрсетілді, оның 648-і мемлекеттік корпорация арқылы, 580-і «электрондық үкімет» порталы арқылы көрсетілді. Өткен жылы филиал 888 852 мемлекеттік қызмет көрсетті, оның 782 797-сі дәстүрлі жолмен көрсетілсе, 106 055-і электрондық қызмет көрсету арқылы жүзеге асты. Ал, 2018 жылы Ақмола облысында 1 174 691 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 723 878-і дәстүрлі, ал, 450 813-і электрондық түрде көрсетілген болатын, – дейді Нұрбек Әлібекұлы.
Енгізілген жаңа ақпараттарға қатысты айтатын болсақ, өткен жылдың бірінші қарашасынан бастап мекен-жай анықтамасы мемлекеттік қызметтер тізілімінен шығарылды. Сондықтан, осы өзгерістер күшіне енгеннен кейін азаматтардың тұрғылықты жерінен мекен-жай анықтамаларын сұратуға жол берілмейтін болады. Ұялы телефондар базасында тіркеуді дербес жүргізуге болады. «Жеке кабинетте», «телефон» бағанында телефон нөмірін көрсету не өзгертуге және электрондық сандық қолтаңбаны (ЭСҚ) растауға немесе мемлекеттік корпорацияның кез-келген алдыңғы кеңсесімен байланысуға болады. Қазіргі уақытта 60-қа жуық мемлекеттік қызметті бір жолғы пароль арқылы электрондық сандық қолтаңбаны қолданбай алуға болады екен. Бүгінде әлеуметтік желілердің танымал болуына байланысты мемлекеттік қызметтерді алу үшін қосымша ыңғайлы қызметтер құрылды. Әсіресе, Telegram Bot 20 мемлекеттік қызметке қол жеткізе алса, ВКонтакте чат блогы арқылы – 19 қызметке, ФБ-да 15 қызмет қолжетімді екен.
Мемлекеттік қызметтер бөлімдерінің қызметкерлері электрондық үкіметті, Telegram Bot, FB, VK, Egov Mobile жаңа қызметтерін кеңінен насихаттау үшін үнемі жұмыс үстінде. Сондықтан халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерінің белсенді жұмысының арқасында Telegram Вot қолданушыларының саны 86 809 адамға жеткен. Өткен жылдың қыркүйегінде облыс орталығының мамандары денсаулық сақтау органдарын, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін, сондай-ақ, Ақмола облысының мамандары сауда үйлерін, мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерді аралап, ондағы жұмыстардың жүйелі жүргізілуін қадағалаған. Сондай-ақ, азаматтарды оқытудың қорытындысы бойынша оларға электронды куәліктер беріледі. Жалпы алғанда, өткен жылы облыс бойынша оқытылған азаматтарға 96 918 электронды сертификат дайындалып, тапсырылды. Бұл – азаматтар тіркеуге және емтихан бөлімшелерінде (РЭП) жұмыс істеу дағдыларын үйренуге мүмкіндік алады деген сөз. Сонымен қатар, бұдан былай мемлекеттік қызметтер бөлімдеріне бармай-ақ, жедел мессенджерлердің көмегіне жүгінуге болады. Мұның өзі бір жағынан қызмет алушылардың уақыттарын да үнемдейтіні анық.
Өткен жылдың қыркүйегінде «Egov Mobile» электрондық үкіметтің мобильді қосымшасының жаңа нұсқасы іске қосылды. Қазіргі уақытта «Egov Mobile» стандартты қосымшасында 26 қызмет енгізілген. Жаңа мобильді қосымшаны пайдаланушылардың ұялы құрылғыларында ЭСҚ-ны қолдану процесі айтарлықтай жеңілдетілген. «Egov Mobile» электрондық цифрлық қолтаңбаны 4 таңбалы пин-кодпен және құрылғының енгізілген биометриясымен байланыстыруға мүмкіндік береді. ЭСҚ-ны PIN-кодқа және биометрияға енгізгеннен кейін қызметтерді авторизациялау және алу кезінде әрдайым ЭСҚ-ны таңдап, парольді енгізуге алаңдамайтын боласыз. Жаңа «Egov Mobile» мобильді қосымшаның өзінен ЭСҚ беру немесе қайта шығару функциясы бар. Оны қолданыстағы куәліктерді пайдаланушының пошта жәшігіндегі хаттан жүктеуге болады. Мұны істеу үшін клиенттегі сандық қолтаңба файлдары бар хатты ашыңыз, файлдарды мобильді қосымшаларға жүйелі түрде сақтаңыз. Мерзімі аяқталғаннан кейін мобильді қосымшадан ЭСҚ-ны қайта шығаруға болады. Жалпы, осылай қыркүйек айынан бастап өткен жылдың соңына дейін «Egov Mobile-да» 9 124 пайдаланушы тіркелген екен.
Қазіргі уақытта «Электрондық үкімет» порталында жүргізуші куәлігін беруге және көлік құралын тіркеуге болады. Сонымен бірге, электрондық үкімет порталы арқылы Қазақстан Республикасы азаматтарының тұрғылықты жері бойынша тіркеу қызметін алуға да мүмкіндік мол.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» және «Қазпошта» АҚ eGov.kz порталына ұялы телефон балансынан айыппұлдарды, алымдарды және басқа төлемдерді төлеу қызметін іске қосты. Яғни, баланста ақшасы бар Kisel және Beeline ұялы байланыс операторларының абоненттері айыппұлдарды, баждарды және басқа төлемдерді банктік картаны пайдаланбас-тан төлей алады. Ол үшін сіз қызметті алу кезінде «Ұялы телефонның балансын пайдаланып төлем жасау» әдісін таңдауыңыз керек. Клиент өзінің деректері мен ұялы телефон нөмірін енгізгеннен кейін, растау үшін бір реттік SMS паролін алады, нәтижесінде айыппұлды онлайн арқылы төлеу жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, төлем туралы түбіртек eGov.kz-тің «Менің аккаунтымда» жеке кабинетінде сақталады. Жаңа әдіске қосымша төлемдерді төлем картасы немесе электронды әмиянның көмегімен жүзеге асыруға болады. Сондай-ақ, проактивті қызметтер үшін SMS-хабарлама арқылы баланың тууын тіркеуге, жәрдемақы алуға өтініш беруге, тіпті баланы балабақшаға орналастыруға да болады. Ол үшін медициналық мекемеден хабарлама келген соң, ақпараттық жүйе бала туғаннан кейінгі бір күн ішінде қызметті алушыға қызмет көрсету үшін қажетті ақпаратты кезең-кезеңімен сұрау салынған құттықтау SMS-хабарлама түрінде жібереді. Қызметті ұсыну үшін қажетті ақпарат әртүрлі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынады, ал, жеткіліксіз мәліметтің баланың анасынан SMS-сұраулар арқылы алынатыны қысқаша мысалдармен көрсетілген.
Департамент директорының орынбасары Нұрбек Әлібекұлы әңгіме барысында бірнеше мемлекеттік қызметтерді бір жолмен алуға болатын «бір терезе» қағидатының іске асырылуына да тоқталды. Мысалы, енді зейнеткерлікке «Бір қосымшаны» толтыру арқылы шыға аласыз. Бұрын бұл үшін халыққа қызмет көрсету орталығына үш рет барып, төрт өтініш жазу керек болатын. Бұл да біршама жеңілдеді. Оған қоса, жақында оңтайландыру аясында 55 түрлі мемлекеттік қызмет 21 құрама қызметке біріктірілетін болады. Мемлекеттік корпорация мемлекеттік қызметтерді көрсетуді жаңа технологиялардың көмегімен одан әрі жетілдіре береді. Сонымен бірге, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында биометриялық мәліметтер, яғни, саусақ іздері негізінде мемлекеттік қызметтерді ұсынатын жоба іске қосылды. Бұл жағдайда алдын ала мәліметтер арнайы мәліметтер базасына енгізіледі. Кейін сәйкестендірудің бұл түрі бүкіл елде іске қосылады, яғни, қызмет алушылар ЭСҚ-мен бір реттік парольдерді пайдаланбайды. Оның орнына бұдан былай саусақ ізі жеткілікті болады.

Әңгімені жазып алған
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар