Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі

Достық үйінде Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.

Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мәрзият Тохаева жәрмеңкенің негізгі мақсаты жастар арасында жұмыссыздықты азайту, оларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Жәрмеңкеге «Новопэк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Тыныс» акционерлік қоғамы, «Вертикаль», «Зеленстрой» серіктестіктері және басқа да ірі кәсіпорындардың өкілдері мен жоғары оқу орындарынан, колледждерден жұмыс мәселесін біле келген 100-ге жуық студент қатысты.
Жәрмеңке барысында келушілер жұмыс берушілермен тікелей сөйлесіп, алдын ала әңгімелесуден өтіп, сауалнама мен түйіндемелерін толтырды.
Жастар «Тыныс» және «Вертикаль» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріндегі бос жұмыс орындарына көп қызығушылық танытты. Көкшетау жоғары техникалық колледжінің қыздары да «Новопэк» серіктестігіндегі тігінші мамандығы бойынша жұмыс орындарын тапты. Жұмыс берушілер оларға жұмысқа қабылдау шарттары туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Колледж студенті Кристина Острешко:
–Біз «Новопэк» кәсіпорнынан кеңес алдық. Бізге тәжірибеден өтетін орын ұсынды. Негізі жақсы ұсыныс. Бұл кәсіпорын жалақысымен, тұратын жатақханамен қамтамасыз ететіндігімен, тәжірибенің өзінде табыс табуға болатындығымен қызықтырып отыр, – дейді.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің өкілдері жастардың мемлекеттік қызметке орналасу ережелері туралы айтса, Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының, Көкшетау қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары кәсіпкерлік, кәсіби бағдар мен қайта оқытуды жүзеге асыру
мәселелері бойынша кеңес берді.
Жәрмеңкеде Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының волонтерлік қозғалыс орталығы мен «Вертикаль» серіктестігі арасында агроөнеркәсіп саласында ауыл жастарын оқыту орталығын құру және волонтерлерді маусымдық жұмысқа тарту туралы меморандумға қол қойылды.
Осылайша бос жұмыс орындары жәрмеңкесі барысында жастар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат алды, ал, кәсіпорындар өздері үшін тиісті қызметкерлер мен мамандарды қарастырды.
Жәрмеңке қорытындысы шығарылған жиында жұмыс берушілер ассамблеяға осындай іс-шараларды одан әрі де өткізіп тұруды, бұл туралы тек халыққа алдын ала белсенді түрде хабардар етуді ұсынды.

Айтолқын АМАНГЕЛДІ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар