Адамның өмірі мен қауіпсіздігі – күнде назарда болатын ең басты мәселе
Жыл сайын әлемнің барлық елдерінде 1 наурыз Халықаралық азаматтық қорғаныс күні ретінде аталып өтіледі. Мұның өзі сонау 1972 жылдан Халықаралық азаматтық қорғаныс қоғамы құрылған күннен бастау алып келеді.
Сол жылдан бастап аталмыш құрылым түрлі мемлекеттердің үкіметтік ұйымдарымен бірлесіп, табиғи және техногендік тұрғыдағы төтенше жағдайларды ескертіп, алдын алуда және оның салдарын жоюда көп қырлы үйлестіру жұмысын атқарады. 1996 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымының толыққанды мүшесі болып саналады және оның қызметінің негізгі бағыттарын іске асыруға белсенді араласады.
Бүкіләлемдік азаматтық қорғаныс күні өзге елдермен қатар, қазақстанда да халықаралық ынтымақтастық тұрғысынан да, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар қызметінің нәтижесін шығару күні ретінде ойластырылған. Осы орайда, үстіміздегі жылдың басты тақырыбы – «Азаматтық қорғаныс және алғашқы көмек әрбір үйде».
Ақмола облысында ағымдағы жылдың 15 ақпаны мен 25 наурызы аралығында азаматтық қорғаныс саласының айлығы өтуде. Айлық барысында азаматтық қорғаныс қызметін насихаттауға, қазіргі қоғамның маңызды мәселелеріне назар аударуға бағытталған кешенді іс-шараларды жүзеге асыру жоспарланған. Білім беру мекемелерінде ашық және интерактивтік сабақтар, «Назар аударыңыз!» дыбысына объектілік машықтанулар ұйымдастырылып, Көкшетау техникалық институты мен Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің шұғыл құтқару жасағы және өрт сөндіру қызметінде ашық есік күндері өткізіледі.
Мұндай шаралардың адамдардың өмірін жалмап, материалдық шығын келтіретін түрлі табиғи және техногендік апаттар мен төтенше жағдайлардың алдын алуда маңызы зор. Елімізде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға сенімді тосқауыл қойып, зардап шеккендерді эвакуациялау үшін Азаматтық қорғаныс жүйесі құрылған.
Жер бетіндегі әрбір адам, 1 наурыздың қандай күн екеніне назар аударып, ортақ күш-жігерімізді, мақсатты жұмыс барда, өз өмірінің толық қауіпсіздікте екеніне сенімді болуы керек. Осы сәтті пайдалана отырып, аса жауапты да мәртебелі мамандық иелеріне еңбекте табыс, отбасында амандық-саулық тілеймін!
Динара ЕСЕНБАЕВА,
Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің
баспасөз хатшысы.