Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Екі елдің арасын жақындатқан азамат - АРҚА АЖАРЫ

Екі елдің арасын жақындатқан азамат

Облыс орталығындағы «Санги-Кабуд» тәжік орталығының бастамасымен биыл Тәжікстанда Қазақстан жылын өткізу жоспарланып отыр. Этномәдени бірлестік төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Умар Шоназаровтың айтуынша, наурыздың 21-22 күндері Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында осы елдегі және көршілес мемлекеттердегі қазақ диаспораларының қатысуымен Ұлыстың Ұлы күні атап өтіледі.

–Тәжікстанда Қазақстан жылын өткізу туралы бастамамызға Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Тәжікстандағы Қазақстан елшілігі және Зәуре Саминова төрайымдық ететін «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігіне біріккен Тәжікстандағы қазақ диаспорасы қолдау білдіріп отыр. Наурыз мерекесінде қазақтың мәдениетін, салт-дәстүрін көрсетеміз. Тәжікстандағы қазақ диаспорасының арасында қазақтың ұлттық өнерін жаңғыртып жүрген керемет қолөнер шеберлері бар. Солар осы тойда өз қолөнер туындыларын ұсынбақшы. Сонымен қатар, ақшаңқан киіз үй тігіп, қазақ ұлттық тағамдарынан дастархан жаямыз. Тәжікстандағы Қазақстан жылына орайластырылған іс-шараларымыз мұнымен тоқтап қалмайды. Сәуірде Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай халықаралық конференция өткіземіз, – дейді Умар Шоназаров.
Конференция барысында Тәжікстанның белгілі ғалымдары Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайлы баяндамалар жасаса, тәжік жастары ақынның өлеңдерін қазақ тілінде, ал, біздің елден барған жастар тәжік тілінде оқиды. Абайдың өлеңдерін нақышына келтіріп оқыған жастар «Санги-Кабуд» тәжік орталығының арнайы сыйлығымен марапатталады. Осылайша Тәжікстандағы Қазақстан жылына арналған іс-шаралар легі одан әрі әлемге әйгілі ғұлама ойшыл Әл-Фарабидің 1150 жылдығына байланысты ауқымды шаралармен жалғасын табатынын да әңгіме барысында білдік.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Тәжікстанда 3500-ге жуық қазақ тұрады екен. Осы ретте, Умар Шоназаровтың айтуынша, біздің облысымызда тұратын тәжік ұлтының өкілдері 470 адамды құрайды. Тәжік диаспорасын, әсіресе, еліміздің оңтүстік аймақтарында көптеп кездестіреміз. Республикада «Қазақстандағы тәжіктер диаспорасы», «Пяндж», «Ынтымақ», «Жамбыл», «Шарак», «Сомониен-солтүстік» атты тәжік қоғамдары бар.
–Облысымызда тұратын тәжіктердің барлығын жақсы танимын, үнемі араласып тұрамыз. Көбі Көкшетауда шоғырланған. Щучинск, Атбасар қалаларында, Зеренді, Аршалы аудандарында да бірен-саран тәжік бар. Еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында 3500-ден астам тәжік тұрады. Олармен де байланыстамыз, – деген Умар Файзудилович өзі төрағалық ететін «Санги-Кабуд» тәжік орталығының ашылғанына көп уақыт өте қоймағанын айтады. Бүгінгі таңда облысымызда 18 этносты біріктіретін 50-ге жуық этномәдени бірлестік бар десек, солардың ішінде ең жасы осы тәжік орталығы. Қазақшаға аударғанда атауы «Көкшетау таулары» деген мағынаны білдіретін бұл бірлестік 2017 жылдың қараша айында ашылған болатын.
–Өзім еліміздің көптеген облыстарында болдым. Олардың біразында, атап айтсам Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Шымкент қалаларында тәжік орталықтары барын көріп, өзіміздің Көкше жерінде де сондай ұйым болғанын қаладым. Достық үйінде этномәдени бірлестіктердің алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдайлар жасалған. Біздің бірлестік негізінен, жастармен жұмыс істейді. 1700-ден астам жұмысшы жастардан құрылған «Ақмола жастары» деп аталатын спорттық қозғалысымыз бар. Өткен жылы біз құрған футбол командасы халықаралық турнирде жеңімпаз атанды. Бурабай ауданындағы Николаевка селолық округінде волейбол командасын да құрдық. Әр ұлттың өкілі болғандарымен, жастарымыздың бір-біріне деген қарым-қатынасы жақсы. Ортақ әлеуметтік желіде бәріміз таза қазақша сөйлесеміз. Кімнің қандай мәселесі болса, жасырмай айтып отырады. Ауыл жастарына қолымыздан келгенше көмектесуге тырысамыз. Жуырда менің бастамаммен Достық үйінде бос орындар жәрмеңкесі өтті. Ол жерде ауыл жастарына арналған оқыту орталықтарын ашу жөнінде екі ірі агроөнеркәсіп кешенімен меморандумға қол қойдық, – деген Умар Файзудилович бізбен әңгімесінде ұйымның басты мақсаты халықтар достығын, ұлтаралық келісім мен қоғамдағы тұрақтылықты нығайту екенін ерекше атап өтті.
Өткен жылы «Санги-Кабуд» тәжік орталығы Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланысты нығайту, елімізде мәдени-гуманитарлық шараларды өткізу бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан жоғары бағаға ие болған. Умар Файзудиловичтің Үкіметаралық комиссияның мүшелігіне еніп, Қазақстанның агроөнеркәсіп саласына 30 миллион доллар көлемінде инвестиция тартуы, көптеген қайырымдылық істері осы сөзіміздің дәлелі болса керек.
Осы орайда, сонау Душанбеде төл мерекеміз Наурызды, ұлы ақынымыз Абайдың 175 жылдығы мен әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өту туралы бастама көтерген тәжік ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Умар Шоназаровтың өз жеке басы туралы кеңірек айта кетсек, артық болмас. Умардың әкесі әскери борышын өтеуге Қазақстанға жіберіліп, кейін осында болашақ жарымен танысып, екеуі шаңырақ көтерген екен. Отбасы ұзақ жыл Бұланды ауданында тұрған. Кейіпкеріміз Макинск орта мектебін тәмамдағаннан кейін К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясына оқуға түскен. Кәсіби спортшы, қазақ, араб, парсы тілдерін жетік біледі. «Санги-Кабуд» тәжік орталығына жетекшілік етумен қатар, ол Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы кәсіпкерлер қауымдастығын басқарады. Әңгіме барысында кейіпкерімізге:
–Алғыс айту күні қарсаңында қазақ халқына қандай тілек айтар едіңіз? – дегенімізде, Умар Файзудилович ерекше толқыныспен былай деп жауап берді:
–1 наурыз – Алғыс айту күні біз үшін ерекше мейрам. Тәжік халқы қазақтардың жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпайды. 1993-1998 жылдары Тәжікстанда сұрапыл соғыс болғанда, тәжік халқы бауырлас Қазақ елінің көп жақсылығын көрді. Террористік ұйымдар бас көтеріп, мемлекетті құлатқысы келген еді. Бұл соғыс 200 мың адамның өмірін қиды, 500 мыңға жуық бала жетім қалып, бір миллионнан астам адам елден кетуге мәжбүр болды. Сол кезде Қазақстан тәжіктерден көмегін аяған жоқ. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Тәжікстанға арнайы сапармен барып, республика Президенті мен оппозиция тарапын кездестіріп, содан кейін ғана елде тыныштық орнады. Кеңес Одағының құрамынан жаңа ғана бөлініп шыққан, әлі аяққа нық тұра қоймаған Қазақстан мемлекеті сол жылдары басына күн туған тәжік халқына ең бірінші болып қолұшын берді. Басқа посткеңестік елдер Тәжікстанға авиажелілерді жауып жатқанда, Қазақстан «Өмірге жол» деп аталатын Алматы-Душанбе тікелей әуе рейсін ашты. Соның арқасында мыңдаған тәжік Қазақстан арқылы АҚШ, Еуропа елдеріне бас сауғалап, аман қалды. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастамасымен құрылған «Қазбат» бітімгерлік батальонының алғашқы миссиясы да тәжік жерінде өте күрделі жағдайда өтті. Осы миссия кезінде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің құрметіне Душанбеде  монумент тұрғызылған».
Умар Шоназаров келешекте Тәжікстанда Қазақ халқының музейін ашқысы келетінін айтты. Сонымен қатар, Сауд Арабиясындағы, Өзбекстандағы қазақ диаспораларымен байланыс орнатпақшы. Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай, футболдан жарыс, сонымен қатар, Бурабай ауданындағы Николаевка селолық округінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына орай, волейболдан облыстық турнир өткізуді жоспарлап отыр.
Халқымызда «Бірлігі күшті ел азбайды» деген дана сөз бар. Тәжік орталығында болған осы бір кездесуімізден ұйымның алға қойған мақсаты зор, тілегі біздің елмен бір екен деген ой түйдік.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар