Жақсылықтың қадірін білген жөн

1 наурыз – Алғыс айту күніне де бойымыз үйрене бастады. Елбасы көтерген жақсы бастама. Басқа ұлт өкілдері қазақ халқының өздеріне деген қамқорлығына жылына бір рет алғыс айтып, осы бір адал ниетімізді жоғары бағалай түссе, несі айып. Шынында да, басқа ұлттарға біздің елдегідей барлық жағдай кез-келген мемлекетте қарастырылып отырмағаны айдан анық қой.

Осы айтулы күні соны жан-жүрегімен түсінгендерден алғысты да естуін естіп жатырмыз. Ол үшін рахмет! Алайда, алаңдататын бір жағдай, кейбір ұлт өкілдері қазақ халқының басқа ұлттарға деген ақ көңілін түсіне бермейтін сияқты. Олар жылы сөзді еркінсу, өздеріне жасалған жақсылықты «өзіміз білемізге» әкеліп тірегендей.
Елмен бірге, мен де Жамбыл облысының Қордай ауданы Масанчи ауылында орын алған төтенше жағдайға қатты алаңдаушылық білдіретінім осыдан. Сол күнгі болған қайғылы оқиға меніңше, біраздан бері көрініс берген олқылықтардың салдары. Есірткінің заңсыз айналымы, контрабанданың және сыбайлас жемқорлықтың болуы мүмкін күрделі шекаралық аймақ саналғандықтан, мұндағы жағдайды жан-жақты қарастыру қажет. Мен бәрімізді күйзелткен жағдайды бір ғана тұрмыстық мәселелерден деп айта алмас едім.
Қалай десек те, бізге еліміздің тыныштығы қымбат. Қазақ халқы қашанда қонақжай, өзгеден ештеңесін аянбаған халық. Жер ауып келген басқа ұлт өкілдеріне ата-бабаларымыз өз қамқорлықтарын көрсетіп, құшақ жая қарсы алғаны тарихтан мәлім. Алайда, солай екен деп ауа жайылуға тағы болмайды. Басқа диаспоралар мемлекет құрушы ұлтты сыйлағанда, оның заңына бағынғанда ғана елде қалыпты тіршілік болады. Яғни, алдымен өздері отырған жерге деген көзқарас дұрысталуы керек. Сондықтан, осы жолы болған іске дұрыс баға беріліп, келешекте мұндай келеңсіздіктердің орын алмауының барлық жағдайы қарастырылады деп сенеміз. Жылда осындай Алғыс айту күні дүнгендер де қазақ жерінде ешбір жаманшылық көрмей отырғандарына тәубеге келіп, астамшылдықтың орнына өздерін ел қатарына қосып отырған жергілікті ұлтқа алғысын аянбас деген ойдамын.
Қанат БАЗАРОВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік
университетінің доценті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар