Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Интернет арқылы «жарылқаушы» алаяқтар көбейіп барады - АРҚА АЖАРЫ

Интернет арқылы «жарылқаушы» алаяқтар көбейіп барады

Қазақта «Күріштің арқасында күрмек су ішеді» деген сөз бар. Оңтүстікте, күріш өсіретін аймақта туып, өскендер жақсы біледі, ала жаздай суда тұратын бұл дақылды өсіру көп тер төгуді, қиындықты қажет етеді. Сонша бейнетпен өсірген күріштің арасына қайдан келгені белгісіз күрмек сияқты арамшөп қаптап өседі.

Атызды арамшөптен тазарту үшін оған қарсы түрлі химиялық улы препараттарды қолданудан бастап, қолорақпен ору, тіпті тамырымен жұлып тастау тәрізді тәсілдер де қолданылады. Соның бәріне қарамастан, жаны сірі күрмекті жою оңай болмайды. Адал ас саналатын күріш дақылының арасына қыстырылып шығатын арамшөп – күрмек сияқты, ақша жүрген жерде бүгінде қаптаған алаяқтар да жүретін болды. Оларды құқық қорғаушылар ұстап жатыр, соттап жатыр, бірақ жаны сірі арамшөптей алаяқтардың азаяр түрі көрінбейді. Уақыт өткен сайын заман талабына бейімделген қылмыскерлер жымысқы әрекеттерін жасауға интернетті, әлеуметтік желілерді, түрлі жарнамалық сайттарды да оңтайлы пайдалануда.
Павлодар қаласында тұратын 26 жастағы азамат интернетті пайдаланып, Ақмола облысының 21 тұрғынын ақшаларын алдап алып, тақырға отырғызып кеткен. Павлодарда отырып алып, Көкшетаудан пәтерді жалға беремін деп адамдарды тақырға отырғызған алаяқ «ОЛХ» жарнамалық порталын пайдаланыпты. Ақылы және тегін жарнама беру арқылы халыққа кең танылған жарнамалық портал үшін ең бастысы ақша табу, хабарландыру беруші адал адам ба, алаяқ па, оған бастарын ауыртпайды.
Осыны пайдаланған павлодарлық алаяқ «Көкшетау қаласында арзан бағаға пәтерді жалға беремін» деп жарнама береді. Пәтер іздеп табанын тоздырып жүрген қаладағы орта арнаулы, жоғарғы оқу орындарының студенттері жарнама иесіне жан-жақтан хабарласа бастайды. «Клиенттер көп, пәтер жалдағыңыз келсе алдын ала ақшасын төлеңіз» деген шартқа келіскен студенттер ол сұраған 30, 40 мың теңге көлемінде ақшаны кәртішкесіне аударады. Ақша алған соң жарнама берушінің телефоны өшіріліп, енді онымен хабарласу мүмкін болмай қалады. Осылайша арзанға пәтер жалдамақ болған 21 көкшетаулық ақшаларынан айырылып, алаяқтың құрбанына айналды.
Дәл осы «ОЛХ» жарнамалық порталын пайдаланған Өскемен қаласының 37 жастағы тұрғыны да осындай тәсілмен Көкшетауда пәтерді жалға беремін деп 11 ақмолалықты сан соқтырып кетеді. Ол әр клиентінен 15-45 мың теңге көлемінде алдын ала төлемақы алған.
Арзанға пәтер жалдаймын деген үмітінен, оған қоса, ата-анасының аузынан жырып берген ақшасынан айырылған студент жастар «садақа» деп қоя салмай, құқық қорғау органына арыз жазып, шағымданады. Каспиголд кәртішкесі, оған қоса, Ватсап сервисінің нөмірі белгілі алаяқтарды табу құқық қорғаушылар үшін оншалықты қиын болмайды. Адамдардың ақшасын алдап алып, еш жазасыз құтылып кетеміз деген қылмыскерлердің мақсаттары жүзеге аспады. Қазіргі күні павлодарлық және шығысқазақстандық алаяқтардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалуда. Айта кетерлігі, павлодарлық азамат бұрын да осындай алаяқтық қылмысы үшін сотталған екен.
Ресейлік интернет-бизнесмен Виктор Кочетовтың айтуынша, интернет арқылы адамдарды алдауға машықтанған алаяқтардың сүйенетін ең басты негізі – адамдардың бойындағы ашкөздік қасиеті көрінеді. Ашкөз адам сақтықты ұмытады, тез сенгіш болады. Осыны білетін алаяқ үйіп-төгіп жалған уәде беріп, адамдарды қызықтырады. Оңай жолмен ақша табамын немесе арзанға қажетті нәрсені сатып аламын деп үміттенген адам алаяқтың арбауына түсіп, ақшасынан айырылып, сан соғып қалып жатады. Шетелдік бір компанияға қомақты ақшасын салып, шаш-етектен табыс табамын деп үміттенген бір танысым қызметін тастаған еді. Қазір ақшасынан да, жұмысынан да айырылып, опық жеп қалды.
Жалпы, интернет арқылы адамдарды алдайтын алаяқтар қатары жыл санап көбейіп барады. Осы орайда қазақтың «көршіңді ұры тұтпа, өзіңе-өзің берік бол» және «сақтықта қорлық жоқ» деген аталы сөздерін әрдайым есімізде ұстағанымыз жөн болар еді. «Тегін ірімшік тек қақпанда ғана жатады» демей ме?!.

Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар