Ұлы Жеңіс 75

Майдангердің ерлік жолы

Әкем Құзайыр Абаев туған інісі Зубайырмен бірге 1942 жылы әскер қатарына алынған. Ржев-Вяземск, Смоленск және Белоруссия, Бранденбург бағытындағы шабуылдарға қатысып, Ұлы Жеңісті Берлинде қарсы алды.

Сұрапыл соғыстың Жеңіспен аяқталғанына 75 жыл өтіпті. Мына зымырап өтіп бара жатқан заман үшін көп уақыт емес те шығар. Алайда, бүгінгі және келер ұрпақ үшін Жеңіс күнінің тұғыры өте биік, оның танымдық сипаты өте зор. Сондықтан да, оның мән-маңызы әрбір адал жанның жүрегінен берік орын алды. КСРО халқының басына түскен алапат қиындықтар мен қайғы-қасірет елдің елдігін, ердің ерлігін танытты. Соғыс жылдарының ауыртпалығы Ресейдегі Түмен өңірінің жұртшылығына да оңайға түскен жоқ. Қаршадай баладан еңкейген қарияға дейін Отанын қорғауға ұмтылды. Миллиондаған кеңестік азаматтар қолына қару алып, майданға аттанды. Солардың қатарында бұрынғы Көкшетау облысы Володар ауданына қарасты Сарыбұлақ ауылында 1906 жылдың 9 қаңтарында дүниеге келген Құзайыр Абаев та болды. Ол ата-анасынан ерте айырылды. Ағаларымен бірге Ресейдің Түмен облысы Бердюшский ауданына қарасты Пегановский селолық кеңесінің Останкино деревнясына қоныс аударды.
Әкем жастайынан атқосшы болып, жолаушылар тасымалдады. Ұжымшардың малын бақты. Анамыз Нәрзәнгүл екеуі қол ұстасып, отбасын құрды. Ұлы Отан соғысы жылдары Түмен аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылып, 1942 жылдың шілдесінде Батыс майданының 222 атқыштар дивизиясына қарасты 774 атқыштар полкі құрамында зұлым жаумен ұрысқа кірді. 1941 жылдың 22 маусымында құрылған Смоленск-Бранденбург деп аталатын аталмыш дивизия Суворов орденімен наградталған екен. Ол кезде Батыс майдандағы 33 армияның құрамына көптеген полктер кіретін. Соның ішінде 774 атқыштар полкі де болды. Әкем жаумен жан аямай шайқасты. Ажалмен бетпе-бет келгенде де қайсар мінез танытып мойымады. 1942 жылы Ржевск-Вяземскіні, 1943 жылы Смоленскіні, 1944 жылы Белоруссияны, 1945 жылы Берлинді алу (Бранденбург операциясы) шабуылына қатысты. 774 атқыштар полкіндегі аға лейтенант Николай Сергеевич Улановскийдің ротасы (І-ші Белоруссия майданындағы 33 Армияның 222 Смоленск Қызыл Тулы атқыштар дивизиясы) 1945 жылдың 2 ақпанында Германиядағы Франкфурт қаласының оңтүстігіндегі Одер өзенін жүзіп өтіп, Кюстрица мен Франкфурт ауданындағы плацдармға ие болды. Бранденбург провинциясы аумағына басып кіру кезіндегі ұрысқа қатысып, үлгілі соғыс қимылын көрсеткені үшін Құзайыр Абаевқа Жоғарғы Бас қолбасшы, Кеңес Одағының маршалы Иосиф Сталиннің 1945 жылғы 31 қаңтардағы бұйрығымен алғыс жарияланды.
Бұл марапатты бөлім командирі, полковник Савчук № 01815 дала поштасымен жіберген екен. КСРО Қорғаныс Халық комиссарының №33 бұйрығында әкем кеудесінің оң жағынан және арқасынан жараланды делінген. Әкем Зубайыр інісімен бірге1945 жылдың 25 қыркүйегі мен 14 қазанындағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен әскер қатарынан босатылады. Алапат соғыс елге орны толмас, өшпес қайғы-қасірет әкелді. Қанды майданнан мыңдаған адам оралмады. Олар Ресей мен Украина, Белоруссия мен Балтық жағалауы, Польша мен Румыния, Австрия мен Венгрия, Чехия мен Словакия, Югославия мен Германия елдеріндегі бауырластар зиратына жерленді. Мыңдаған жауынгерлер мүгедек болып оралды.
Соғыс зардабы жоғарыдағы Останкино деревнясы мен Сарыбұлақ ауылының әр отбасына соқпай кеткен жоқ. Фашизмді талқандап, Ұлы Жеңіске үлес қосқан жерлестеріміздің есімдері ешқашанда ұмытылмақ емес. Біздің басты міндетіміз – олардың ерлігін мәңгі есте қалдыру. Бүгінгі күні көптеген елді мекендерде майданда қаза тапқандарға ескерткіштер орнатылып, жауынгерлік мұражайлар ашылған. Олардың есімдерімен көшелер аталады. Соғыс салған жара оңайлықпен жазылмайды. Осы орайда, билік соғыста хабарсыз кеткендердің, соғысқа қатысушылардың отбасына қолдан келген көмектің бәрін жасауда. Оларға материалдық көмек көрсетіледі. Отын-шөппен, азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен, қоғамдық көлікпен, курортпен тегін қамтамасыз етілуде. Көптеген майданда қаза тапқандардың отбастары мен соғыс және еңбек ардагерлеріне пәтер берілді. Әкем өзінің кір жуып, кіндік кескен ауылы Сарыбұлаққа 1959 жылы қоныс аударды. Зейнеткерлікке шыққанша мал шаруашылығында еңбек етті.
Әкем КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1985 жылдың 11 наурызындағы Жарлығымен ІІ-дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, сондай-ақ, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 20, 30 және 40 жылдығы мерейтойлық медальдарымен және КСРО Қарулы Күштерінің 60 жылдығы мерейтойлық медалімен наградталды. Әкемізді Әбілмәжін Әбділманов, Қабдуәли Бейсенқұлов, Серік Сәдуақасов сияқты өзге де ауыл ақсақалдары құрмет тұтатын. 1994 жылдың 6 наурызында 88 жасқа қараған шағында бұл өмірден озды.
«Болашақты болжағың келсе, бір сәт өткенге көз сал» дейді дана халқымыз. Бұл біле-білгенге мән-маңызы терең үлкен сөз. Өйткені, өткеніміз – біздің тек қана тарихымыз емес, ең алдымен рухани байлығымыз. Зердесі жоқ елдің болашағы да бұлыңғыр болады. Демек, зерде мен парыз ажырамас ұғымдар. Біз Жеңіс үшін жаумен айқасқан аға ұрпақтың, басын ажалға тігіп, көз жұмған асыл ағаларымыз бен апаларымыздың рухы алдында да мәңгі қарыздармыз. Бұл бүгінгі ұрпақтың, әсіресе, жас жеткіншектердің қасиетті борышы. Осыны жете түсінген Құзайыр Абаевтың ұлдары Дайыр, Қайролла, Зейнолла, Зубайырдың ұлдары Төлеген мен Сансызбай Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келді. Өмір – өзен. Бүгінгі күні Темірлан, Карина, Әмірлан, Әмина, Айзере, Аймира, Ерназар сияқты немере-жиендер сүйіп отырған жайым бар. Біздің бақытымыз үшін қан майданда от кешкен әкемнің ұрпағы осылай жалғасып келеді. Ұлы Жеңістің өлшемі тек қана уақыт емес. Ең бастысы Жеңістің зердемізден алатын орнында. Мұны ешқашан естен шығаруға болмайды!

Зейнолла АБАЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар