Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Құтты қонақ» Біржан елінде - АРҚА АЖАРЫ

«Құтты қонақ» Біржан елінде

Облыс орталығындағы Мәлік Ғабдуллин музейінің ұжымы ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған «Құтты қонақ» жобасы аясында Біржан сал ауданында болды.

Аудан аумағына кіре бергенде қолдарына бүркіт қондырған, соңдарына тазы ерткен саятшы топ кезікті. Жарау тазылар жылмаң қағады, қалың бұта көлегейлеп көмкерген қойтастардың астынан өрттей лаулап, сылаң етіп қызыл түлкі шыға келетіндей. Саятшылар да жанары жетер төңіректі жіті шолып, аң жүреді-ау деген тұстарды қағып келеді.
Ақ қардың үстінде айғыз-айғыз аң ізі сайрап жатыр. Мына бір тұстан орғып қоян өтіпті, әне бір жерде қарсақтың ізі сайрап жатыр. Атқа қонған азаматтардың көңілі көтеріңкі, таңғы тымық ауаның шілтерін серпіп кеукеулесіп келеді. Аңшылық қызық бір дәурен!
Үлгі ауылының тұсында асыға жортып келе жатқан ықшам киінген салт атты кезікті. Әуелі амандық-саулық сұрасқан. Қазақ мұндайда «қайда барасың?» деп сұрамайды, «жол болсын!» дейді. Салт атты жігіт аңшылар тобына қосылғалы асығып бара жатыр екен. Мән-жайды білген соң ат тізгінін іркіп, Абай хакімнің «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңін оқыған. Ақ көрпесіне қымтап оранған адырлы далада ақын сөзімен салған сурет қайта бір жаңғырып тұрғандай.
Музей қызметкерлері аудан азаматтарымен бірге Біржан сал бейітіне барып, мінәжат жасады. Көкше баурайындағы қалың елді Абай жұртымен байланыстыратын да осы Біржан сал. Әдейі іздеп барып Абай хакімнің үйінде қонақ болған. Түпсіз терең ғибратына бойлаған, мөлдір жылғадан сусындаған. Қазақ әнінің падишасы «ақыл қазығына» ат басын тіреп, алты ай жатса керек. Текті мен текті кездессе, тегін әңгіме айтыла ма? Ұлт мұратын ұлықтауды, жалпақ жұрттың уысын жақсылыққа жеткізер жолды қаузаған.
Степняк қаласындағы Абай атындағы мектепте шағын әдеби кеш өтті. Әншейін Абай өлеңдерін сыдырта жаттау емес, әр сөзінің астарындағы атан түйеге жүк болар мағына-мазмұнды талдады. Жас санаға жеткізе, сүйектеріне сіңіріп. Аудандық мәдениет үйінде «Абай даналығы сал-серілер мекенінде» атты әдеби-танымдық кеш өткізілді. Алдымен аудан көркемөнерпаздарының бар мүмкіндігін сарқа жұмсап дайындаған Абай мен Біржанның кездесуін бейнелейтін пролог ұсынылды. Қос алыптың кескіндері ғана емес, ішкі әлемдегі ұлтым деп соққан серпінді сезім шырғасы да жүрек лүпілдетіп, көркем көрініс тапты. Біржан салдың ұрпағы, аудан әкімі Ермек Нұғыманов кестеленген көркем сөзбен тылсым тарих қойнауындағы тамаша бір мезетті шақты баяндап шықты. Жалаң сөз емес, әр пікірін ғибраты ғаламат ақын өлеңімен шегелеп. Кейінгіге – мұра, ұрпаққа – өнеге мәңгілік мұраның мәйегі ұғынықты тілмен әсерлі баяндалған кезде құлақтан кіріп, бойды алады екен. Әнші бабасының Тобықтыға сапары толық тарқатылды. Содан соң аудан әкімі Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры, белгілі ақын Құдайберлі Мырзабекті ортаға шақырды. Сахна төрінде ақын әкімге қолқа салды. Қолқасы Абай өлеңдерін жатқа оқу. Әкім кідірген жоқ, нәшіне келтіріп, жиналған жұрттың жанын жақсылықпен жалаулататын өлеңнің толқын-толқын ырғағына берілді. Әкім бастаған өлеңді мектеп оқушылары жалғап әкетті. Аға буын бастаған аталы сөз жастық отымен лау-
лап, жалғасып жатты.
Кеш барысында Абай әндері орындалды, өлеңдері оқылды. Ғибратты мазмұны жіліктей жіктеліп, тарқатылып айтылды. Біржан еліне құтты қонақ келгендей болды осы күн!
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар