Жуырда Бурабай ауданындағы «Звездный» балалар сауықтыру орталығында облыстық «Тіл дарын-2020» байқауы өтті.
Байқауға Нұр-Сұлтан қаласынан және Ақмола облысының барлық аудандары мен Көкшетау, Степногорск қалаларынан 75 оқушы қатысты. Солардың ішінде Біржан сал ауданындағы Макин орта мектебінің 8-11-сынып оқушылары да бар. Байқау барысында оқушылар үш тілде мақал-мәтелдерді жатқа айтып, мағынасын түсіндірді, «мәдениеттаным», «ұлттаным» кезеңдері бойынша ұлы адамдардың өмірбаянын үш тілде әңгімелеп берді. Қазылар құрамы ұсынған тақырыптарға диалогтар құрып, өлеңдерді мәнерлеп оқыды.
Сайыс барысында қазақтың салт-дәстүрлері, тарихы, басқа да өзекті тақырыптар ескерілді. Осы байқауда біздің оқушылар жақсы нәтиже көрсетіп, Аяжан Қасымова мен Виктория Стаматова жүлделі 3-орындарды иеленді. 11-сынып оқушысы Татьяна Крамаренко байқауға белсене қатысқаны үшін мақтау қағазымен марапатталды. Ал, 9-сынып оқушысы Раббия Жасан байқау қатысушысы сертификатын алды. Осы шәкірттеріміз келешекте бұдан да жоғары жетістіктерге жететіндеріне сенімім мол.
Мәнсия ӘБЖАНОВА,
Макин орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Біржан сал ауданы.