Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Туған жерін қадір тұтқан - АРҚА АЖАРЫ

Туған жерін қадір тұтқан

мәдениеттік қос азамат ауылында жастардың «Ақтілек» мәдени орталығын салып берді

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов Бурабай ауданының 90 жылдық тарихы бар Мәдениет ауылында жаңа «Ақтілек» жастар мәдени орталығының ашылу рәсіміне қатысып, сөз сөйледі. Ол ауыл тұрғындарына облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың құттықтау хатын оқып беріп, қуаныштарының молая беруіне тілектестігін білдірді.

Құрылыс нысанына 40 миллион теңге қаражат құйған меценаттар ауылдың тумалары – Мырзабай Әбдіхалықов және Мүтәллап Жұманбаев. Сондай-ақ, бұл ғимараттың аз уақыттың ішінде бой көтеруіне, ел игілігіне қызмет етуіне жаста болса бас болған ауыл әкімдігінің бас маманы Ерқанат Таушев. Құрылыс басталғаннан басы-қасында жанашырлық танытқан тағы бір адам – Қанат Тәшенов және жаппай бір жұдырықтай жұмыла жүк көтерген ауыл тұрғындары. Көкіректерін қуаныш пен ризашылық сезімі кернеген ауыл тұрғындарының қайсысымен тілдессең де, жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұрғандай дән риза. Әрине, өз ауылдарынан шыққан ер азаматтар есейіп, дүниеге бір кірпіш болып қаланып, кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін құлазып қалған елді мекендеріне қол ұшын беріп, халық игілігі үшін еңселі ғимарат салып беріп жатса, шынында да құптарлық жайт емес пе. Таңертеңнен жаңа ғимараттың ашылуына жиналған жұртшылықта сан жоқ. Көңілді әуен жетегінде бірін-бірі көріп, қуаныштарын бөлісуде. Көп кешікпей күткен салтанатты шара да басталып кетті.
Осы ауылдың тумасы Ғалымжан Әбдіхалықов сөз сөйлеп, жүрекжарды лебізін білдірді.Ол:
–Ғасырға таяп қалған бір ғана Мәдениет ауылында тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосқан азаматтар жетіп артылады. Бұл ауылдан бес профессор, екі генерал, онға жуық полковник, бірнеше ғылым кандидаты. Социалистік Еңбек Ерлері және көптеген дарынды тұлғалар мен кәсіпкерлер шыққан. Тектілердің табаны тиген бұл жердің қашанда мерекелі де берекелі болатынының дәлелі ретінде осы ауылдан түлеп ұшқан қос ұлдарыңыз туған еліне осындай әсем ғимаратты сыйға тартып отыр. Бұл үлкен абыройлы іс. Ауылдың мәдениет ошағы дегеніміз жай ғана клуб емес, ол халқымыздың рухани дамуының, рухани жаңғыруының алтын бастауы. Ал, мәдениет орындарын салып, қолда барын жаңарту, ауылдың жағдайын жақсартуға бағытталған нағыз игілікті қадам. Осы мәдениет орталығы ауыл жастарының өнер үйреніп, шығармашылыққа қадам басатын және дем алатын орнына айналуына тілектеспін. «Ақтілек» мәдени орталығынан ешуақытта саналы сөз бен сазды әуеннің үні кетпесін, – дей келе, облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Одан әрі «Жаңбырмен жер көгерер, батамен ел көгерер» демекші, 95 жастағы ауыл ақсақалы Дулат Әбдірәшұлы бата беріп, мәдениет ошағының салтанатты түрде лентасын қию үшін ортаға облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов пен «Ақтілек» мәдени орталығының ашылуына үлесін қосқан Мүтәллап Жұманбаев шақырылды. Өз кезегінде Ғалымжан Кенжешұлы:
– Бүгін екі азаматымыз «Ақтілек» мәдени ошағын сыйға тартып жатыр. Өңірімізде дәл осындай игі шара биылғы жаңа оқу жылы басталғанда Қосшы ауылында да көрініс тапқан болатын. Онда кәсіпкер Сайра Матайбаева жекеменшік білім ордасын тұрғындарға тарту еткенін білесіздер. Бүгінгі шара соның дәстүрлі жалғасына айналуда. «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін» жүзеге асыруда барша қазақ елінің азаматтары ауылдарына көмектесіп, қол ұшын беруді жалғастырса, нұр үстіне нұр! Осыдан елдің өресі өсіп, туған жеріміз көркейе түсері сөзсіз, – деп осы ауылдың ертеңгі иелерінің бірі, оқу озаты кішкентай Дәмір Қарабайды да бірге лента қиюға шақырды. Әп-сәтте әжелер шашу шашып, күмбірлеген домбырадан күй төгілді.
«Биссмиллахи-рахмани рахим» деп сөз бастаған 95 жастағы атамыз Дулат Әбдірәшұлы:
– 650-ге жуық тұрғыны бар ауылымызда бір орталықтың жоғына қиналғанымыз жасырын емес. Қайғы мен қуаныш қатар жүретіні заңдылық қой. Жиын-тойда сабылып қалаға барушы едік. Жол да нашар, әсіресе, қыс мезгілінде қиынға соғатын. Ал, бүгінгі күні қос баламыз елге жанашырлық танытып, мәдениет ошағын сыйға тартумен қоса, бірі 70 орындық кіші, екіншісі 220 орындық үлкен залдан тұратын, біз үшін зәулім сарай салып берді. Болашақта балаларымыз осында өнер жолында өсіп-өніп, жиын-тойымыздыңда осы жерде өтетініне бек қуаныштымын. Бұған түгел ауыл-ел болып атсалысқан барша азаматтарға үлкен ризашылығымды білдіріп, менің жасымды берсін деймін, – деді.
Айтулы шараға Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев және Біржан сал ауданының әкімі Ермек Нұғыманов, тағы да басқа кәсіпкер азаматтар қатысып сый-сияпаттарын тарту етті. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Кенжешұлы осы ғимаратты салуға және оның ішін құрал-жабдықтармен, сумен, самаладай жарқыраған шамдармен қамтамасыз етуге ат салысқан барша ауыл тұрғындарының атын атап, Алғыс хаттармен қоса, сыйақылар тапсырды. Сонымен қатар, елден шыққан қос меценат Мырзабай Асанұлы мен Мүтәллап Оразұлына ауыл тұрғындарының атынан шапан жабылса, қос ұлдарының атынан үлкен ас берілді.
«Алтын бесік – ауылдың» көркеюіне әлі де өз үлестерін қосамыз, деген азаматтар да ақ тілектерін жаудырып жатты. Әсіресе, Мәдениет ауылына жол салу, спорт кешенін ашу шаралары алдағы күннің еншісінде. Бір байқағанымыз, ауыл халқының ауызбіршілігінің мықтылығы мен азаматтарының уәдесінде тұратыны, кіндік қаны тамған жерді қастерлеуі басқа да кәсіпкерлерге ой салатындай-ақ екен. «Ақтілек» мәдени орны ақ ниетті елдің көзайым қуанышына айнала бер!
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Мәдениет ауылы,
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар