Өткен жылдың басты оқиғаларының бірі Қазақстан Республикасы Президентінің ел халқына арнаған Жолдауы болды. Бұл құжатта ішкі саясатты, мемлекеттік институттарды нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, экономиканы жаңғыртудың және халықты әлеуметтік жағынан қамтамасыз етудің өзекті мәселелері көрініс тапты. Осы орайда, тілшіміз Жарқайың ауданының әкімі Мұрат Балпанға жолығып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде айтып беруін сұраған еді.
– Мұрат Сағатұлы, аудан еңбеккерлері өткен жылдың жоспарлары мен тапсырмаларын қалай орындады? Соның ішінде бюджет пен негізгі капиталға тартылған қаржы жөнінде айта кетсеңіз.
– Аудан бюджеті жүз пайыз игеріліп, салық түсімдерінің көлемі бойынша облыстық рейтингте үшінші орыннан көріндік. Мемлекет қазынасы 1,5 миллиард теңге салық түсімдерімен толықты, бұл болжам салық көлемінен әжептәуір артық. Салық көлемінің өсімі жыл бойы атқарған жұмыстардың жемісі. Бұл бағытта ауданда арнайы жұмыс тобын құрып, қырық алты жиын өткіздік. Нәтижесінде мемлекет қазынасына қосымша 58 миллион теңге салық түсті. Жыл қорытындысы бойынша ауданның негізгі капиталына 5,3 миллиард теңге инвестиция тартылды. Биылғы жылы бес инвестициялық жобаны жүзеге асыру есебінен 5,4 миллиард теңге қаржы тартылады. Мәселен, «Темірлан» серіктестігі Тасөткел ауылында тәулігіне 3 тонна сүт өңдейтін цех құрылысын жүргізеді. «Мотабар» серіктестігі Державинск қаласында 20 мың тонна астық сақтайтын элеватор салады. Жеке кәсіпкер Сыздықов аудан орталығында балалардың ойын-сауық орталығының құрылысын жүргізбекші. Тағы бір жеке кәсіпкеріміз Әлмұқанов Державинск қаласында 150 орындық «Ажар» мейрамханасын іске қосты. «АгроПродЖаркаин» серіктестігі аудан орталығында астық қабылдау пунктінің құрылысын қолға алды.
– Өнеркәсіпті ойлаған өңір құрылыс саласын да кенде қалдырмайтыны белгілі. Сіздің аудандағы жағдай қалай?
– Бізде өнеркәсіп кәсіпорындары 3,1 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Құрылыс жұмысының жалпы көлемі 1,5 миллиард теңгені құрады. Тұрғын үй құрылысына 350 миллион теңге инвестиция тартылып, 6601 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сөйтіп, 75 отбасына жаңа пәтердің кілті табыс етілді. Олардың арасында көп балалы отбасылар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, бюджет ұйымының еңбеккерлері, жас дәрігерлер, әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындар бар.
– Орта және шағын бизнес саласы экономиканың локомотиві болуға тиіс. Бұл сала сіздің өңірде қалай дамуда?
– Ауданда кәсіпкерліктің 1300 субъектісінде 4 мың адам жұмыс істейді. Оларда 284 жаңа жұмыс орны құрылды. Бөлшек тауар айналымы 100 пайызға орындалған жайы бар. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 15 меморандумға қол қойылып, күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтануына қол жетті. Нан бағасын тұрақтандыру үшін «Жарқайың НАН» серіктестігінің диірмен кешені пайдалануға берілді. Тәулігіне 5 тонна өнім өндіретін кәсіпорын аудан әкімдігінің тұрақтандыру қорын құру бағдарламасына белсене қатысуда. Аудан бойынша нанның орташа бағасы 85 теңгені құрайды. Ауданда 11 наубайхана жұмыс істеп, тәулігіне 4,5 мың бөлке нан пісіреді. Бұл аудан тұрғындарының қажеттілігін толық өтейді. Ет және сүт өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында аудан орталығында жәрмеңкелер өткізіліп, ондағы өнімдер нарық бағасынан 15-20 пайыз арзан бағамен сатылуда. Жыл басынан бері аудан орталығында осындай 12 жәрмеңке өткізіліп, 10 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі сатылды.
– Ал, енді ауданның агроөнеркәсіп кешенінің дамуы жөнінде не дейсіз?
– Өткен жылы мемлекет бұл саланы дамытуға 2 миллиард теңге қаржы бөлді. Есепті жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 39,2 миллиард теңгені құрады. Ауданның егіс алқаптарының 99,4 пайызына немесе 632 мың гектарына дәнді және бұршақты дақылдар сіңіріледі. Өткен жылы бұл алқаптар 5,2 мың гектарға кеңейтілді. Күзде ауа райының қолайсыздығына қарамастан, 574 мың тонна астық жинап алынды. Аудан диқандары 2,6 миллиард теңгенің 158 техникасын сатып алды. Сөйтіп, ауыл шаруашылығы техникасының паркі 37 пайызға жаңартылды. Ауыл шаруашылығының пайдалы бір саласы – мал шаруашылығы екені белгілі. Бізде былтыр бұл сала 38,7 миллион теңгеге субсидияланды. Ірі қара саны 102 пайызға өсіп, 12,6 мың басты құрады. Сондай-ақ, аудан шаруашылықтарында 23,9 мың қой-ешкі, 6,5 мың жылқы бағылады. Ет, сүт, жұмыртқа өндірісі 100 пайызға өсті. Өткен жылы 3172,8 тонна ет, 10727,7 тонна сүт, 2887,5 мың дана жұмыртқа сатылды. Қысқа 35,1 мың тонна шөп дайындаған болатынбыз. Біртіндеп мал тұқымын асылдандыруға да көңіл бөлінуде. Пятигорск селосындағы «Мадияр-К» серіктестігі 25 бас асыл тұқымды ірі қара мен бұқа сатып алды. Мал қорасын салды. Отрадный, Львовский, Үшқарасу селоларында да мал шаруашылығының дамуы жаман емес. Тасөткел ауылында 50 бас ірі қараға арналған тауарлы-сүт фермасы құрылды. Мұнда неміс технологиясы бойынша 3 тоннаға дейін сүт өңдейтін цех ашылды.
– Бүгінгі таңда жерді тиімді пайдалану да маңызды міндеттердің бірі. Бұл орайда, сіздің ауданда қандай жағдай қалыптасқан?
– Бізде де жүргізілген жұмыстың нәтижесінде иесіз жатқан 64,7 мың гектар ауыл шаруашылығы жері анықталды. Оның 12,5 мың гектары айналымға енгізілді. Бұған кәсіпкерліктің 7 субъектісі тартылып, жайылым жерлерден салық алынатын болды.
– Енді әңгіме арнасын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын дамыту жұмысына бұрсақ.
– Бұл жұмыс ауданда кезең-кезеңмен жүргізілуде. Бүгінгі күні бу қазандығын орнатудың техникалық-экономикалық негізі жасалуда. Орталық жылу беру жүйесіне 23 көп қабатты үй және жеке сектордың 10 нысаны қосылады. Жылу беру маусымына дайындық барысында бір шақырым жылу жүйесі мен 10 қазандық жөнделді. Қаланың жылу көздеріне 4 жаңа қазандық, шаң ұстағыш орнатылды. Биылғы жылы тағы төрт қазандық жаңартылып, 800 метрден астам жылу жүйесі тартылады. «Темірлан» серіктестігі Тасөткел ауылындағы орталық жылу жүйесіне 30 үйді қоспақшы. Державинск қаласында тазалағышы бар кәріз жүйесі қалпына келтірілді. Бұл жоба әлеуметтік сала нысандары мен көп қабатты тұрғын үйлерді қамтыды.
– Ауданда ауыз су және жол мәселесі қалай шешімін тауып жатыр?
– Бүгінгі күні аудан тұрғындарының 93 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Өткен кезеңде Бірсуат ауылында сумен қамтамасыз ету жүйесі салынды. Келешекте мұндай жүйе Шойындыкөл ауылында да салынады. Костычево мен Гастелло селоларында ауыз суды тазалау станциясы іске қосылды. Аудандағы жолдарды жөндеу өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Өткен жылы облыстық және аудандық маңызы бар 65 шақырым жол жөнделді. Державинск қаласында 14 шақырым жол, 7 автобус аялдамасы, 33 жол белгілері қалпына келтірілді. 3 мың шаршы метр жаяу жүргінші жолы салынды. 2019 жылы ауданда белгілі партия, қоғам қайраткері Ақпан Үкібаевтың 100 жылдық мерейтойы аталып өтілді. Осы шараның аясында аудан орталығындағы орталық бақ пен аллеялар қалпына келтірілді. Шағын сәулеттік мүсіндер орнатылып, 800 түп шырша отырғызылды.
– Әңгімеміздің соңында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы жағдайды білсек деп едік.
–Бұл салада 594 жаңа жұмыс орны құрылып отыр. Оның 340-і ауылдық жерлерде мүмкін болғанын да айта кету керек. Осының нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 5,4 пайызды құрады, ал, орташа айлық еңбекақы 112391 теңгеден айналды. Тиімді жұмыспен қамту бағдрламасы бойынша 21 адамға өз бизнесін ашуға 85 миллион теңге несие берілді. Осы орайда, аудан еңбеккерлері Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы маңызды міндеттерді түсініп, биылғы жылдың өткен жылдағыдан да табысты болуына күш сала түсетіні анық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген
Рамазан ТІЛЕУОВ.