Аудан әкімі Мұрат Балпан көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында кеңес өткізіп, аудандағы тиісті мекемелер осы бағыттағы іс-шараларды бекем қолға алуын тапсырды.
Жиында төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Ринат Бейсенбаев бүгінгі күні қарды сыртқа шығару жұмысы жүріп жатқанын айтты. Державинск қаласы мен барлық елді мекендерде 10 мың текше метрден астам қар шығарылыпты. Инертті материалдардың қажетті қоры дайындалған екен. Су өткізетін нысандарды қардан тазалау жұмысы басталыпты.
Аудан әкімі қалалық және ауылдық округ әкімдеріне, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне, ауданның коммуналдық қызметтеріне тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды су алмауы үшін су тасқынына қарсы алдын алу іс-шараларын жүргізуді тапсырып, тұрғындарды, ұйымдар мен кәсіпорындарды сенбілікке тартуға шақырды. Жолдарды су шайып кетпеу үшін республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың су өткізетін құбырлары тазаланатын болды. Сондай-ақ, аудан әкімі осы мәселе бойынша жедел штаб мүшелерінің тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастыруды, су тасқынының
алдын алу кезеңінде штаб отырысын өткізуді міндеттеді.
Боранбай КӨМЕКЕЙ.
Жарқайың ауданы.