Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ана деген ардақты атты биік ұстаған - АРҚА АЖАРЫ

Ана деген ардақты атты биік ұстаған

Көкшетау қаласында тұратын «Күміс алқа» иегері Құралай Жұмабекова туған балаларына ғана емес, өзгенің балаларына да жетерліктей аналық махаббатқа толы үлкен жүрек иесі. Алты баланы дүниеге әкеліп, тағы бес баланы бауырына басқан кейіпкеріміздің әңгімесін сүйсініп тыңдадық.

Рас, мейірім, махаббат, қамқорлық пен жомарттық адамға тән қасиеттер болғанымен, кез-келген адамның бойында табыла бермейді. Аналық махаббатты да Жаратқан ана болуға лайықты жандарға аманат еткен ғой деп ойланасың кейде. Өйтпеген жағдайда мына қоғамда тастанды балалар болар ма еді?! Көпбалалы ана Құралай Жұмабекованың айтуынша, ананың өзгелерден ерекшелігі – жүрек түкпіріндегі балаға деген шетсіз, шексіз махаббаты.
Кейіпкеріміз жұмыс бабымен балалар үйіне жиі барып тұрған екен. Сонда ата-ана жылуынсыз өсіп келе жатқан бүлдіршіндерді көргенде оның нәзік жүрегі қарс айырылатын. Сол сәттен-ақ «тастанды балалардың бәрін қамқорлығыма ала алмасам да, тым болмаса біреуіне аналық мейірімімді төксем ғой» деген ой көкейінде жүретін. Бірде бала асырап алу туралы ойын жолдасына айтқанында ол да қарсылық білдірмепті.
–Ана үйінде бала асырап алған отбасыларды қолдау орталығы болатын. Сонда жұмыс істеп жүргенімде балалар үйіне жиі барып тұрдым. Ондағы балалар іші-бауырыма кіріп, маған сырларын айтатын. Әсіресе, Татьяна деген қызды бірден жақсы көріп кеттім. Өзі өте ұқыпты еді. Бір күні екеуіміз әңгімелесіп отырғанымызда ол маған Көкшетаудағы колледждердің біріне оқуға түскісі келетінін, алайда, балалар үйінде өзімен бірге тәрбиеленіп жатқан інісін тастағысы келмейтінін айтты. Оның бұл сөзі ойымнан кетпеді. Оған қалай көмектессем екен деп көп ойландым. Сөйтіп, жолдасыма балалар үйіндегі жеткіншектерге бауыр басып қалғанымды айтқанымда, ол балаларды қонаққа шақырып, үй ішімізбен таныстыр деді. Бізге келгенде балалар менің туған балаларыммен тез тіл табысып кетті, – деген Құралай Жұмабекова алғашында балалар үйінің тәрбиеленушілерін туған әке-шешелерімен табыстырғысы келіпті. – Өйткені, балалар оған өз ата-аналары жайлы, олармен кездескісі келетіндерін жиі айтатын. Алайда, ата-аналары табылғанда, балалар туған әке-шешелерінің әлеуметтік жағдайлары төмен екенін, әрі өздеріне деген қарым-қатынастары салқын екенін көріп, олармен тұрғылары келмепті. Осылайша, жолдасы Рашид Жұмабеков екеуі 2017 жылы Сандықтаудағы балалар үйінен 10-15 жас аралығындағы Виктория, Татьяна, Альбина, Максим және Андрей есімді бес баланы асырап алған екен.
Осы күні өздерін бауырына басқан абзал аналарының арқасында сол балалар не ішем, не кием демейді. Оқуларын оқып жатыр. Тек, әкелері Рашид Жұмабековтың мезгілсіз қазасы отбасына өте ауыр қайғы болған.
–Тірі адам тіршілігін жасайды ғой. Отағасының орнын жоқтатпай, бір-бірімізге серік болып, ынтымақта өмір сүріп жатырмыз. Балаларым әкелерін қатты жақсы көретін. Бір күн де ауыздарынан тастамайды. «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, ұлдарым әкелерінен көп нәрсені үйренді. Асырап алған екі балам Максим мен Андрей дзюдомен айналысады. Жуырда Атырау, Қарағанды қалаларына жарысқа барып, жүлдегер болып оралды, – деген кейіпкеріміз екі баласын үйлендіріп, асырап алған бір қызын ұзатқан. Қалған сегіз баласы өзімен бірге тұрады.
–Ұлым Фархад 26 жаста. Үйленген. Одан кейінгі балам Расул да отбасын құрды. Елдарым Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің медициналық факультетінде оқиды. Қызым Виктория биыл «Арна» колледжін бітіреді. Татьяна тұрмыста. Ол да биыл колледждегі оқуын тәмамдайды. Ал, Альбина есімді қызым жоғары техникалық колледжде тігінші мамандығын меңгеруде. Ұлдарым Максим мен Андрей және қыздарым Диляраханым, Сәбирабану оқушы. Ең кенжем Мәриәмбибі бір жарым жаста, –деді аяулы ана.
Отбасының асыранды балалары әр ұлттың өкілдері. Максим молдован, Альбина шешен, Виктория украин, Андрей мен Татьяна орыс. Алайда, олардың бәрін бір анаға деген махаббат біріктіреді.Үйдің тірлігін бір-біріне сілтемей, бірге атқарады. Қыздар нанды үйде өздері қолдан илеп, пісіреді. Ұлдар отын жарып, пеш жағады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете біледі. Осының бәрі тәрбиенің арқасы.
Бүгінде көп балалы ана Құралай Жұмабекова Ана үйі қоғамдық қорының дағдарыс орталығының үйлестірушісі болып жұмыс істейді. Өзі көп баланы тәрбиелеп отырғанына қарамастан, мұндағы жалғызбасты аналарға да әркез қол ұшын беруге, ақыл-кеңесін айтуға тырысады.
–Адами қасиеттер бала бойына ананың сүті арқылы сіңеді. Сондықтан, ана болғаннан кейін ұстамды, сабырлы, мейірімді болу қажет. Ана үйіндегі келіншектерге, өз қыздарыма да осыны айтып отырамын, – деген Құралай Ғабдұлқамарқызынан сөз арасында Ана үйіндегі әйелдердің жағдайын да сұраған едік. Оның айтуынша, бүгінде мұнда 6 жалғызбасты ана, 7 бала және 2 жүкті әйел тұрады.
Ана үйіне жұмысқа келерден бұрын кейіпкеріміз бірқатар жауапты қызметтерді де атқарған. Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Новоишимка ауылында қайын ағасымен бірге балаларды өнерге баулу мақсатында балалар шығармашылық үйін ашқан. Одан кейін осы өңірде аудандық мәдениет үйінің директоры болды. Кейін жолдасының жұмыс бабымен Көкшетауға қоныс аударып, №17 орта мектепте директордың орынбасары қызметін атқарды. Білім ошағында алғашқы болып ассамблея ұйымын ашқан да осы кісі. Ақмола облыстық білім басқармасында да бес жыл қызмет істеді. Алайда, денсаулығына байланысты бұл жұмыстан кетуіне тура келіп, Ана үйінде жұмыс істеуге ұсыныс алған.
Осы ретте, облысымызда бірқатар балалар үйінің жабылуына кейіпкеріміздің де қосқан үлесін айтпай кетуге тағы болмайды. Құралай Ғабдұлқамарқызы Ана үйінде ең бірінші болып, бала асырап алған отбасыларды қолдау орталығын ашып, балалар үйінің 100 баласын өз қолымен жаңа отбасыларына тапсырған. Сол отбасылар осы бір аяулы жанға әлі күнге дейін алғыстарын айтып жатады.
Бізбен әңгіме барысында Құралай Ғабдұлқамарқызы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің түлегі екенін айтты. Марқұм жолдасымен студент кезінде танысып, 18 жасында тұрмысқа шығыпты. Жолдасы Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Новоишимка ауылының азаматы, ал, өзі Бурабай ауданына қарасты Кіндікқарағай ауылында 1973 жылы дүниеге келген.
–Жолдасым екеуіміз отбасылық өмірде қуанышты да, қиындықты да көрдік. Алайда, бір-бірімізді ешқашан ренжіткен емеспіз. Сонау 90-ыншы жылдарда әлеуметтік жағдай өте қиын болған кездің өзінде ұстамды болуға тырыстық. Ал, қазіргідей жағдайда жас отбасылардың ажырасып кетіп жатқанына жаным ашиды. Он екіде бір гүлі ашылмаған жап-жас қыздар қате басып, алданып қалып жатыр. Сұмдық-ай! Ана болғасын балаларыма алаңдаймын. Оларға ешкімнің ала жібін аттамаңдар, ешкімге жамандық жасамаңдар, ақ жолмен жүріңдер, біздің атымызға сөз келтірмеңдер деп аналық ақылымды айтып отырамын, – деген кейіпкеріміз барлық балаларын тең ұстайды. Әңгіме барысында оның балаларын өзімдікі, я асыранды деп бөле-жарғысы келмейтінін байқадық. Мақалада сондай сөздер аталып жатса, оны тек біз сұрағасын ғана айтқан абзал ана бос уақытында облыс орталығына жақын елді мекендерге барып, шаштаразшының қызметін атқарады. Көп балалы аналардың шашын тегін қиып жүр. Алдағы уақытта осы кәсібін әрі қарай жалғастырып, балаларымен бірге ортақ бизнес ашу ойында бар.
Құралай Ғабдұлқамарқызы жуырда «Нұр Отан» партиясының мүшелігіне қабылданып, Ақмола облысының әкімі, партия филиалының төрағасы Ермек Маржықпаевтың қолынан партия билетін алды. Сондай-ақ, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов көпбалалы ананың кеудесіне «Күміс алқа» алқасын тақты.
–Бала ата-анаға қарап өседі. Біз айнамыз. Олар бізден үлгі алады. Сондықтан, жақсы ана болу үшін балаға көңіл бөлу қажет. Күліп жүрсең, балалар да көңілді жүреді. Балаларымды барынша қолпаштап, мақтап, солардың арқаларында бақытты екенімді айтып отырамын, – деген аяулы анаға төл мерекесі қарсаңында зор денсаулық, қажымас қайрат тілеп, ұл-қыздарыңыздың және немереңіз Шахназардың қызығына бөленіп жүре беріңіз дегіміз келеді.
­Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар