Николай Илларионович Колбасов 1911 жылдың 21 желтоқсанында Сандықтау ауданының Максимовка селосында дүниеге келіп, 1943 жылдың 21қыркүйегінде майданда қаза тапқан.
Николай Колбасов соғыста гвардия кіші лейтенанты шенінде взвод командирі болды. Кеңес әскері қатарына шақырылғанға дейін Жезқазған қаласында тұрып, жұмыс істеді.
Жауынгерлік жолы Сталинград шайқасынан басталады. Соғыс тағдырын шешкен Курск шайқасында да ерлік көрсетті.
1943 жылдың 7 шілдесінде Белгород бағытындағы шайқастарда Колбасовтың взводы зеңбіректерін ашық позицияға шығарып, немістердің 70 «тигр» танкісіне қарсы ұрысқа кірісті. Жау үш рет шегініп, қайта шабуыл жасады. Колбасовтың взводы жаудың жаяу әскерлері тиелген 46 автомашинасын жойып жіберді. Сол жылдың 11 шілдесінде жау 150-ге жуық танкісі мен жаяу әскерін шоғырландырып, 288-гвардиялық атқыштар полкі қорғанысының сол қанатына шабуыл жасады.
Осы ұрыста қаһарман командир айнала қорғаныс ұйымдастырып, 100-ге жуық гитлершіні жайратып салды. Жау кейін шегіне бастады. Жерлесіміз өз қарамағындағы адамдарды қарсы шабуылға шығарып, жаудың танктері мен автоматшыларының қоршауынан алып шықты. КСРО Жоғарғы Кеңес Төралқасының Жарлығымен 1944 жылдың 22 ақпанында Звеногорск-Берлин атқыштар дивизиясы 199-шы гвардиялық артиллерия полкінің взвод командирі Н.Колбасовқа Белгород бағытындағы ұрыстарда батылдық пен ерлік көрсеткені үшін Кеңес Одағының Батыры атағы және ІІ-Дәрежелі Суворов ордені берілді. Батыр Украинаны азат ету жолындағы ұрыста ерлікпен қаза тапты. Ол Полтава облысының Дробиновка селосына жерленді. Жезқазған ауданының Қарсақбай поселкесіндегі бір көше Н.Колбасовтың есімімен аталады.