Зеренді ауданындағы Еленовка орта мектебінің оныншы сынып оқушысы Мәдина Асылбектің ақындық өнерге деген талпынысы бастауыш сыныпта оқып жүргенде-ақ басталған. Оның бойындағы осы талантты байқаған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мәншүк Шәймерденова қолынан келген көмегін беріп, шығармашылық жолында үлкен қолдау танытты.
Мәдина қазақ жазушыларының шығармаларын сүйіп оқиды. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясын оқығанда қазақтың ежелгі салт-дәстүрлері туралы көп ақпарат алды және бұл оның шығармашылығына да үлкен әсерін тигізген еді. Осы кітаптың әсерімен ол ұлы данышпан туралы өлеңін жазды. Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған аудандық конкурста ол жазған өлең 2-ші орынға ие болды. Ал, таяуда Шымкент қаласында өткен республикалық байқауда Мәдина тағы да үздіктер қатарынан көрініп, 2-ші орынды жеңіп алды. Жас ақынды осы табысымен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз.
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.
Суретті түсірген автор.