Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы болып өтті.
Күн тәртібінде кең талқыға түскен алғашқы өзекті мәселенің бірі жер телімдерін жалға беру. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына жүгініп келген ақмолалық шаруалар осы мәселеге байланысты өз ойларын ортаға салды. «Агроөнеркәсіп кешені саласындағы жер пайдалану мәселелері бойынша кәсіпкерлер кездесетін кедергілер» туралы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Расул Сыздықов баяндама жасады. Ол өз сөзінде «Казбиф ЛТД» серіктестігінде туындаған өзекті мәселені тілге тиек етті. Тарқатып айтар болсақ, аталмыш шаруашылық 2012 жылы мемлекеттік қолдау аясында Ақкөл ауданындағы жайылымдық жерлерді жалға алу туралы құжат рәсімдеген. Жыл сайын тиісті салық төлемдерін де төлеп келген. Алайда, жер телімі тағы басқа екінші тарапқа да жалға берілгені анықталып отыр. Бұл кәсіпкерлік субъектісінің құқығын өрескел бұзу болып саналады. «Кәсіпкерлер палатасының мамандары аталған мәселені қарастыру барысында құзырлы мекеме басшылары тарапынан жіберілген қателіктерді анықтады», – деді баяндамашы өз сөзінде.
Қазіргі таңда мемлекеттік мекемелердің жіберген олқылығынан Ақкөл ауданында 10 мың гектар жайылымдық жердің құжаттары деректер базасына тіркелмегені анықталып отыр. Жеті жыл бұрын орын алған өрескел заң бұзушылықты мемлекеттік мекемелер мойындағысы келмей, жауапкершіліктен қашып отырғанға ұқсайды. Ойлап отырсаңыз, он мың гектар жер дегеніңіз ұлтарақтай жер деуге келмейді. Оны білмедік, көрмедік дегеннің өзі қисынсыз.
Ірі қара өсірумен айналысатын шаруашылық нысаны жер телімін қоршап, құдық қаздырып, жайылымды игере бастаған екен. Алайда, аудандық бөлімдер шаруашылық нысанының қызметін елемеген сыңай танытады. Тиісті құжаттар мен жер картасы электронды деректер базасына енгізілмеген. Бұл заң бұзушылықтар жер телімдері туралы мәліметтерді «Қолдау» электронды базасына енгізу барысында анықталған. Аталмыш электронды ақпарат базасы ауыл шаруашылығы нысандарын субсидиялауда басты дереккөз болмақ. 2012 жылдан бері бұл мәліметтер не себепті ортақ деректер базасына енгізілмегені белгісіз.
Қазіргі таңда сот істері жалғасуда. Кәсіпкерлік нысанын келеңсіз жағдайда қалдырған құзырлы мемлекеттік мекемелер түрлі сылтау айтып, бір-біріне сілтеп бағуда. Заңмен белгіленген тәртіптің не себепті сақталмай отырғаны белгісіз. Мұның салдарынан 20-дан астам кәсіпкер жапа шегуі мүмкін.
Ақмола облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Нұрмұхамед Махитовтың айтуынша, электронды базада бұл аумақ бос жер телімі ретінде белгіленген. Ақкөл ауданының жер қатынастары бөлімі жайылымды жалға беру туралы конкурс жариялағанда бұл аумақтың өзге кәсіпкерлік субъектісі иелігінде екенін білмегенін алға тартады.
Кеңеске қатысушылар мұндай мәселе бұған дейін де бірнеше рет орын алғанын айтып отыр. Кәсіпкерлер палатасына бизнес субъектілерінен осы тақылеттес 10 шақты шағым түскен. Былтыр кәсіпкерге тиесілі жер телімін екінші бір заңды тұлғаларға ұсыну деректері Көкшетау қаласында, сондай-ақ, Зеренді ауданында анықталған еді.
Отырыс барысында мұнымен бірге, «БиБорд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2019 жылы ала алмаған 6 550 110 теңге мөлшеріндегі қосымша құн салығы бойынша тиесілі субсидия сомасын алу мәселесі де талқыланды.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.